«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚ ҚОНЫП, ҚҰТ ДАРЫҒАН ҚЫЗЫЛЖАРЫМ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарлықтар қала күнін сән-салтанатымен атап өтті. Қаламыздың басты ала­ңында өңір тұрғындарының көзайымына айналған дәстүрлі халықаралық “QYZYLJAR – MUSIC FEST” фестивалі ұйымдастырылды. Тұрғындарды ерекше форматымен қы­зық­­тыратын фестиваль үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мерекелік шараларға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

Алдымен хореографиялық концерт көрермендерге жол тартты. “Туған жер”, “Қуана­мын”, “Sensitive”, “Diamonds”, “Әде­мі-ау”, “Мәңгілік”, “АССА Petropavlovsk” би ансамбльде­рінің ғасырлар үнімен үндескен әсем әуеннің ырғағына тербе­ті­ле билеген билері көрермен­дердің көңілінен шықты.

– “QYZYLJAR – MUSIC FEST” фестивалінің өтуіне өңірдегі алты ұжым атсалы­суда. Аталмыш іс-шара хорео­гра­фиялық, классикалық де­ген екі бөлімнен тұрады. Аста­на, Мәс­кеу қалаларынан, со­нымен қа­тар Аргентина, Италиядан кел­ген өнерпаздар өнер көрсетті. Мұның бәрі қала тұрғындарына тамаша көңіл күй сыйлау мақса­тында ұйымдастырылды, – деді об­лыстық мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқа­ру­шы Санат Әубә­кіров.

Қызылжардың ашық аспа­нын әнге бөлеген өнерпаздар тың­дарманның жүрегіне терең бойлады. Музыка атты сиқырлы әлемнің сұлулығы мен ұлылы­ғын паш ететін фестивальдің кла­сикалық бөліміне жиналған жұртшылықтың көптігі сонша­лық, бас алаңда ине шаншар орын болмады. Музыкалық кеш­те отандық және әлемдік музыка мәдениетінің алтын қорына ай­налған озық туындылар орын­далды.

– Еркеғали Рахмадиев атын­да­ғы мемлекеттік академиялық филармония жанындағы сим­фо­ниялық оркестрдің, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның, шалқар шабыт иесі Де­нис Шаповаловтың көрсеткен өнерлері қатты ұнады. Мерекелік кештен тамаша әсер алдым, – дейді қала тұрғыны Қанат Жәу­літбаев.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бе­тов “QyzyljarArt center” ор­талығында өткен мерекелік іс-ша­раға барды. Мұнда меймандар назарына “Теріскей” фоль­клорлық ансамблі дайындаған концерттік бағдарлама көрсетіл­ді. Өңір басшысы сәндік-қолдан­балы өнер бұйымдары жәрмең­кесін, “Open air” әдеби қонақ бөлмесі мен Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Алек­сандр Листопадныйдың “Менің туған қалам” және қала тарихы­нан сыр шертетін “Ойшыл да нә­зік менің өлкем” көрмелерін тамашалады.

“Open air” әдеби қонақ бөл­месінде И.Шухов атындағы орта­­лық қалалық кітапхана “Сен ту­ралы, менің сүйікті қалам” атты поэзия кешін өткізді. Кітапхана директоры Гүлназия Бикенова қала тарихы ақындардың жыр­ла­рымен сабақтасатынын жет­кізді.

– Жергілікті ақындар Қызыл­жарға арнаған өлеңдерін оқыды. Қаламгерлердің шығармашылы­­­ғымен танысуды мақсат тұт­қан­дардың қатарында есімдері өңір­ге белгілі еңбек ардагерлері бол­ды. Шекарамыздың шебінде тұр­ған сүйікті қаламыз талай ақын­ның шығармасына арқау бол­ған, – дейді Гүлназия Би­кенова.

Бұл күні Сәбит Мұқанов атын­­дағы облыстық қазақ саз­ды-драма театрында “Әнім де сен, жырым да сен – QYZYLJAR” деген атаумен галаконцерт өтті.

– Бәріміздің алтын бесігімізге айналған Қызылжар – құтты мекен. Қала күні құтты болсын! Қаламыздың дамуына сіздердің қосып отырған үлестеріңіз ора­сан. Бүгін Орталық алаңда, өзге де мәдениет ошақтарында ру­хани кештер ұйымдастырылуда. Жерлестеріміздің рухын асқақ­та­ту үшін мәдениет саласын да­мыту маңызды. Сондықтан да ру­ханиятқа көбірек көңіл бөлуіміз керек, – деді өңір басшысы Ға­уез Нұрмұхамбетов.

Салтанатты сәт үстінде “Есіл өңірі – ән бесігі” атты “Үздік ауыл­­дық мәдениет мекемесі – 2024” атты облыстық байқаудың жеңімпаздары да анықталды. “Шығармашылық ізденіс” ата­лымы Шал ақын ауданына бұ­йырса, Біржан сал атындағы арнайы жүлдені Жамбыл ауда­ны қанжығасына байлады. Жүл­делі үшінші орынды Тайынша ауданы, екінші орынды Мамлют ауданы ие­лен­ді. Бірінші орын Ғабит Мүсірепов атын­дағы ау­данға бұйырды. Ал Есіл аудан­дық Мәдениет үйі 2024 жылдың “Үздік ауылдық мәде­ниет меке­месі” деп таны­лып, ұжымға “Га­зель NEXT” ав­то­мобилінің кілті табысталды.

Қала күніне арналған мере­келік іс-шаралар “Сүйікті қалам” концерттік бағдарламасымен жал­ғасты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қала тұрғын­да­рын құттықтап, жүрекжарды ле­бі­зін білдіріп, Михаил Трошихин, Анатолий Белоног және Азамат Мағ­зұмовқа “Солтүстік Қазақ­стан облысының құрметті аза­маты” төсбелгісін табыстады. Алек­сандр Азегов, Қымбат Ис­мано­ва, Рауза Кашенева “Пет­ро­павл қаласының құрметті аза­ма­ты” атанды.

Қала күніне арналған іс-шаралар легі “Солтүстік жұлдызы”, 3 емхана қасындағы (Мещан ор­маны) саябақтарда, “Бірлік”, “Бе­реке” шағынаудандарында жалғасқанын айта кеткеніміз жөн.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp