«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЖАҚСЫ БІЛЕМІН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?

Өткен жылдың наурыз айында елдің дамуына өз үлесімді қосу үшін Саумалкөл ауылының бір бөлігі кіретін №2 сайлау округі бойынша Айыртау аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат болуға шешім қабылдадым. Осы ауданның тұрғыны болғандықтан жергілікті халықты толғандыратын мәселелерді жетік білемін.

“AMANAT” партиясы жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі болғандықтан мониторингтік топтар мен партиялық бақылау бекеттерінің жұмысына белсенді қатыстым. Мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен бірлесіп партияның жол картасына енген жобалардың, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына бақылау жүргіздім.

“Ардагерлерді ардақтайық”, “Бақытты отбасы”, “Кедергісіз келешек”, “Ұлттық мұра” партиялық жобалары шеңберінде акциялар мен басқа түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатыстым. “Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Қазақстанның киелі жерлері” және “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” жобалары аясында іске асырылған ұлттық-мәдени шараларды, ұлттық спорт түрлерінен, мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерін қолдау жөніндегі, мемлекеттік тілдің рөлін күшейту мақсатындағы іс-шараларды өткізуге атсалыстым. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт адамдарға қайырымдылық акциялары аясында көмек көрсеттім. Жалпы депутат болып сайланғанға дейін ауданда түрлі жобаларды ұйымдастыруға белсене араласып жүрдім.

САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?

Менің сайлауалды бағдарламам мен “AMANAT” партиясының сайлаушыларға берген уәделерінің бірі – Саумалкөл ауылының кәріз тазарту нысанын қайта жаңарту. 1971 жылы салынған кәріз тазарту құрылыстарының ауданы – 8 гектар. Құбырлардың өткізу қабілеті 1000 м3, магистральдық-кәріз құбырының жалпы ұзындығы 57,7шақырым.

Осы бағытта жергілікті атқарушы органдармен, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттарымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу бойынша бірлескен жұмыс жүргізілді. Өткен жылғы желтоқсанда жалпы сомасы 5 554, 95 млн. теңгеге үш кезекке жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттарымен тығыз жұмыс істедік. Осының нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы мәселе Парламент Мәжілісінің отырысында көтерілді.

Бүгінгі таңда Саумалкөл ауылында су құбырының 4-ші кезегін өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Антоновка ауылында су құбырын салуға жобалақ-сметалық құжаттама даяр, жоба құны 1 110,5 млн. теңгені құрайды.

Аудан тұрғындары жеке қабылдау барысында үй беру мәселесі бойынша бірнеше рет жүгінді. Бүгінгі таңда Айыртау ауданында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, мемлекеттік қызметшілерге және кезекте тұрған өзге адамдарға тұрғын үй беру қажеттілігі туындап отыр.

Аудан орталығында кеңес үкіметі кезінде салынған көптеген қараусыз қалған бос үйлер бар. Сенат және Мәжіліс депутаттарының алдында “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға өзгерістер енгізу, яғни Қазақстан Республикасынан тыс жерге көшкен тұрғын үй иелерінің бос пәтерлерін ауданның коммуналдық меншігіне беру туралы мәселе бірнеше рет көтерілді.

Саумалкөл ауылының №45 шағынауданындағы 78 пәтерлі тұрғын үйдің 43 пәтері ауданның коммуналдық меншігінде, 35 пәтер жеке меншікте. Пәтер иелерінен жылжымайтын мүлікті ауданның коммуналдық меншігіне сатып алу үшін бюджеттен 75,5 млн. теңге бөлінді. Ауданның жергілікті атқарушы органдары 32 пәтерді сатып алу бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда 32 лот бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды, оның ішінде 21 пәтер сатып алынды, 11 пәтер бойынша пәтер сатып алуға шарттар жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?

Біз халықтың үмітін ақтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ауданға медицина қызметкерлерін тарту үшін жыл сайын мәслихат шешімімен ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жіберілген медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау мөлшері айқындалды. Тұрақты негізде қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеміз.

Өткен шақырылымның депутаты ретінде біз елді мекендерді сумен жабдықтау, жылу желілерін, медициналық мекемелерді, автомобиль жолдарын, мектептерді күрделі жөндеу мәселелерін көтердік. Абаттандыруға, интернет пен ұялы байланысқа, кәріз желілерін жөндеуге қатысты депутаттық сауалдар жолданды.

Аудан депутаттары мен атқарушы билік өкілдерінің бірлескен жұмысының бір мысалы – бұл ұзындығы 71 шақырым болатын аудандық маңызы бар Саумалкөл – Сырымбет – Қарақамыс – Светлое автомобиль жолын орташа жөндеу.

Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне, салалық басқармаға, Парламент Сенатының депутаты О.В.Перепечинаға жолды жөндеуге қаржы бөлу туралы бюджеттік өтінімдер жолданды. Сондай-ақ бұл мәселені ауыл тұрғындары аудан әкімінің халықпен есеп беру кездесулерінде көтерді. Сырымбет ауылында Айғаным қонысы, Шоқан Уәлиханов атындағы мұражай бар. Ол жаққа туристер көп келеді. Осының бәрі жолға күрделі жөндеу жүргізуге қажет қаржының бөлінуіне ықпал етті. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайды. 2024 жылы 1 863,9 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді.

Біздің аудан Солтүстік Қазақстан облысының інжу-маржаны болып табылатын Имантау-Шалқар курорттық аймағымен танымал. Бірегей табиғи байлыққа ие және Қазақстанның үздік 10 туристік аймағына енгізілген басым нысандардың бірі болып табылады. Жылдан жылға туризм саласына салынған инвестициялар ұлғаюда және соңғы 5 жылда 3 млрд. 750 млн. теңгеден астам қаржы құйылды.

Облыстық мәслихаттағы әріптестерім біздің ауданда туризмді дамытуға қаржы бөлу жөніндегі жобаларды құптап отыр. Аудандық мәслихат депутаттары мен атқарушы билік өкілдері Сенат пен Мәжіліс депутаттарының алдында бірнеше рет мәселе көтерді. Осының нәтижесінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататын демалыс аймақтарына автомобиль жолдарын жөндеуге бюджет қаражатын бөлу туралы облыс әкімінің атына бюджеттік өтінімдер мен депутаттық сауалдар жолданды. “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің келісімімен Имантау-Шалқар курорттық аймағына енгізілген автомобиль жолдары бойынша 6 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамада. Бұл жұмыс жүзеге асса демалыс аймақтарындағы жолдарға орташа жөндеу жүргізілетін болады. Үстіміздегі жылы 9 демалыс аймағын ашу, жаңғырту және кеңейту жоспарланып отыр.

ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?

Менің ойымша, халық сенсе кез келген міндетті орындауға болады. Біз олардың көз алдында жүргендіктен, жұмысымыз олардың жіті бақылауында. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде біз тұрақты комиссиялар мен жұмыс топтарының отырыстарын, елді мекендер бойынша азаматтарды көшпелі жеке қабылдаулар өткіземіз, мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдаймыз. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының аудиторлық тексерулерінің нәтижелерін, депутаттық өтініштер мен аудан өміріне қатысты түрлі мәселелерді қараймыз.

Ең өзекті мәселелер депутаттық сағатта қаралады, оның жұмысына аудан әкімінің қатысуы игі дәстүрге айналған. Аудандық және ауылдық округтердің бюджетін бекітпес бұрын аудандық мәслихат депутаттары өздерінің сайлау округтері бойынша аудан әкімімен және ауылдық округ әкімдерімен қажетті жобаларға бюджет қаражатын бөлу жөніндегі мәселелерді бірге қарайды және талқылайды.

Депутаттық корпуспен бірлесе отырып, Айыртау ауданының әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіретін боламын.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp