«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛ БАСТАМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент бүгінгідей күрделі геосаяси кезеңде халықтың әл-ауқатын жақсартатын, әлеуметтік игілігін қамтамасыз ете­тін тиімді шаралар қабылдаудың, демократияны нығайту, экономиканы орнықтыру жолында саяси жүйені жетіл­дірудің басым бағыттарын жүйелі түрде ұсынып келеді. Мұндай жаңашыл бастамалардың Қазақстанның қарқынды да жан-жақты дамуына, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуға игі ықпалы зор. Мемлекет басшысы 2020 жылы Пар­ламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындауға қатысты жариялаған Үндеуінде жаңа сайлау нау­қанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялылықты дамыту, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде нақты жұмыстар жүргізілгенін айта келіп, алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтетінін, мұндай пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келетінін, партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын еселей түсуге қосымша мүмкіндіктер берілетінін мәлімдеген болатын.

Айтса, айтқандай-ақ, сайлау­дың заңдылығына, ашықтығына және әділдігінің сақталуына то­лық кепілдік беріле отырып, Пар­ла­менттің және жергілікті өкілді органдардың құрамы жаңарты­лып, әлеуметтік-экономикалық ре­формалардың сапалы әрі заң­намалық тұрғыдан орындалуына баса мән берілді. Саяси инсти­туттарды дәйекті түрде демокра­тияландыруға және жаңғыртуға аса ықыласты екенімізді көрсетті. Ал халыққа арнаған Жолдауын­да Парламент пен мәслихаттар­ды партиялық тізім және бірман­датты округ бойынша жасақтау­дың тың тәсілдері іске қосылаты­ны айтылды. 2023 жылы өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы жұртшы­лық тарапынан конституциялық реформалардың жалғасы ретін­де қабылданды. Дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанымызды ай­ғақтады. Осылайша азаматтық қоғамның одан әрі өркендеуіне айтарлықтай жағдай жасалды. Бұдан былай мәслихат депутат­тығына партиялық тізім негі­зінде сайланатын кандидаттар­ды ұсыну құқығы саяси ұйымдар­ға, бірмандаттық аумақтық сай­лау округтері бойынша саяси пар­тияларға, қоғамдық бірлестіктер­ге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік қарастырылған болса, өзін-өзі ұсыну арқылы азамат­тар­ға берілді. Партиялық тізімге енгізілген адам бірмандаттық ау­мақтық сайлау округтері бойын­ша ұсынылуға құқылы емес.

“Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары” Жолдауын­да аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформаларды жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалар­дың берілуі, жаңа міндеттердің жүк­телуі тиімді жұмыс істеу үшін өте маңызды. Президент атап көр­сеткендей, елімізде ауқымды саяси жұмыстар атқарылды. Оған бәріміз куәміз. Атап айтқан­да, билік тармақтары арасында үйлесімді тепетеңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парла­менті бар Президенттік респуб­ли­ка үлгісіне көшті. “Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырым­да­масы барынша орнықты. Шешім қабылдау үдерісіне азамат­тар­дың қатысу белсенділігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті жаңа сипатқа ие болды. Осындай аса маңызды шақта жаңа экономи­ка­лық бағдарымызға лайықты үлес қосуды жергілікті өкілді ор­ган­дар – мәслихаттар да басты парыз санайды. “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ту­ралы” Заңда жергілікті мемлекет­тік басқаруды тиісті аумақтағы іс­тің жай-күйіне жауапты жергі­лік­ті өкілді және атқарушы органдар­дың жүзеге асыратыны жазыл­ған. Яғни тиісті әкімшілік-аумақ­тық бөліністегі халықтың еркін білдіреді, жалпымемлекеттік мүд­делерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды бел­гілейді, олардың орындалуын ба­қылайды, жұртшылықтың мұң-мұқ­тажын қорғап, қалауы мен ық­тиярын білдіреді, аманатын орындайды деген сөз. Мәслихат­тың қарауына мына мәселелер жатады: аумақты дамыту жос­парларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олар­дың атқарылуы туралы есептер­ді бекіту, өздерінің қарауына жат­қызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу, жергілікті атқарушы орган­дар басшыларының есептерін тыңдау, азаматтардың құқықта­ры мен заңды мүдделерін қам­тамасыз ету жөніндегі өзге де өкі­леттіктерді жүзеге асыру, т.б. Ау­дандық мәслихаттың VІІІ шақы­рылымының бірінші ұйымдасты­ру сессиясы өтісімен бір ман­датты аумақтан сайланған 12 де­путат (“AMANATTAN” – 8, “Ақжол­дан” – 2, партияда жоқтар – 2) де­путаттық өкілеттіктерін атқаруға бір кісідей кірісіп кетті. Жергілікті өзін-өзі басқару институтын да­мыту бағытында бірқатар жұмыс­тар атқарылды. Шешімдер қа­был­дау ерекше маңызға ие бол­ды. Мәслихат жұмысының сапа­сын арттыруға айрықша ден қойылды. Жергілікті өзін-өзі бас­қару органдарының мәртебесін нығайту бағытында азаматтар­мен ашық байланыс орнатылды. Атқарушы және өкілді органдар ортақ мақсаттар мен міндеттерге ие болды. “АМАNАТ” партиясы­ның депутаттық фракциясы шал­ғай елді мекендерде кездесулер өткізіп, маңызды мәселелер бір­лесіп талқыланатын болды.

