Президент бүгінгідей күрделі геосаяси кезеңде халықтың әл-ауқатын жақсартатын, әлеуметтік игілігін қамтамасыз ететін тиімді шаралар қабылдаудың, демократияны нығайту, экономиканы орнықтыру жолында саяси жүйені жетілдірудің басым бағыттарын жүйелі түрде ұсынып келеді. Мұндай жаңашыл бастамалардың Қазақстанның қарқынды да жан-жақты дамуына, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуға игі ықпалы зор. Мемлекет басшысы 2020 жылы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындауға қатысты жариялаған Үндеуінде жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялылықты дамыту, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде нақты жұмыстар жүргізілгенін айта келіп, алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтетінін, мұндай пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келетінін, партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын еселей түсуге қосымша мүмкіндіктер берілетінін мәлімдеген болатын.
Айтса, айтқандай-ақ, сайлаудың заңдылығына, ашықтығына және әділдігінің сақталуына толық кепілдік беріле отырып, Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың құрамы жаңартылып, әлеуметтік-экономикалық реформалардың сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан орындалуына баса мән берілді. Саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға аса ықыласты екенімізді көрсетті. Ал халыққа арнаған Жолдауында Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бірмандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылатыны айтылды. 2023 жылы өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы жұртшылық тарапынан конституциялық реформалардың жалғасы ретінде қабылданды. Дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанымызды айғақтады. Осылайша азаматтық қоғамның одан әрі өркендеуіне айтарлықтай жағдай жасалды. Бұдан былай мәслихат депутаттығына партиялық тізім негізінде сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси ұйымдарға, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік қарастырылған болса, өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға берілді. Партиялық тізімге енгізілген адам бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылуға құқылы емес.
“Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформаларды жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалардың берілуі, жаңа міндеттердің жүктелуі тиімді жұмыс істеу үшін өте маңызды. Президент атап көрсеткендей, елімізде ауқымды саяси жұмыстар атқарылды. Оған бәріміз куәміз. Атап айтқанда, билік тармақтары арасында үйлесімді тепетеңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасы барынша орнықты. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу белсенділігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті жаңа сипатқа ие болды. Осындай аса маңызды шақта жаңа экономикалық бағдарымызға лайықты үлес қосуды жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар да басты парыз санайды. “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңда жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдардың жүзеге асыратыны жазылған. Яғни тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді, жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың орындалуын бақылайды, жұртшылықтың мұң-мұқтажын қорғап, қалауы мен ықтиярын білдіреді, аманатын орындайды деген сөз. Мәслихаттың қарауына мына мәселелер жатады: аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, өздерінің қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу, жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру, т.б. Аудандық мәслихаттың VІІІ шақырылымының бірінші ұйымдастыру сессиясы өтісімен бір мандатты аумақтан сайланған 12 депутат (“AMANATTAN” – 8, “Ақжолдан” – 2, партияда жоқтар – 2) депутаттық өкілеттіктерін атқаруға бір кісідей кірісіп кетті. Жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Шешімдер қабылдау ерекше маңызға ие болды. Мәслихат жұмысының сапасын арттыруға айрықша ден қойылды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мәртебесін нығайту бағытында азаматтармен ашық байланыс орнатылды. Атқарушы және өкілді органдар ортақ мақсаттар мен міндеттерге ие болды. “АМАNАТ” партиясының депутаттық фракциясы шалғай елді мекендерде кездесулер өткізіп, маңызды мәселелер бірлесіп талқыланатын болды.
2020 жылдан бастап барлық 17 ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетінің енгізілуін естен кетпес елеулі оқиғаға балар едік. Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде басқарудың төменгі деңгейінің қаржылық және экономикалық дербестігінің маңызы айрықша. Ауылдық округтердің қазынасы салықтардан, төлемдерден, айыппұлдардан, ерікті алымдардан, коммуналдық мүліктен түсетін табыстардан, сонымен бірге жоғарыдан берілетін субвенциялардан құралатыны белгілі. Тұрғындар төлейтін кейбір салықтар, оның ішінде жер, көлік, мүлік, жеке табыс салығы округте қала бастады. Бір сөзбен айтқанда, мүліктік құқықтар кеңейтіліп, бюджет кірістері ұлғайтылды.
Депутаттарымыз қоғамдық-саяси өмірге, мәслихаттың ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық негіздемесін қалыптастыруға белсене атсалысады. Олардың қатарында Бақыт Жантасова, Наталья Синдякина, Думан Елжанов, Сижана Котельник, тағы басқалары бар. “Қазавтожол” АҚ-ның облыстық филиалына, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына депутаттық сұрау салудың нәтижесінде Новоишим-Нежинка арасындағы 20,4 шақырым жол қалпына келтірілетін болды. Білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағына азаматтық қызметшілердің лауазымдар тізбесіне балабақша тәрбиешілерінің көмекшілерін, бухгалтерлер мен экономистерді енгізу сұралды. Аудан қаражаты есебінен педагогтар үшін коммуналдық қызметтерге төлем төлеу мәселесі шешімін тапты. Мұндай төлемді денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ветеринария ұйымдарының мамандары да алады.
Депутаттардың жеке және көшпелі қабылдауларына 51 адам келіп, 23 мәселе қолма-қол шешілді, қалғандарына түсініктеме берілді. Республикалық, облыстық деңгейдегі мекемелерге 32 ресми депутаттық сауал жолданды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік қорғау, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік қызмет салаларына шағым көп. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында аудандық аурухана бас дәрігерінің, мемлекеттік кірістер басқармасы, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшыларының есептері тыңдалып, проблемалық жайттар жан-жақты сараланды. Нәтижесінде емхананың жұмыс режімі реттеліп, әлеуметтік дәріханадағы, зертханадағы, ем-дом кабинетіндегі кемшіліктер түзетілді. Шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – Новоишим ауылында салынған орталық қазандық құбырларының құрылысын қаржыландыру және Екатеринбург – Алматы – Рузаевка – Чистополье бағытындағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізу.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана әкімдерін тағайындау қағидаларына сәйкес, 2022 жылдан бастап облыс әкімі лауазымына кандидатты келісу мәслихаттар депутаттарының жиналысында жүргізіледі, бұл қоғамды демократияландыру жолында елеулі ілгерілеу болып табылады. VI-VIII шақырылым депутаттары аудан әкімінің 4 кандидатурасына келісіп, облысымыздан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға, облыс әкімі лауазымына кандидаттарды келісуге қатысты. Бюджет кодексіне және “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңына орай ауданның және ауылдық округтердің бюджетін атқару және бекіту туралы экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі мен ауылдық округтер әкімдерінің есептері тыңдалып, түзетулер енгізілді. Мәслихаттар отырыстарының интернет-ресурстарына онлайн-трансляциялардың ашықтық қағидаты іске қосылды. Осы арқылы бюджетті қарау үдерісі жеңілдетілді, нормативтік-құқықтық актілердің жобалары сайттарда орналастырылды. Мұның бәрі қаралатын мәселелердің ашықтығын айтарлықтай арттырды.
Халық қалаулылары берілген өкілеттіктер шегінде өзара іс-қимыл, заңдылық пен жариялылықты сақтау бойынша жемісті жұмыстарын жалғастырып келеді. Олар үшін басты талап – өздеріне жүктелген аманатқа адалдық таныту. Депутаттық қызметті тиімді жетілдіру алдағы кезеңде де өзекті мәселелерді жедел шешуге ықпал ететін болады.
Сүйіндік БАУМАҒАНБЕТОВ,
Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың төрағасы.