«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАУАҒАШТЫҢ ТҰҒЫРЛЫ ТУМАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл жерлесіміз, саналы ғұмырын заң саласына арнаған адвокат, бұрынғы КСРО Жазушылар одағының мүшесі Мөртай Қосшығұловтың туғанына 100 жыл толды.

1924 жылы Есіл ауданы, Та­уағаш ауылында дүние есігін ашқан Мөртай Қосшығұлов 1941 жылы орта мектепті біті­рісімен кеңшарға есепші болып жұмысқа орналасады. 1942 жылдың күзінде әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан даласынан елге аман-сау оралғаннан кейін 1950-1952 жылдары өзінің туған ауылында мұғалім болған. 1956 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіреді. Диплом алысымен адвокат болған жерлесіміз 1957-1970 жылдары Петропавл қаласының халық сотында қызмет атқарған. Оның Алматы қаласындағы Жетісу (бұрынғы Ленин) аудандық ха­лық сотының төрағасы болғаны өз ісінің нағыз майталманы болғанын дәлелдейді. Мөртай Аманбайұлы 1984 жылы құр­мет­ті зейнет демалысына шық­қан соң жазу ісімен айналысқан. Кейіпкеріміздің қалам тербеген негізгі тақырыбы – заңның үс­темдігі, қылмыс пен жаза, қо­ғамдағы бала тәрбиесі. “Кім кінәлі?”, “Шындық сыры”, “Өмір сүргім келеді”, “Бұғалық” атты кітаптарына осы мәселелер арқау болған.

1973 жылы “Қазақстан” бас­па­сынан жарық көрген “Шындық сыры” кітабында ата-ананың от­басындағы рөлі мен міндетін оқиғалар желісі арқылы көркем бейнелейді. “Тартыс”, “Мойындау”, “Судың да сұрауы бар”, “Сұ­ғанақ” очерктерінде баласын қалалық сәбилер үйіне өткізіп, ақырында “ұясы бұзылған боз­торғайдай шырылдап” қалған әйелдің, қайын енесінің тонын араққа сатқан Кәмілбектің, қой­ма меңгерушісі бола жүріп “заң­сыз алған ақшаны судай төгіп” қызметтен айырылған Садық­тың қилы тағдыры суреттеледі.

Ал “Шындық сырында” би алаңында бір жігітпен төбелесіп қалған Таласбекті Баймұратқа қарсы куә болуға итермелеп, іс насырға шапқанда жауапқа тарт­пай босатып жіберген Мұ­са­ның әрекетін баяндайды. Ең­бексіз табыс тауып, оңай олжаға кенелмек болған арамтамақ жандардың сергелдең өмірі сипатталған “Бұғалық” повесін­дегі оқиғалар желісі оқыған жанды елеңдетпей қоймайды. “Айкенже апай” әңгімесіндегі Бескөрік елді мекенінің тұрғыны Бүркіт қарттың аузынан жазып алған аңызға бергісіз бір апай­дың өмір өткелдері қазақ әйе­лінің қандай мықты болғанына иландырады. Әңгіменің мазмұнына зейін қойсақ, Бескөрік ауылындағы Шарбақбай деген кісінің денелі, кесек келген үлкен қараторы Айкенже есімді балуан қызы болыпты. Қарулы деген жігіттерді қаңбақтай үйіріп, допша лақтыратын қара күш иесі Бектас деген жігітке тұрмысқа шығады. Есіл өңірінде үлкен той болып, жамбасы жер­ге тимеген, аты шулы түйе бал­уандар жиналғанда ол ауыл намысын қорғау үшін бозкілем­ге шыққан. Айкенже апамыз ешкім жеңе алмаған балуанды “Әуп” деп қолшатырдай жоғары көтеріп алып, қос жауырынын жерге тигізе алып ұрады да, кеудесінен басып-басып жібе­ріп: “Сіз ер адамсыз, басыңыз­дан аттамаймын”, – деп кері ше­гініп, өз тобына қосылған екен. Осы күреске дейін жеңіліп көр­меген балуан Айкенженің жеңі­сі­нен кейін масқара болып, топ алдына шығуды қойыпты. 1946 жылы 85 жасқа келіп дүние сал­ған Айкенжеде Алтын есімді жал­ғыз-ақ қызы болған. Жам­был ауданы, Айымжан ауылын­да тұрған Алтынды аталмыш аудандағы Орталық ауылының батыс жағындағы Малдыбай елді мекенінде тұратын Қырық­пай дегенге айттырыпты. Алтын бұған қарсы болады. Қалың ма­лын беріп қойған жігіттің жұрты намыстанып, Алтынды тоқты орнына өңгеріп кете барған. Алтын өзінің сүйген жігітімен бір түнде Қырықпайдың елінен қашып кетеді. Мөртай Қосшы­ғұлов екі жастың махаббатын шебер суреттейді.

“Ақтілек” әңгімесінде ұлт қайраткерлері Сәбит Мұқанов пен Ілияс Омаровтың Петро­павл қаласында қонақ болғанда орын алған диалогына үңілейік:

“…Ілияс қойдың басын мү­ше­лей үлестіріп отырған Сә­битке қарап:

– Теңізде неше толқын бола­ды, білесің бе, Сәбит? – деді.

– Қырдың қазағы, мен оны қайдан білемін. Ал теңіздің тұң­ғыш ноқта киген асаудай, бұл­қын­ғанын көрдім. Константин Ива­нович Айвазовскийдің “То­ғы­зыншы вал” деген суретіне орай толқынның тоғыз түрі болуы керек деп ойлаймын. Өзің білесің бе? – деді Сәбит Ілиясқа қарап, қолындағы үшкір бәкімен қойдың көзін ойып алып жатып.

– Мен де білмейтін едім. Мұх­тар марқұм Арал теңізіне бар­ғанда балықшылардан сұрап жазып алыпты.

– Иә, – деді Сәбең әдетіне басып, – ы-ы, – деп тамағын бір кенеп қойды.

– Cылқылдақ толқын, ақ бас толқын, ақжал толқын, бұйра тол­қын, ереуіл толқын, – деп Аралдың балықшылары түрле­ген. Сол сәтті пайдаланып мен басқа бөлмеге кіре сала блок­нотыма түсіріп алғанмын.

– Япырой, өлі табиғатта то­ғыз толқын болғанда, адам өмі­рінде қанша десеңізші? – деп Сәбең таңдана басын шайқады да:

– Ереуіл толқын долданып көкке атылғанда теңіздің тыны­сы кеудесін қақ айырып жіберер ме дерсің, – деді Сәбең”. Ұзақ жылдар заң саласында қызмет еткен жанның заңғар жазушы­лардың айтқан сөздерін наза­рынан тыс қалдырмай, келер ұрпаққа аманаттауға тырысқа­нына риза боламыз.

2011 жылдың 3 желтоқса­нын­да дүние салған Мөртай атамыздың кішіпейіл болғанын көзін көргендер бүгінге дейін аңыз қылып айтып жүр.

– Мөртай Қосшығұлов әр адам туған жерінің бір өскіні, ол кіндік қаны тамған жерге деген перзенттік парызбен ғұмыр ке­шуі керек деп ұққан жан еді. Ол Алматыда жүргенде Қызылжар­ға деген махаббатын үнемі жү­регінен шығармай, сағыныштың самалындай аялай білді. Оған “Қызылжар” атты жыры айғақ. Туған ауылына табаны тимесе тыныштық таппайтын. Тауағашқа әр келгені бір үлкен қуаныш еді. “Мен жазушымын!”, “Мен Астанадан келдім” деп ауы­лына ірілік көрсететін адам ол емес. Ол қарапайым, сабырлы, ақылгөй, жанашыр. Туған жер­дің бір бұтасы болса да түзу өс­се екен деп жүрегіне ізгі мақсат тұтатқан жан сондай болсашы, – депті Балғабек Мұстафин “Sol­tüstık Qazaqstan” газетіне (1994 жылғы 13 мамыр) шыққан мақа­ласында.

Осы мақаланы жазу бары­сында қаламгердің Тауағаш ауылында тұратын туысы Қанат Қосшығұловпен әңгімелестік. Оның айтуынша, Мөртай – бетегеден биік, жусаннан аласа, айналасына сыйлы болған жан.

– Мөртай – әкемнің ағасы. Ауылға келген сайын әрбір үйге сәлем беруге асығатын, орман­ға барып таза ауамен тыныс­тауға құмар болды. Туыстарына қолы­нан келген қамқорлығын аяған емес, дүниенің қызығын адам­гершіліктің, кісіліктің қалы­бы­мен өлшеген мәрт кісі еді. Өз қыз­ме­тінің білгірі болып, заң сала­сы­ның биігінен көріне білді. Ел жақ­қа елеңдеп тұратыны әлі күн­ге дейін көз алдымда. