Ювеналды полиция қызметкерлері бұған дейін кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған отбасыларға барып қайтты. Рейдке тәртіп сақшыларымен бірге облыстық мәслихат депутаттары, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл және қалалық білім бөлімінің өкілі қатысты. Ведомствоаралық рейдтік топ Жұмысшы кентіндегі бірқатар мекенжайларды тексерді. Тексерілген жеке үйлердің әрқайсысында кішкентай балаларды тәрбиелеп отырған 40 жастан аспаған ата-аналар тұрады.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы 15 шілдеден бастап өңірде “Түнгі қаладағы балалар” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның шеңберінде облыс орталығында және аудандарда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша тәулік бойғы рейдтер жандандырылды. Операцияның алғашқы тәулігінде облыс бойынша түрлі 48 құқық бұзушылық анықталды. Жыл басынан өңірдің ювеналды полицейлері 1540-тан астам рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде кәмелетке толмаған балалар түнде үйден тыс жерде және ойын-сауық орындарында жүргені үшін 1593 заңды өкіл жауапкершілік арқалады.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.