«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕДАГОГ ӨЗ МӘРТЕБЕСІНЕ САЙ МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2019 жылы “Педагог мәрте­бесі туралы” заң қабылданып, бұрын сабақты ысырып қойып, көше сыпырып, ағаш әктеп, кон­церттерде зал толтырумен жү­ретін мұғалімдерді енді мұндай жұмыстарға тарту сап тыйыл­ды. Жалақылары да екі есе өсті. Бұл ұстаздар қауымы еш­теңеге алаңдамай басты мін­деттері – бала оқытумен ғана шұ­ғылдану үшін жасалғаны мә­лім. Бірақ заң мұғалімдердің ең­бекақы­ла­рын көтергенімен, қо­ғамдағы мәртебелерін көтере алды ма де­ген заңды сұрақ туындайды.

Ауру қалса да әдет қалмай­ды екен. Заңда айтылған өз мәртебесіне лайық бола алмай жүрген педагогтарды кездес­тір­генде, күйінетінімізді де жа­сырып қайтейін. Тойға барсақ, асабасы мен фотографы – мұ­ғалімдер, такси шақырсаң, жүр­гізуші – сол баяғы мектептегі ағай, ғаламтор арқылы оны-мұны сатып жүрген саудагер де – өзіміздің апайымыз. Ал сол тойда ата-анасына еріп оқушы­сы да жүретіні белгілі ғой. “Са­бақ бергеніңізді білмеймін, бі­рақ тойды қатырады екенсіз”, – деп сабақ барысында ұстазына айтып отырса не болмақ? Так­симен діттеген жеріне жеткізіп тастап, оқушысынан ақша ал­ған ұстаз ертең оның бетіне қа­лай қарайды.

– Сенбіліктерге шақырсаң, көшеде қара жұмыс істеуден ар­ланып, педагог статусын алға тартып шыға келеді. Олай бол­ды екен, өз мәртебесіне толық лайық болсын. Түске дейін са­бақ беріп, түстен кейін қосым­ша ақша табудың қамымен ке­тетін мұғалімнің оқушы алдын­да не қадір-қасиеті қалады? Мемлекеттік қызметкерлер сияқты олар да тек қана бір жұ­мыс істесін, яғни мектепте ғана сабақ берсін, – дейді қала тұр­ғыны Салтанат Қуанышева.

Бірақ бұл пікірмен ұстаздар келіспейді. Шал ақын ауданын­дағы Е.Бөкетов атындағы мек­теп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мағжан Жол­таев­тың айтуынша, педагог өз статусына лайық, бірақ оған де­ген әлеуметтің көзқарасы өз дең­гейінде емес.

– Қымбатшылық билеген мы­на заманда педагог та қосымша ақы табуға мүдделі, себебі оның да отбасы бар. Екіншіден, жергі­лікті атқарушы билік ұстаздарды қолжаулық қылуды әлі де тоқтат­қан жоқ, үшіншіден, ата-ана мен оқушы мұғалімге үстемдік жасау­ды тоқтату қажет, онсыз білімді ұрпақ тәрбиелей алмаймыз, – дейді ол.

Петропавлдағы №4 орта мек­тептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жарқын Ома­ров жұмыстан тыс уақытта такси жүргізушісі болып қосымша та­быс табатынын жасырмайды. Оның пікірінше, мектеп әкімші­лігі, ата-аналар мен оқушылар ұстаздарды құдды бір ата жауын­дай көреді. Оқушы нашар оқыса, тәртібі төмен болса, оқыс жағ­дайға ұшырап қалса, бәріне мұ­ғалім кінәлі. Мектептен тыс уа­қытта бірдеңе бүлдірсе де ұста­зын сілкілей жөнеледі. Мұғалім – тек білім беруші ғана екенін ес­тен шығарып алғандаймыз. Қо­ғам­да педагог ештеңе істемей, бәленбай мың ақшаны жайдан-жай алып отырғандай пікір қа­лып­тасқан.

