Учаскелік полиция инспекторлары Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп Есіл өзенінің, Пестрое көлінің жағажайларында, сондай-ақ белгіленбеген шомылу орындарында рейдтер жүргізді.
Петропавл қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетовтің айтуынша, суға шомылу кезінде әсіресе кәмелетке толмағандарға ерекше назар аудару керек. Өйткені оқудан босаған балалар жаз бойы уақыттарын өз бетінше өткізіп, су жағалап кетеді. Ал жұмысбасты ата-аналардың балаларды қадағалап отыруға мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда полицейлер мен құтқарушылар суға түсуге құмар жастарға судың қаупін түсіндіріп, бақылауды күшейтеді. Тәртіп сақшылары ата-аналарға да белгіленбеген жерлерде шомылуға тыйым салынатынын, балаларын су жағасында қараусыз қалдырмауды ескертті.
– Суға шомылушылардың көпшілігі – мас күйдегі ересектер. Олар мас күйде суға шомылудың адам өмірі үшін қауіпті екенін ескермейді. Десе де полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіп бұзушыларға ескертулер жасап, нәтиже шығармаған жағдайда айыппұл салуда, – дейді облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Юрий Клыков.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпараты бойынша, шомылу маусымы басталғалы өңір аумағында орналасқан су қоймаларында 176 рейдтік іс-шара өткізілген. Шара барысында жалпы су пайдалану ережелерін бұзудың қоғамдық орындарда мас күйде жүру немесе алкогольдік ішімдіктер ішудің 24 фактісі анықталған.
Құқық қорғаушылар жүргізген рейдтік іс-шараның мақсаты – суға шомылушылар арасында жазатайым оқиғалардың, қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің алды алу. Полицейлер мен құтқарушылардың судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу және тәртіп бұзушылықтарды болдырмау бойынша бірлескен жұмыстары жаздың соңына дейін жалғасады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.