«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛ БЮДЖЕТІ ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫН КҮТІП ҰСТАУДАН АРТЫЛМАЙДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Халық олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан кез келген деңгейдегі әкімдер тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болуы тиіс. Осы ұстаным іс жүзінде қаншалықты орындалып жатыр деген оймен Шал ақын ауданындағы ең жас ауылдық округ әкімімен тілдесуді жөн көрдік. Жаңажол ауылдық округінде үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Саян Естаевпен қарауындағы елді мекендердің жай-күйі, тұрғындардың тұрмысы жайлы сөйлестік.

– Саян Асқарұлы, сізді ха­лық сайлады ма әлде жоғары­дан тағайындады ма?

– Мен – халық сайлаған әкім­мін. 2021 жылы сайлауда тұрғын­дар­дың басым дауысын жина­дым. Осы аудандағы Бірлік ауы­лы­ның тумасымын. Бұған дейін аудандық әкімдікте бас маман болып жеті жыл жұмыс істедім. Ауылдық округ әкімдерінің сай­лауы болатынын естіп, бағымды сынап көрмекке бел будым. Мені округ тұрғындары сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргі­зу­ге келгенде бірінші рет көрді. Шы­нымды айтсам, бұл ауылдан тек қазақ күресіне қатысатын жас­тарды ғана таниды екенмін. Ауыл­дың үлкендері қай жақтан екенімді, шыққан тегімді сұрады. Атамды білетін кісілер бар екен. “Бөтен емес екенсің”, – деп іш тартты. Тұрғындарға өзімді та­ныстырып, сайлауалды бағдар­ла­мам­ды түсіндірдім. Мен су тар­ту, жол жөндеу, жарықтандыру, әлеуметтің әлеуетін көтеру мәсе­лесіне басымдық бердім. Ауыл­дық округ әкімі сайлауына үш адам кандидатурамызды ұсын­дық. Біреуі – осы ауылдық округ­тің тұрғыны, екіншісі сырттан кел­ген. Жаңажол ауылдық округі тұрғындарының 88 пайызы мені таңдады.

– Қазір қайда тұрасыз?

– Қазіргі таңда отбасылық жағ­дайыма байланысты аудан орта­лығында тұрып жатырмын.

– Ауылдық округтің әкімі бол­с­ам деген мақсатыңыз орын­далды. Ал оның атқаруы тиіс жұмысы ұнады ма?

– Жасырып қайтейін, басын­да жұмыс барысын түсінбей қи­налғаным рас. Тәжірибесі мол ок­руг әкімдерінен білмегенімді сұ­ра­дым. Олар ақыл-кеңестерін ай­тып, қолдады. Содан бері үш жыл­дай уақыт өтті. Қазіргі жұмысым, атқарып жүрген міндетім өзіме ұнайды.

– Жалпы ауылдық округ­тер­ге сол жердің азаматы сай­ланғаны дұрыс деген пікір бар. Әсіресе, келіп-кетіп жұмыс іс­тей­тіндерге тұрғындар сенім артпайды. Сіз халықтың көңі­лін қалай таптыңыз?

– Мен бұл жерге өз жұмысым­мен сіңістім. Ауылды көркейтуге талпындым, жанашыр екенімді көр­ген тұрғындар сенім арта бас­тады. Ауылдың жастарымен тіл та­быстым. Мен келген кезде кө­шені жарықтандыру мәселесі өзекті болды. Қазір округ құра­мын­дағы ауылдарды толық жа­рықтандырдық. Жаңажол ауылы­ның ішіндегі жолдарға асфальт тө­седік. Округ орталығына кіреберіс 7 шақырым жол асфальт­талды. Осыдан екі жыл бұрын су тартыла бастады. Ақырын-ақы­рын ойда жүрген жоспарлар жү­зеге асырылып, ауылдың әлеуеті жақсарып келеді.

Бір жоспарды жүзеге асырар­да міндетті түрде ауылдың ақса­қалдарымен ақылдасамын. “Ке­лі­сіп пішілген тон келте болмас” дегендей, елмен санасып істел­ген жұмыс берекелі болады. Ауылды дамытуда шаруа қожа­лық­тарымен де тіл табысқан ма­ңызды. Мұнда “АЗКО Жаңажол” және “Аза сал” деген екі жауап­кершілігі шектеулі серіктестік бар. Жаңаталап ауылында осы аттас фермерлік қожалық жұмыс істейді. Олар ауылдардың әлеуе­тін көтеруге көмектесіп жатыр, қыста жол тазалауға, абаттан­дыру бойынша қолұшын созады. “АЗКО Жаңажол” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жыл бұ­рын округ орталығына футбол алаңын салып берді. Биыл меди­циналық пункттің құрылысын бас­тады. Былтыр осындай медици­на­лық пункт Жаңаталап ауылын­да да салынды. Оның құрылы­сын “Жаңаталап” фермерлік қожа­лығы өз мойнына алды. Жаңажол ауылындағы стадион 1990 жылдардың басында қараусыз қалған екен. “Аза сал” ЖШС соны қалпына келтіруге көмектесемін деген уәдесін беріп отыр.