– Бір-екі мұғалімнің келеңсіз іс-әрекетіне қарап, бүкіл оқыту­шыға топырақ шашудан аулақ болған жөн. Жалақы көбейген соң, бұрын басқа салада жүрген­дер жаппай мектепке қарай ағылды. Салдарынан қалалық жерде сағат жетпесе, ауылда керісінше бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ бере береді. Ешкім еріккеннен қосымша жұмыс істе­мейтіні айдан анық. Сол баяғы ақша құрғырдың жетіспеуші­лігі­нен. Егер сабағына үлгерсе, мектептегі шәкірттерінің үлгерімі жақсы болса, неге қосымша табыс таппасқа? – дейді Жарқын Омаров.

Такси жүргізушісі болып жүрген мұғаліммен сөйлескеніміз­бен асаба-ұстаздар сұхбат беру­ден ат-тондарын ала қашты. Өз істерінен өздері ұялатын мұндай мұғалімнің алдын көрген оқушы­ның қандай азамат болып қалып­тасатынына алаңдай бастаға­ны­мызды жасырмаймыз.

“Ұстаз мәртебесі – филосо­фия­лық, психологиялық, тарихи, әлеуметтік астары бар қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Педагог тұ­ғыры – қоғам мен мемлекет тұ­ғыры”, – деген академик Ерлан Сыдықов ұстазын ұлықтаған қоғамда ғана береке-бірлік, тәлім-тәрбие, ақыл-парасат өлше­мі орнығатынын айтқан болатын.

Бұрынғы ұстаздар қалай еді? Сабақтан тыс кітаптарды, қо­сым­ша газет-журналдарды оқи­тын. Бұл – білім көкжиегінің ке­ңеюі­не қажет екені белгілі. Ал қазіргі кей­бір мұғалімдер өз пәнінің күнтіз­белік жоспарымен ғана шектеліп қалған, сол шең­берде ғана “ғұ­мыр кешуді” мұрат ететіндей.

– Ұстаз – халықпен бірге жасап келе жатқан ұғым. Сон­дықтан педагогикаға қадам жа­са­ған маман өзін пән мұғалімі ре­тінде ғана емес, тұлға ретінде көрсете білуі тиіс. Мұғалімнің жүгі ауыр. Заманмен бірге дамуды мақсат тұтқан оқытушының қолынан кі­тап, газет-журнал түспеуі ке­рек. Бұрынғы факультативтер га­зет-журналдарда жарияланған ма­те­риалдарды талдап-талқы­лауға арналып, талантты оқушы­лар­дың шығармашылығын да­мы­татынбыз. Үздік деп танылған шығармалар баспа бетіне шы­ғатын. Қазір мектепке барсақ, те­лефонға қадалған оқушы мен кі­сіге жұғымы жоқ мұғалімді кө­ріп, қарның ашады. Сондай­лар­дың кесірінен ұстаз мәртебесі құр­дым­ға кетеді. Ке­зінде арнайы заң­сыз-ақ абы­ройымыз асқақтап жүруші еді. Сабақ берумен ғана шектелетін мұғалімнің ешқандай да қадір-қасиеті болмайды, – дей­ді ар­дагер ұстаз Жанкелді Тәжин.

Осы тұста ұлт қайраткері Міржақып Дулатовтың “Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбие беру керек”, – деген қанатты сөзі еске орала­ды. Бұл аталы сөз кез келген мұ­ғалімнің өмірлік ұстанымына ай­налса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ақын, ғалым, шахтер, әкім, де­путат – бәрі мектептен шығады, ұстаздың алдын көргендер. Бәрі де ұстазға қарыздар. Отансүй­гіш­тік, адамгершілік, еңбекқор­лық деген қасиеттер сөз жүзінде айтылып қана қоймай, іспен көрсетілуі керек. Үлгі көрсететін де – сол ұстаздар. Алайда қит ет­се заңдағы мәртебесін алға тартып, ал шындығында қоғамда мәртебеден жұрдай мұғалімнен білім алған оқушының ертең кім болып өсетінін болжаудың өзі қорқынышты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp