Қызылжар ауданында су тасқынынан кейін үйлері апатты деп танылған азаматтарды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Тасқын салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылғандардың бірі – Жұлдыз Нұрпейісова. Жақында жаңа баспанаға қолы жеткен тұрғын өз қуанышымен бөлісті.
Жұлдыз осыған дейін Мичурино ауылында тұрған екен. Алайда 12 сәуір күні топан су келіп, үйінің төбесіне дейін жеткен. Басындағы жалғыз баспанасы үшін Жұлдыз қатты алаңдаған.
Тасқын су қайтқан соң техникалық сараптама жасалып, комиссияның шешімімен үй апатты деп танылған. Ол бірден Бескөл ауылындағы сатылымда тұрған үйлерді қарауға кіріседі.
“Комиссия мүшелері менің үйімді апатты деп тапты. Мамандар “баспана іздей беріңіз” деген соң түрлі сайттардағы жарнамаларды қарадым. Сатылымда тұрған бірнеше үйді арнайы барып көрдім. Қазіргі жаңа үйім қатты ұнады. Әсіресе ішкі дизайнына қызықтым. Үй иелері де сондай жақсы отбасы екен”, – дейді Жұлдыз Нұрпейісова.
Жұлдыз үйді алу үшін қажетті құжаттарды комиссияға тапсырған. Ондағылар баспананың талаптарға сәйкестігін тексерген соң, тиісті хаттамалар толтырылып, үш жақты келісімшарт жасалып “Қызылжар-Асар” қорына жіберілген. Осылайша тасқын кезінде қатты күйзелген Жұлдыз көңілі қалаған баспанасына ие болып, қуанышқа бөленіп отыр.
Ауданда су тасқынынан 18 елді мекен зардап шекті. Жалпы саны 1546 баспанаға зиян келді. Бүгінгі таңда арнайы комиссияның шешімімен үш жүзден астам үй апатты деп танылды. Ауданда тасқынның зардаптарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Фархат ТАСТАМБЕК.