Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Халық олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан кез келген деңгейдегі әкімдер тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болуы тиіс. Осы ұстаным іс жүзінде қаншалықты орындалып жатыр деген оймен Шал ақын ауданындағы ең жас ауылдық округ әкімімен тілдесуді жөн көрдік. Жаңажол ауылдық округінде үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Саян Естаевпен қарауындағы елді мекендердің жай-күйі, тұрғындардың тұрмысы жайлы сөйлестік.
– Саян Асқарұлы, сізді халық сайлады ма әлде жоғарыдан тағайындады ма?
– Мен – халық сайлаған әкіммін. 2021 жылы сайлауда тұрғындардың басым дауысын жинадым. Осы аудандағы Бірлік ауылының тумасымын. Бұған дейін аудандық әкімдікте бас маман болып жеті жыл жұмыс істедім. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы болатынын естіп, бағымды сынап көрмекке бел будым. Мені округ тұрғындары сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге келгенде бірінші рет көрді. Шынымды айтсам, бұл ауылдан тек қазақ күресіне қатысатын жастарды ғана таниды екенмін. Ауылдың үлкендері қай жақтан екенімді, шыққан тегімді сұрады. Атамды білетін кісілер бар екен. “Бөтен емес екенсің”, – деп іш тартты. Тұрғындарға өзімді таныстырып, сайлауалды бағдарламамды түсіндірдім. Мен су тарту, жол жөндеу, жарықтандыру, әлеуметтің әлеуетін көтеру мәселесіне басымдық бердім. Ауылдық округ әкімі сайлауына үш адам кандидатурамызды ұсындық. Біреуі – осы ауылдық округтің тұрғыны, екіншісі сырттан келген. Жаңажол ауылдық округі тұрғындарының 88 пайызы мені таңдады.
– Қазір қайда тұрасыз?
– Қазіргі таңда отбасылық жағдайыма байланысты аудан орталығында тұрып жатырмын.
– Ауылдық округтің әкімі болсам деген мақсатыңыз орындалды. Ал оның атқаруы тиіс жұмысы ұнады ма?
– Жасырып қайтейін, басында жұмыс барысын түсінбей қиналғаным рас. Тәжірибесі мол округ әкімдерінен білмегенімді сұрадым. Олар ақыл-кеңестерін айтып, қолдады. Содан бері үш жылдай уақыт өтті. Қазіргі жұмысым, атқарып жүрген міндетім өзіме ұнайды.
– Жалпы ауылдық округтерге сол жердің азаматы сайланғаны дұрыс деген пікір бар. Әсіресе, келіп-кетіп жұмыс істейтіндерге тұрғындар сенім артпайды. Сіз халықтың көңілін қалай таптыңыз?
– Мен бұл жерге өз жұмысыммен сіңістім. Ауылды көркейтуге талпындым, жанашыр екенімді көрген тұрғындар сенім арта бастады. Ауылдың жастарымен тіл табыстым. Мен келген кезде көшені жарықтандыру мәселесі өзекті болды. Қазір округ құрамындағы ауылдарды толық жарықтандырдық. Жаңажол ауылының ішіндегі жолдарға асфальт төседік. Округ орталығына кіреберіс 7 шақырым жол асфальтталды. Осыдан екі жыл бұрын су тартыла бастады. Ақырын-ақырын ойда жүрген жоспарлар жүзеге асырылып, ауылдың әлеуеті жақсарып келеді.
Бір жоспарды жүзеге асырарда міндетті түрде ауылдың ақсақалдарымен ақылдасамын. “Келісіп пішілген тон келте болмас” дегендей, елмен санасып істелген жұмыс берекелі болады. Ауылды дамытуда шаруа қожалықтарымен де тіл табысқан маңызды. Мұнда “АЗКО Жаңажол” және “Аза сал” деген екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Жаңаталап ауылында осы аттас фермерлік қожалық жұмыс істейді. Олар ауылдардың әлеуетін көтеруге көмектесіп жатыр, қыста жол тазалауға, абаттандыру бойынша қолұшын созады. “АЗКО Жаңажол” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жыл бұрын округ орталығына футбол алаңын салып берді. Биыл медициналық пункттің құрылысын бастады. Былтыр осындай медициналық пункт Жаңаталап ауылында да салынды. Оның құрылысын “Жаңаталап” фермерлік қожалығы өз мойнына алды. Жаңажол ауылындағы стадион 1990 жылдардың басында қараусыз қалған екен. “Аза сал” ЖШС соны қалпына келтіруге көмектесемін деген уәдесін беріп отыр.
– Жаңаталап ауылының тұрғындары жолдың машақатын көріп отыр. Бұл елді мекеннің жолына қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
– Мен бұл мәселені аудан басшылығының алдында көтердім. “Алдымен үлкен ауылдарға асфальт төсейміз” деп жауап берді. Бұл мәселенің мән-жайы ауыл тұрғындарының жиналысында айтылды, шешу жолы түсіндірілді. Аталған ауыл болашағы жоқ елді мекендердің тізіміне енбеген. Сондықтан тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ.
– Бұл ауыл тұрғындары әлі күнге дейін бұлақтың суын ішіп отыр екен. Олар сапалы ауызсумен қашан қамтылады?
– 2022 жылдан бастап Жаңаталап, Жаңажол, Кеңес және арғы жағындағы Бірлік ауылына су тарту жұмыстары қолға алынған. Ауылдың ішіне су құбырлары тартылды. Бұл жұмыс биыл аяқталуы тиіс еді. Алайда көктемгі су тасқынына байланысты қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
– Су тасқынының салдарынан электр бағандары құлап, жарықсыз қалған ауылдардың бірі – Жаңаталап. Қазіргі таңда уақытша бағандар жолдың үстіне орнатылған. Ол жолдың бойымен емін-еркін жүруге де, қыста қардан аршуға да кедергі келтірері анық. Бұрынғы электр желілері қашан қалпына келтіріледі?
– Сәуір айында алқаптан келген қарғын су жоғары вольтты электр желісінің 4 бағанын құлатты. Салдарынан 89 тұрғыны бар Жаңаталап елді мекені жарықсыз қалды. Ауылды электр қуатымен қамтамасыз ету үшін бағандарды жолдың үстіне орнатып, ол басқа желіге қосылды. Бұл жағдай аудан басшылығына айтылды, олар барлық жағдайдан хабардар. Бұрынғы электр желілерін қайта қалпына келтіру үшін қомақты қаржы қажет. Бір сөзбен айтқанда, жолдың үстінде тұрған бағандарды бұрынғы орнына көшіру – басы ашық тұрған мәселе.
– Ауылды дамытатын қандай жоспарларыңыз бар?
– Жаңажол ауылдық округінің құрамына үш елді мекен кіреді. Олар – Жаңажол, Жаңаталап және Кеңес. Округтегі тұрғындар саны – 674. Жаңажол ауылында –102, Жаңаталапта –25, Кеңесте 62 үй бар. Мектептерде 140 оқушы білім алып жатыр. 200-ден астам зейнеткер бар. Жастардың дені сыртқа кетіп жатыр. Ауылдағы ағайынның бүкіл тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен байланысты ғой. Ал жастардың бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Ауылдық округке әкім болып келген жылы “К-700” тракторына отырғызатын адам таба алмай қиналғаным бар. Қазір нақ осы мәселе шешімін тапқанымен, жалпы жағдай аса оңала қойған жоқ. Әлі күнге дейін механизаторлардың дені сырттан келеді. Ауылдағылар таза жерде жұмыс істегенді қалайды, не болмаса малдарын бағып күнелткенді жөн көреді.
Былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша несие алуға 17 адам өтініш берді. Соның сегізінің бизнес жобасы мақұлданып, мал шаруашылығын дамытуға, дүкен ашуға, техника алуға несие алды. Биыл аталған бағдарламаға қатысуға тағы да үш адам ниет танытты. Ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың ұтымды тұстарын түсініп, қолдауды тиімді пайдаланып жатқан адамдар бар. Бастамашыл, іскер тұрғындарға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Себебі ауылдың тұрмыс-тіршілігін дамытуға осындай жандардың қосар үлесі зор. Жалпы ауылдық округте жиырмадан астам фермерлік және шаруа қожалығы бар.
Қазіргі таңда ауылдарға тәртіпті қадағалау үшін қаладағыдай бейнекамералар орнатылып жатыр. Жуырда Жаңажол ауылына үш камера орнаттық. Оны қоятын жерді таңдар кезде де тұрғындармен ақылдастық. Олардың қалаулары бойынша камералар ауылға кіріп-шығатын көшелерге және мектептің жанына қойылды. Алдағы уақытта Жаңаталап пен Кеңеске де камера орнатуды жоспарлап отырмыз.
– Елімізде ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Онда ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашу, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды және олар көрсететін қызметтердің сапасын, ауылдағы өмірдің экологиялық қауіпсіздігін жақсарту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және олардың әл-ауқатын арттыру көзделген. Аталған тұжырымдаманың жүзеге асуы қалай болып жатыр?
– Сөзіңізді толықтыра кетсем, бұл тұжырымдаманың мақсатына жету және жоғарыда аталған қағидаттарын іске асыру үшін нақты тәсілдер көзделген. Яғни, ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету (атқарушы билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тарту, ауылдық аумақтарды қаржыландыру тетігін жетілдіру). Әлеуметтік және инженерлік-техникалық инфрақұрылымды қарқынды дамыту есебінен базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту. Осы тәсілге сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық саланы, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілердің жұмыс істеуін, қазіргі заманғы байланыс құралдарының (интернет желісі, ұялы байланыс, цифрлық теледидар және тағы басқалар) қызметтерінің қолжетімділігін қамтитын “адамдар инфрақұрылымға” моделін іске асыру жалғастырылатын болады.
Агроөнеркәсіптік өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті, шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген. Жалпы ауылды дамытуды тұрақты электр энергиясымен қамтудан, жол салудан және сапалы ауызсумен қамтамасыз етуден бастау керек. Осы үшеуі болса, ауыл тұрғындарының болашаққа деген сенімі артады. Менің ауылдарда шағын цехтар ашылса деген ұсынысым бар. Шағын және орта бизнес өркендесе, ауылдар тарамайды. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту аса маңызды.
– Жергілікті тұрғындардың тарапынан цех ашуға ниет танытқандар бар ма әлде бұл өз ойыңыз ғана ма?
– Әзірге тұрғындар тарапынан мұндай ұсыныстар түскен жоқ. Алдағы уақытта болады деген ойдамын.
– Саян Асқарұлы, ауыл тұрғындары жайлы өмір сүруі үшін сапалы ауызсу, жарық және жолмен қамтамасыз ету керек дедіңіз. Өзіңіз басқаратын ауылдық округ тұрғындары осы игіліктерге толық қол жеткізіп отыр ма?
– Әзірге үш ауыл электр энергиясымен толық қамтылған деп айтуға болады. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту үлесі 70 пайызды құрайды. Ауылдарды тіршілік нәрімен толық қамтуға қаржы қолбайлау болып тұр. Жолға қатысты мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр.
– Ауылдық округтің бюджеті қанша?
– Ауылдық округтің бюджеті – 1 млн. 400 мың теңге. Бұл қаржы негізінен әкімдік ғимаратын күтіп ұстауға жұмсалуда. Ал ауылдарды абаттандыруға бұл қаржы жетпейді. Сондықтан абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын атқаруда серіктестіктердің көмегіне иек артуға мәжбүрміз. Олар да ел үшін атқарылып жатқан жұмыс болғасын өтінішімізді жерге тастамайды, көмектеседі.
– Ауылдық округ әкімі – биліктің жергілікті жердегі өкілі. Өзіңізді солай сезінесіз бе?
– Мен өзімді биліктің жергілікті жердегі өкілі ретінде толық сезінбеймін. Ауылдық округтің бюджеті қомақты, өзіміздің техникалық паркіміз болса, ешкімге қол жаймасақ, әкімге берілген өкілеттіктің пәрменін сезінер едім. Ал қазіргі таңда ауылды абаттандыруға, көркейтуге қатысты шаралардың барлығында шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге тәуелдіміз. Қыста жолды қардан тазалар кезде, жазда ауылдарды абаттандыруда техника, не болмаса жұмыс күшін сұрап, тағы соларға барамыз. Өзгеге күнің қараған соң ойда жүрген жоспарларды жүзеге асыра алмайсың. Мәселен, осы жердегі серіктестіктердің, шаруа қожалықтарының төлейтін салығы ауылдық округ бюджетіне түссе, жолдарды күтіп ұстау бойынша тендер жариялауға да болушы еді. Қомақты бюджетіміз болса, мүмкіндік те молаяр еді.
– Ендігі жылы әкімдік мерзіміңіз аяқталады. Қайтадан сайлауға түсу жоспарыңызда бар ма?
– Егер ауыл тұрғындары қаласа, қайта сайлауға түсуім мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.