Жыл басынан бері облыстың алты ауданындағы 16 елді мекенде бруцеллезбен ауыратын 529 бас ірі қара анықталған. Бұл облыста ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған іс-шаралар жайы баяндалған брифингте айтылды.
Қазіргі таңда өңірімізде бруцеллезбен ауырған ірі қараның үлесі 0,12 пайызды құраған. Биыл 716 мыңнан астам зерттеу жүргізілген, оның ішінде 463 мыңнан астамы диагностикалық, қалғаны аллергиялық зерттеу. Мамандардың осылайша уақытылы жүргізген ветеринарлық шараларының нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларының ауруға қарсы иммунитеті қалыптасып, жұқпалы аурулардың тіркелуі азайған.
Облыстың 9 қауіпті аймағында сауықтыру шараларын бұзғандар да жазасыз қалмады. Ол үшін шаруашылық басшыларына 1882920 теңге көлемінде 17 айыппұл салынған.
“Үстіміздегі жылдың басынан бері облыста 9 қауіпті аймақ анықталды. 4 ауданның төрт елді мекенінде бруцеллез ауруы тіркелген. Ал Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның үш ауылында құтырма, ал Уәлиханов ауданында жылқыдағы ринопневмония және жылқы тұмауы анықталды. Жүргізілген ветеринарлық іс-шаралардың нәтижесінде 4 қауіпті аймақтан шектеу шаралары алынып тасталды. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малдарды ветеринар мамандарға емдетуі тиіс екенін еске салғым келеді. Өйткені жануарларының саулығы мен қауіпсіздігі уақытылы жүргізілетін вакцинация мен зерттеулерге байланысты, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаев.
Сонымен қатар өткен жарты жылдықта фермерлер облысқа 10431 асыл тұқымды ірі қара әкеліпті. Мамандардың айтуынша, Аққайың ауданындағы “Гердт” шаруа қожалығы Германиядан – 186, Чехиядан 190 бас сиыр әкелген. Шал ақын ауданындағы “ZHA Group LTD” ЖШС Даниядан 135 ірі қара жеткізген. Тайынша ауданындағы “Жасыл шалғындар” ЖШС-ға Чехиядан 132 бас голштин, ал “АСАР” ЖШС-ға Венгриядан 96 бас симментал тұқымды сиыр әкелінген. Сонымен қатар Қызылжар ауданында “Жас Агро” ЖШС Германиядан 34, Есіл ауданында “Атамекен Агро Корнеевка” ЖШС Германиядан 270 бас асыл тұқымды ірі қара алдырған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.