Биыл жерлесіміз, саналы ғұмырын заң саласына арнаған адвокат, бұрынғы КСРО Жазушылар одағының мүшесі Мөртай Қосшығұловтың туғанына 100 жыл толды.
1924 жылы Есіл ауданы, Тауағаш ауылында дүние есігін ашқан Мөртай Қосшығұлов 1941 жылы орта мектепті бітірісімен кеңшарға есепші болып жұмысқа орналасады. 1942 жылдың күзінде әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан даласынан елге аман-сау оралғаннан кейін 1950-1952 жылдары өзінің туған ауылында мұғалім болған. 1956 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіреді. Диплом алысымен адвокат болған жерлесіміз 1957-1970 жылдары Петропавл қаласының халық сотында қызмет атқарған. Оның Алматы қаласындағы Жетісу (бұрынғы Ленин) аудандық халық сотының төрағасы болғаны өз ісінің нағыз майталманы болғанын дәлелдейді. Мөртай Аманбайұлы 1984 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан соң жазу ісімен айналысқан. Кейіпкеріміздің қалам тербеген негізгі тақырыбы – заңның үстемдігі, қылмыс пен жаза, қоғамдағы бала тәрбиесі. “Кім кінәлі?”, “Шындық сыры”, “Өмір сүргім келеді”, “Бұғалық” атты кітаптарына осы мәселелер арқау болған.
1973 жылы “Қазақстан” баспасынан жарық көрген “Шындық сыры” кітабында ата-ананың отбасындағы рөлі мен міндетін оқиғалар желісі арқылы көркем бейнелейді. “Тартыс”, “Мойындау”, “Судың да сұрауы бар”, “Сұғанақ” очерктерінде баласын қалалық сәбилер үйіне өткізіп, ақырында “ұясы бұзылған бозторғайдай шырылдап” қалған әйелдің, қайын енесінің тонын араққа сатқан Кәмілбектің, қойма меңгерушісі бола жүріп “заңсыз алған ақшаны судай төгіп” қызметтен айырылған Садықтың қилы тағдыры суреттеледі.
Ал “Шындық сырында” би алаңында бір жігітпен төбелесіп қалған Таласбекті Баймұратқа қарсы куә болуға итермелеп, іс насырға шапқанда жауапқа тартпай босатып жіберген Мұсаның әрекетін баяндайды. Еңбексіз табыс тауып, оңай олжаға кенелмек болған арамтамақ жандардың сергелдең өмірі сипатталған “Бұғалық” повесіндегі оқиғалар желісі оқыған жанды елеңдетпей қоймайды. “Айкенже апай” әңгімесіндегі Бескөрік елді мекенінің тұрғыны Бүркіт қарттың аузынан жазып алған аңызға бергісіз бір апайдың өмір өткелдері қазақ әйелінің қандай мықты болғанына иландырады. Әңгіменің мазмұнына зейін қойсақ, Бескөрік ауылындағы Шарбақбай деген кісінің денелі, кесек келген үлкен қараторы Айкенже есімді балуан қызы болыпты. Қарулы деген жігіттерді қаңбақтай үйіріп, допша лақтыратын қара күш иесі Бектас деген жігітке тұрмысқа шығады. Есіл өңірінде үлкен той болып, жамбасы жерге тимеген, аты шулы түйе балуандар жиналғанда ол ауыл намысын қорғау үшін бозкілемге шыққан. Айкенже апамыз ешкім жеңе алмаған балуанды “Әуп” деп қолшатырдай жоғары көтеріп алып, қос жауырынын жерге тигізе алып ұрады да, кеудесінен басып-басып жіберіп: “Сіз ер адамсыз, басыңыздан аттамаймын”, – деп кері шегініп, өз тобына қосылған екен. Осы күреске дейін жеңіліп көрмеген балуан Айкенженің жеңісінен кейін масқара болып, топ алдына шығуды қойыпты. 1946 жылы 85 жасқа келіп дүние салған Айкенжеде Алтын есімді жалғыз-ақ қызы болған. Жамбыл ауданы, Айымжан ауылында тұрған Алтынды аталмыш аудандағы Орталық ауылының батыс жағындағы Малдыбай елді мекенінде тұратын Қырықпай дегенге айттырыпты. Алтын бұған қарсы болады. Қалың малын беріп қойған жігіттің жұрты намыстанып, Алтынды тоқты орнына өңгеріп кете барған. Алтын өзінің сүйген жігітімен бір түнде Қырықпайдың елінен қашып кетеді. Мөртай Қосшығұлов екі жастың махаббатын шебер суреттейді.
“Ақтілек” әңгімесінде ұлт қайраткерлері Сәбит Мұқанов пен Ілияс Омаровтың Петропавл қаласында қонақ болғанда орын алған диалогына үңілейік:
“…Ілияс қойдың басын мүшелей үлестіріп отырған Сәбитке қарап:
– Теңізде неше толқын болады, білесің бе, Сәбит? – деді.
– Қырдың қазағы, мен оны қайдан білемін. Ал теңіздің тұңғыш ноқта киген асаудай, бұлқынғанын көрдім. Константин Иванович Айвазовскийдің “Тоғызыншы вал” деген суретіне орай толқынның тоғыз түрі болуы керек деп ойлаймын. Өзің білесің бе? – деді Сәбит Ілиясқа қарап, қолындағы үшкір бәкімен қойдың көзін ойып алып жатып.
– Мен де білмейтін едім. Мұхтар марқұм Арал теңізіне барғанда балықшылардан сұрап жазып алыпты.
– Иә, – деді Сәбең әдетіне басып, – ы-ы, – деп тамағын бір кенеп қойды.
– Cылқылдақ толқын, ақ бас толқын, ақжал толқын, бұйра толқын, ереуіл толқын, – деп Аралдың балықшылары түрлеген. Сол сәтті пайдаланып мен басқа бөлмеге кіре сала блокнотыма түсіріп алғанмын.
– Япырой, өлі табиғатта тоғыз толқын болғанда, адам өмірінде қанша десеңізші? – деп Сәбең таңдана басын шайқады да:
– Ереуіл толқын долданып көкке атылғанда теңіздің тынысы кеудесін қақ айырып жіберер ме дерсің, – деді Сәбең”. Ұзақ жылдар заң саласында қызмет еткен жанның заңғар жазушылардың айтқан сөздерін назарынан тыс қалдырмай, келер ұрпаққа аманаттауға тырысқанына риза боламыз.
2011 жылдың 3 желтоқсанында дүние салған Мөртай атамыздың кішіпейіл болғанын көзін көргендер бүгінге дейін аңыз қылып айтып жүр.
– Мөртай Қосшығұлов әр адам туған жерінің бір өскіні, ол кіндік қаны тамған жерге деген перзенттік парызбен ғұмыр кешуі керек деп ұққан жан еді. Ол Алматыда жүргенде Қызылжарға деген махаббатын үнемі жүрегінен шығармай, сағыныштың самалындай аялай білді. Оған “Қызылжар” атты жыры айғақ. Туған ауылына табаны тимесе тыныштық таппайтын. Тауағашқа әр келгені бір үлкен қуаныш еді. “Мен жазушымын!”, “Мен Астанадан келдім” деп ауылына ірілік көрсететін адам ол емес. Ол қарапайым, сабырлы, ақылгөй, жанашыр. Туған жердің бір бұтасы болса да түзу өссе екен деп жүрегіне ізгі мақсат тұтатқан жан сондай болсашы, – депті Балғабек Мұстафин “Soltüstık Qazaqstan” газетіне (1994 жылғы 13 мамыр) шыққан мақаласында.
Осы мақаланы жазу барысында қаламгердің Тауағаш ауылында тұратын туысы Қанат Қосшығұловпен әңгімелестік. Оның айтуынша, Мөртай – бетегеден биік, жусаннан аласа, айналасына сыйлы болған жан.
– Мөртай – әкемнің ағасы. Ауылға келген сайын әрбір үйге сәлем беруге асығатын, орманға барып таза ауамен тыныстауға құмар болды. Туыстарына қолынан келген қамқорлығын аяған емес, дүниенің қызығын адамгершіліктің, кісіліктің қалыбымен өлшеген мәрт кісі еді. Өз қызметінің білгірі болып, заң саласының биігінен көріне білді. Ел жаққа елеңдеп тұратыны әлі күнге дейін көз алдымда. Қашан барсаң да Алматы тұрғындарына “Солтүстіктің еті”, “Солтүстіктің сары майы”, “Солтүстіктің сүті” дегенді жиі айтып, біз апарған базарлықтан үлестіріп беріп жатқаны. Жеңгем екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп, үлгілі отбасылардың қатарынан көрінді. Жеңгем бүгінде Алматыда тұрып жатыр, – дейді Қанат Мөржанұлы.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.