2020 жылдан бастап барлық 17 ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюд­же­тінің енгізілуін естен кетпес елеулі оқиғаға балар едік. Жергі­лікті маңызы бар мәселелерді ше­шуде басқарудың төменгі дең­гейінің қаржылық және экономи­калық дербестігінің маңызы айрықша. Ауылдық округтердің қазынасы салықтардан, төлемдер­ден, айыппұлдардан, ерікті алымдардан, коммуналдық мү­лік­тен түсетін табыстардан, со­нымен бірге жоғарыдан берілетін субвенциялардан құралатыны белгілі. Тұрғындар төлейтін кей­бір салықтар, оның ішінде жер, кө­лік, мүлік, жеке табыс салығы ок­ругте қала бастады. Бір сөзбен айт­қанда, мүліктік құқықтар ке­ңейтіліп, бюджет кірістері ұлғай­тылды.

Депутаттарымыз қоғамдық-саяси өмірге, мәслихаттың ұйым­дастырушылық, құқықтық, мате­риалдық-техникалық негіздеме­сін қалыптастыруға белсене ат­салысады. Олардың қатарында Бақыт Жантасова, Наталья Син­дякина, Думан Ел­жанов, Сижана Котельник, тағы басқалары бар. “Қазавтожол” АҚ-ның облыстық филиалына, об­лыс­тық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма­сына депутаттық сұрау салудың нәтижесінде Новоишим-Нежин­ка арасындағы 20,4 шақырым жол қалпына келтірілетін болды. Білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағына азаматтық қызмет­шілердің лауазымдар тізбесіне балабақша тәрбиешілерінің көмек­шілерін, бухгалтерлер мен эко­номистерді енгізу сұралды. Аудан қаражаты есебінен педагог­тар үшін коммуналдық қыз­меттерге төлем төлеу мәселесі ше­шімін тапты. Мұндай төлемді денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ветеринария ұйымдары­ның мамандары да алады.

Депутаттардың жеке және көшпелі қабылдауларына 51 адам келіп, 23 мәселе қолма-қол шешілді, қалғандарына түсінік­те­ме берілді. Республикалық, об­лыстық деңгейдегі мекемелерге 32 ресми депутаттық сауал жол­данды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұ­рылымы, әлеуметтік қорғау, жұ­мысқа орналастыру, кәсіпкерлік қызмет салаларына шағым көп. Тұрақты комиссиялардың бір­лескен отырыстарында аудан­дық аурухана бас дәрігерінің, мемлекеттік кірістер басқарма­сы, құрылыс, тұрғын үй комму­налдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшыларының есептері тыңдалып, проблема­лық жайттар жан-жақты саралан­ды. Нәтижесінде емхананың жұ­мыс режімі реттеліп, әлеуметтік дәріханадағы, зертханадағы, ем-дом кабинетіндегі кемшіліктер түзетілді. Шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – Но­воишим ауылында салынған ор­талық қазандық құбырларының құрылысын қаржыландыру және Екатеринбург – Алматы – Рузаевка – Чистополье бағытын­дағы жолдарды күрделі жөндеу­ден өткізу.

Облыстық, республикалық ма­ңызы бар қалалар мен Астана әкімдерін тағайындау қағидала­ры­на сәйкес, 2022 жылдан бас­тап облыс әкімі лауазымына кан­дидатты келісу мәслихаттар де­пу­таттарының жиналысында жүр­гізіледі, бұл қоғамды демокра­тия­ландыру жолында елеулі ілге­рілеу болып табылады. VI-VIII ша­қырылым депутаттары аудан әкі­мінің 4 кандидатурасына келісіп, облысымыздан Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенаты­ның депутаттарын сайлауға, об­лыс әкімі лауазымына кандида­ттарды келісуге қатысты. Бюджет кодексіне және “Қазақстан Рес­публикасындағы жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңына орай ау­данның және ауылдық округтер­дің бюджетін атқару және бекіту туралы экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі мен ауылдық округтер әкімдерінің есептері тың­далып, түзетулер енгізілді. Мәс­ли­хаттар отырыстарының интер­нет-ресурстарына онлайн-трансляциялардың ашықтық қағидаты іске қосылды. Осы арқылы бюд­жетті қарау үдерісі жеңілдетілді, нормативтік-құқықтық актілердің жобалары сайттарда орналасты­рылды. Мұның бәрі қаралатын мәселелердің ашықтығын айтар­лықтай арттырды.

Халық қалаулылары берілген өкілеттіктер шегінде өзара іс-қимыл, заңдылық пен жариялы­лық­ты сақтау бойынша жемісті жұмыстарын жалғастырып келе­ді. Олар үшін басты талап – өзде­ріне жүктелген аманатқа адал­дық таныту. Депутаттық қызметті тиімді жетілдіру алдағы кезеңде де өзекті мәселелерді жедел ше­шуге ықпал ететін болады.

Сүйіндік БАУМАҒАНБЕТОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp