Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тағы бір легіне “Бірлік” шағынауданынан жаңа үйлердің кілті тапсырылды.
Бүгінде аталған шағынауданда құрылыс жұмыстары қызған. Мұнда тасқыннан зардап шеккендерге 700 үй салынуда. Күні бүгін соның 150-ден астамы өз иелерін тапты. Қалғаны қазан айына дейін кезең-кезеңмен тапсырылады.
Қалалық қоғамдық комиссияның мәліметінше, осы уақытқа дейін баспанасыз қалған 2000-ға жуық адамның өтініші қаралған. Олардың ішінде 500 адам “Бірлік” шағынауданында салынып жатқан үйлерді алуға өтініш берген.
“Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай орындалып жатыр. Жаңа баспана қуаныш пен береке әкелсін. Қоныстарыңыз құтты болсын!” – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі – Жасұлан Әубәкіровтің үйі көктемде суға кетіп, тұруға жарамсыз деп танылған. Содан бері пәтер жалдап келген оның қуанышында шек жоқ.
– Үйіміз дөңде тұрғандықтан су келмейтін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ тілсіз жаудың келу қаупі жоғары болғандықтан, отбасымды қауіпсіз жерге көшірдім. Қауіптенгенімдей, кешке қарай үйге су кірді. Жалпы ескі үйіміз тар еді. Жаңа үйдің бөлмелері үлкен, кең, жарық екен. Отбасыма ұнады, – деді қала тұрғыны Жасұлан Әубәкіров.
Бұрын жазық дала болған “Бірлік” шағынауданы қазіргі таңда үлкен құрылыс алаңына айналған. Алдағы күндері шағынауданды толық абаттандыру, спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр. Құрылыс сапасы да қатаң бақылауға алынған. Әр үйге 2 жыл кепілдік беріледі. Сондай-ақ 90 балаға арналған балабақшаның құрылысы жүруде. Әлеуметтік нысан қыркүйек айының соңында тапсырылады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.