– Жаңаталап ауылының тұрғындары жолдың машақа­тын көріп отыр. Бұл елді ме­кеннің жолына қатысты қан­дай жоспарларыңыз бар?

– Мен бұл мәселені аудан бас­шылығының алдында көтердім. “Алдымен үлкен ауылдарға ас­фа­льт төсейміз” деп жауап берді. Бұл мәселенің мән-жайы ауыл тұрғындарының жиналысында айтылды, шешу жолы түсіндіріл­ді. Аталған ауыл болашағы жоқ елді мекендердің тізіміне енбе­ген. Сондықтан тұрғындарға алаң­дауға еш негіз жоқ.

– Бұл ауыл тұрғын­дары әлі күнге дейін бұлақтың суын ішіп отыр екен. Олар са­палы ауызсумен қашан қамты­лады?

– 2022 жылдан бастап Жаңа­та­лап, Жаңажол, Кеңес және арғы жағындағы Бірлік ауылына су тарту жұмыстары қолға алын­ған. Ауылдың ішіне су құбырлары тартылды. Бұл жұмыс биыл аяқ­талуы тиіс еді. Алайда көктемгі су тасқынына байланысты қаржы тап­шылығы қолбайлау болып отыр.

– Су тасқынының салдары­нан электр бағандары құлап, жа­рықсыз қалған ауылдардың бірі – Жаңаталап. Қазіргі таңда уақытша бағандар жолдың үс­ті­не орнатылған. Ол жолдың бойымен емін-еркін жүруге де, қыста қардан аршуға да кедер­гі келтірері анық. Бұрынғы электр желілері қашан қалпы­на келтіріледі?

– Сәуір айында алқаптан кел­ген қарғын су жоғары вольтты электр желісінің 4 бағанын құ­латты. Салдарынан 89 тұрғыны бар Жаңаталап елді мекені жа­рықсыз қалды. Ауылды электр қуа­тымен қамтамасыз ету үшін ба­ғандарды жолдың үстіне орна­тып, ол басқа желіге қосылды. Бұл жағдай аудан басшылығына айтылды, олар барлық жағдай­дан хабардар. Бұрынғы электр желілерін қайта қалпына келтіру үшін қомақты қаржы қажет. Бір сөзбен айтқанда, жолдың үстінде тұрған бағандарды бұрынғы ор­ны­на көшіру – басы ашық тұрған мәселе.

– Ауылды дамытатын қан­дай жоспарларыңыз бар?

– Жаңажол ауылдық округінің құрамына үш елді мекен кіреді. Олар – Жаңажол, Жаңаталап және Кеңес. Округтегі тұрғындар саны – 674. Жаңажол ауылында –102, Жаңаталапта –25, Кеңесте 62 үй бар. Мектептерде 140 оқу­шы білім алып жатыр. 200-ден астам зейнеткер бар. Жастардың дені сыртқа кетіп жатыр. Ауыл­дағы ағайынның бүкіл тыныс-тір­шілігі ауыл шаруашылығымен байланысты ғой. Ал жастардың бұл салада жұмыс істегісі кел­мей­ді. Ауылдық округке әкім бо­лып келген жылы “К-700” тракто­ры­на отырғызатын адам таба ал­май қиналғаным бар. Қазір нақ осы мәселе шешімін тапқаны­мен, жалпы жағдай аса оңала қой­ған жоқ. Әлі күнге дейін механи­заторлардың дені сырттан келе­ді. Ауылдағылар таза жерде жұ­мыс істегенді қалайды, не болма­са малдарын бағып күнелткенді жөн көреді.

Былтыр “Ауыл аманаты” бағ­дар­ламасы бойынша несие алу­ға 17 адам өтініш берді. Соның се­гізінің бизнес жобасы мақұлда­нып, мал шаруашылығын дамы­ту­ға, дүкен ашуға, техника алуға не­сие алды. Биыл аталған бағ­дарламаға қатысуға тағы да үш адам ниет танытты. Ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың ұтымды тұстарын түсініп, қол­дау­ды тиімді пайдаланып жатқан адам­дар бар. Бастамашыл, іскер тұрғындарға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жа­тыр. Себебі ауылдың тұрмыс-тір­шілігін дамытуға осындай жан­дардың қосар үлесі зор. Жалпы ауылдық округте жиырмадан ас­там фермерлік және шаруа қо­жалығы бар.

Қазіргі таңда ауылдарға тәр­тіпті қадағалау үшін қаладағыдай бейнекамералар орнатылып жа­тыр. Жуырда Жаңажол ауылына үш камера орнаттық. Оны қоятын жерді таңдар кезде де тұрғын­дармен ақылдастық. Олардың қа­лаулары бойынша камералар ауылға кіріп-шығатын көшелерге және мектептің жанына қойыл­ды. Алдағы уақытта Жаңаталап пен Кеңеске де камера орнатуды жоспарлап отырмыз.

