«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҢҚЫЛДАП СОЛТҮСТІКТЕН СӨЗ БАСТАҒАН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек” демекші, елдің абыройлы азаматы атану – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Адамгершілік қасиетімен, елге адал қызметімен осындай құрметке ие болған Қызылжардың бетке ұстар азаматы, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің 75 жасқа толған мерейтойына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты шара өтті.

Салтанатты жиын Жарас­бай Сүлейменовтің “Түзу ағаш­тың көлеңкесі” атты повесінің желісі бойынша әзірленген спектакльді тамашалаудан бас­талды. Қойылымның режиссері – Мәдениет саласының үздігі Дәурен Тойбазаров.

Спектакльдің басты кейіпке­рі – Ерлік Бәйкенұлы. Адал, ең­бекқор, елжанды азаматтың жа­зықсыз темір торға тоғытылуы­нан бастау алған көрініс көрер­меннің ойын сан-саққа жүгіртті. Алданған азамат па, алдаған адам­дар ма? Өмірдің өзінен алынған туынды түрлі қайшы­лық­тарға толы. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезең, нарықтық эконо­мика, жекешелендіру науқаны адамдарды біраз титықтатты. Осынау қиын сәтте қастандық­тың, сатқындықтың құрбаны болған кеңшар басшысы Ерлік­тің қарақан басын күйттемей, бір кездері елге жасаған еңбегі ұмытылып, әлдебіреулердің ай­тағымен аяқ астынан қылмыскер, ұры, алаяқ атануы таңға­ларлық жайт емес. Ту сыртынан пышақ ұрған Алтай сынды сат­қындар әр кезде де табылады. “Жығылған үстіне жұдырық” де­мекші қалтасына есірткі, көлігі­не суық қару салып, ауыр айып арқалатуды мақсат тұтқан құқық қорғау органдарының бұл пиғы­лы әріден-ақ белгілі болатын. Адалдықтың туын жықпаған Ер­лік тағылған айыппен келіспек емес. Шындық үшін жанын қиюға дайын кеңшар басшысы қарнының ашқанына емес, қаді­рінің қашқанына, жанындағы адамдардың опасыздығы мен сатқындығына налиды.

Таныс адамдардың бір сәтте жауына айналатынын ол қайдан білсін?! Шаруашылықтың тасын өрге до­ма­латып, бір жылда 30 шаңы­рақ тұрғызып, сонша от­басын қуанышқа бөлеген дирек­тордың жаман атын шығаруға ұмтыл­ғандардың айтағына ер­ген ха­лықты райынан қайтару да оңай емес. Жеме-жемге кел­генде Ер­лікке басқа емес, өзінің отбасы ерекше қолдау көрсетті. Әйтсе де әділдік үшін араша бол­ған адамдар да бар. Осындайда адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын қарттардың жөн сөзі керек-ақ. Әлбетте шындық тасты да жарып шығады. Әділ­дік заңы салтанат құрып, Ерлік ақталады.

Ерліктің табанды­лығы, қайсар мінезі, қайраткер­лік рухы жан сүйсіндіреді. Өкі­нішке қарай адамдар арасында­ғы алауыздық, сатқындық, опа­сыздық, атаққұмарлық дер­ті қазіргі қоғамымызда да кездесіп жатады. Осындай теріс мінездерден арылу арқылы біз елді игілікке бастаймыз. Автор­дың айтар ойы да осыған саяды. Көрерменге ой салған қойы­лым­ның жарыққа шығуына театр актерлерінің сіңірген еңбегі орасан. Басты кейіпкерді сом­даған – Дүйсехан Қасым.

Қойылымнан кейін өнер ұжы­мы­на облыс әкімі Ғауез Торсан­ұлының ықылас гүлі тарту еті­ліп, көрермендердің қошеметі­мен пьеса авторы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов сахна төріне шықты. Өңір бас­шысы Ғауез Нұрмұхамбетов құт­тықтау сөз сөйледі.

– Қожаберген жырау, Ақан сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағ­жан Жұмабаев, Сәбит Мұ­қанов, Ғабит Мүсірепов сынды белгілі тұлғалар дүниеге келген қасиетті Қызылжар елі – ұлылар мекені. Осындай даңқты тұлға­лардың ізін жалғастырып келе жатқан жандар аз емес. Солар­дың бірі – біздің мақтанышы­мыз, Солтүстік Қазақстан облы­сының құрметті азаматы Жарас­бай Сүлейменов. Қаламгерлігі мен қайраткерлігі бір төбе жа­зушы-журналистің 75 жылдық мерейтойына орай өңірімізде бірқатар шаралар өтуде. Бұл ар­дақты азаматқа көрсетілген ха­лықтың ыстық ықыласы, лайық­ты құрметі деп білеміз, – деді Ғауез Торсанұлы. Облыс әкімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді. “Халқымыз өзіңізді қа­рымды қаламгер, қоғам қайрат­ке­рі, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Саналы ғұмырыңызды журналис­тикаға арнап, өзіңіз туып-өскен өңірдің тарихи шежіресін, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген тұлғалар туралы сал­мақты туындылар жаздыңыз. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұ­мабайұлының өмірі мен шығар­ма­шылығын зерттеуге және оның мол мұрасын насихаттау­ға сүбелі үлес қостыңыз. Мәжі­ліс депутаты болған тұсыңызда отандық заңнаманы жетілдіруге күш салып, ұлттық құндылық­тарды сақтау тұрғысындағы ой-пікірлеріңіз қоғам тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта игі­лікті істердің белортасында жү­ріп, ел-жұрттың құрметіне бөле­не беруіңізге тілектестігімді біл­ді­ремін. Сізге зор денсаулық және отбасыңызға амандық ті­леймін”, – делінген құттықтау хат­та. Өңір басшысы мерейтой иесіне қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Салтанатты жиында біздің облысымыздан Парламент Сенаты мен Мәжілісіне сайланған қос депутат Әсем Рахметова мен Еркебұлан Мәмбетов ақжарма тілектерін айтып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілі­сінің төрағалары Мәулен Әшім­баев пен Ерлан Қошановтың, ал Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, та­рих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің құттық­тау хатын табыс етті.

Биыл Жарасбай Қабдол­ла­ұлы Қызылжар ақын-жазушылары­ның ішінен алғаш болып Халықаралық “Алаш” әдеби сый­лығын иеленді. Бұл – облыс ру­ханияты мен әдебиеті үшін үл­кен жетістік. Алатаудың баурайынан барша қаламгердің аманатын арқалап келген Қа­зақстан Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының орынбаса­ры, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қа­сымхан Бегманов сахна төрінде мерейтой иесіне салтанатты түрде Халықаралық “Алаш” әде­би сыйлығын табыстап, сый-құрмет көрсетті.

– Солтүстік Қазақстан десе, есімізге Мағжан, Ғабең, Сәбең түседі. Сол асқақ рухты жо­ға­ры ұстап келе жатқан жазушы Жарасбай Сүлейменов. Ол дү­ниеге келген Шал ақын ауда­нын­да болып, жергілікті билік өкілдері мен халық тарапынан жазушыға құрметтің зор екенін көрдік. Қазақстан Жазушылар ода­ғы хатшылығының атынан қаламгерді құрметтеген елге, одақ мүшелеріне деген шынайы қамқорлық үшін облыс басшы­ларына алғысымызды білдіре­міз, – дей келе Қасымхан Сейіт­ханұлы жазушы-журналист Жа­расбай Қабдоллаұлы көпшілікке мағжантанушы ретінде де жақ­сы таныс екенін атап өтті.

Айтулы шарада жан-жақтан жолданған ақжарма тілектер, құттықтаулар легі толассыз бол­ды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ауыл ша­руашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен қоғам қайраткері Тайыр Мансұровтың Мәскеуден жеткен құттықтаулары бар. Ақын Ғалым Жайлыбайдың:

“Биікті ажыратсаң аласадан,

Айдынды шалқарыңа Алаш алаң.

…Саңқылдап Солтүстіктен сөз бастасын

Жарасқан Қызылжарға Жарас ағам”, –

деп өрілген өлең шумақтары көрермен қауымды сүйсінтті.

Мерейтой аясында жалпы бі­лім беретін мектеп оқушылары арасында “Туған жерім – тірегім” атты байқауда жеңіске жеткен жеткін­шектер марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік атанған Тайынша ауданы Зеленогай орта мектебінің оқу­шы­сы Мадияр Зеймолла 1 орын­ды жеңіп алды. Оған ноут­бук сыйға берілді. Жамбыл ауданы Қожаберген жырау атын­­да­ғы жалпы орта білім бе­ретін мектептің 10 сынып оқу­шысы Аяжан Менглибаева, Қызылжар ауданы “Парасат” мек­теп-лицейінің 8 сынып оқушысы Томи­рис Арықова екінші орынға ие болды. Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданның Рузаевка орта мектебінің 8 сынып оқушы­сы Абумансұр Талғатов, Айыр­тау ауданы Саумалкөл қазақ орта мектебінің 9 сынып оқу­шы­сы Төлеу Аяжан, Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебі­нің 10 сынып оқушысы Мерей Ди­сенбекова үшінші орынға лайық деп танылды.

Салтанатты жиында Жарас­бай Қабдоллаұлының 5 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Қоғам қайраткері Қуа­ныш Айтаханов бастаған, Қасымхан Бегманов, Жабал Ерға­лиев қостаған зиялы қауым өкілдері кітаптың лентасын қиып, қаламгерге шығармашылық же­тіс­тік, шалқар шабыт тіледі. Қы­зылжардағы дүбірлі тойға Шым­кент, Астана, Алматы қалала­рынан келген өзге де құрметті қонақтар сөз алып, қаламгерге жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Әдебиет зерттеушісі, филоло­гия ғылымының докторы, про­фессор Құлбек Ергөбектің ақжарма тілегін жұртшылық жылы қабылдады.

Құрмет пен марапатқа бө­ленген қаламгер абыройын ас­пандатқан жерлестеріне, тілеу­лес барша жанға өз ризашылы­ғын білдірді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp