Өңірдегі мәдениет мекемелері арасында ұлттық руханиятымызды ұлықтау, төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау мақсатында “Күмбірлеген домбыра” атты челлендж өтті.
Игі бастама аясында мәдени ұжымдар ұлттық аспап – домбыра шертіп, өз өнерлерін ортаға салды. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны дәріптеу, өнерге құрмет осындай игі істен басталады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан бастау алған челленджге халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталықтары, Ақан сері атындағы облыстық филармония, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры, мұражайлар мен бірқатар кітапханалар қатысты. Күй шеруінде Айыртау, Шал ақын, Мамлют, Есіл аудандары да белсенділік танытқанын айтқан жөн.
– Еліміздің мәдени мұрасын сақтау, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыру мақсатындағы игі бастама шығармашылық ұжымдар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. “Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп Қадыр ақын айтпақшы, ұлттық аспап – әр қазақтың рухы мен жаны. Домбыраның күмбірінде қазақтың асқақ арманы, мақсат-мұраты, елдігі мен ерлігі жатыр. Сондықтан бұл шараның маңызы зор. Халқымыз қадір тұтқан қара домбыраның қасиетін арттырып, абыройын одан әрі асқақтатқан челлендж қала күні аясында қорытындыланды, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Аягөз Нұрсейітова.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.