– Елімізде ауылдық аумақ­тар­ды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы қабылданғаны белгілі. Онда ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін ашу, әлеуметтік және инженерлік инфрақұ­рылым­ды және олар көрсете­тін қыз­меттердің сапасын, ауылдағы өмірдің экология­лық қауіпсіз­дігін жақсарту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру са­пасын және олар­дың әл-ауқатын арттыру көз­делген. Атал­ған тұжырымда­маның жүзеге асуы қалай бо­лып жатыр?

– Сөзіңізді толықтыра кетсем, бұл тұжырымдаманың мақсаты­на жету және жоғарыда аталған қағидаттарын іске асыру үшін нақ­ты тәсілдер көзделген. Яғни, ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету (атқарушы билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу, жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарын тарту, ауылдық аумақтарды қаржыландыру тетігін жетілді­ру). Әлеуметтік және инженерлік-техникалық инфрақұрылымды қарқынды дамыту есебінен база­лық қызметтер көрсетудегі диспро­порцияларды қысқарту. Осы тәсілге сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық саланы, денсау­лық сақтау, білім беру, әлеумет­тік-мәдени мақсаттағы объекті­лердің жұмыс істеуін, қазіргі за­манғы байланыс құралдарының (интернет желісі, ұялы байланыс, цифрлық теледидар және тағы басқалар) қызметтерінің қол­же­тімділігін қамтитын “адамдар инфрақұрылымға” моделін іске асыру жалғастырылатын болады.

Агроөнеркәсіптік өндірісті да­мыту, кәсіпкерлікті, шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтар­ды, сондай-ақ ауыл шаруашылы­ғы кооперациясын дамытуды ын­таландыру арқылы ауыл халқы­ның табыс деңгейін арттыру көз­делген. Жалпы ауылды дамыту­ды тұрақты электр энергиясымен қамтудан, жол салудан және са­палы ауызсумен қамтамасыз ету­ден бастау керек. Осы үшеуі бол­са, ауыл тұрғындарының бола­шаққа деген сенімі артады. Менің ауылдарда шағын цехтар ашыл­са деген ұсынысым бар. Шағын және орта бизнес өркендесе, ауылдар тарамайды. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту аса маңызды.

– Жергілікті тұрғындардың тарапынан цех ашуға ниет та­нытқандар бар ма әлде бұл өз ойыңыз ғана ма?

– Әзірге тұрғындар тарапы­нан мұндай ұсыныстар түскен жоқ. Алдағы уақытта болады деген ойдамын.

– Саян Асқарұлы, ауыл тұр­ғындары жайлы өмір сүруі үшін сапалы ауызсу, жарық және жолмен қамтамасыз ету керек дедіңіз. Өзіңіз басқаратын ауылдық округ тұрғындары осы игіліктерге толық қол жеткізіп отыр ма?

– Әзірге үш ауыл электр энер­гия­сымен толық қамтылған деп айтуға болады. Тұрғындарды са­палы ауызсумен қамту үлесі 70 пайызды құрайды. Ауылдарды тіршілік нәрімен толық қамтуға қар­жы қолбайлау болып тұр. Жол­ға қатысты мәселелер де бір­тін­деп шешіліп жатыр.

– Ауылдық округтің бюд­жеті қанша?

– Ауылдық округтің бюджеті – 1 млн. 400 мың теңге. Бұл қаржы­ негізінен әкімдік ғимаратын күтіп ұстауға жұмсалуда. Ал ауыл­дарды абаттандыруға бұл қаржы жетпейді. Сондықтан абаттандыру, көгалдандыру жұ­мыстарын атқаруда серіктестік­тердің көмегіне иек артуға мәж­бүрміз. Олар да ел үшін атқары­лып жатқан жұмыс болғасын өті­нішімізді жерге тастамайды, кө­мектеседі.

– Ауылдық округ әкімі – би­ліктің жергілікті жердегі өкілі. Өзіңізді солай сезінесіз бе?

– Мен өзімді биліктің жергі­лікті жердегі өкілі ретінде толық сезінбеймін. Ауылдық округтің бюджеті қомақты, өзіміздің техни­калық паркіміз болса, ешкімге қол жаймасақ, әкімге берілген өкі­леттіктің пәрменін сезінер едім. Ал қазіргі таңда ауылды абаттан­дыруға, көркейтуге қатысты ша­ралардың барлығында шаруа қо­жалықтарына, кәсіпкерлерге тәуелдіміз. Қыста жолды қардан тазалар кезде, жазда ауылдарды абаттандыруда техника, не бол­маса жұмыс күшін сұрап, тағы со­ларға барамыз. Өзгеге күнің қа­раған соң ойда жүрген жоспар­ларды жүзеге асыра алмайсың. Мәселен, осы жердегі серіктес­тіктердің, шаруа қожалықтары­ның төлейтін салығы ауылдық ок­руг бюджетіне түссе, жолдарды күтіп ұстау бойынша тендер жа­риялауға да болушы еді. Қомақ­ты бюджетіміз болса, мүмкіндік те молаяр еді.

– Ендігі жылы әкімдік мер­зіміңіз аяқталады. Қайтадан сайлауға түсу жоспарыңызда бар ма?

– Егер ауыл тұрғындары қа­ласа, қайта сайлауға түсуім мүм­кін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp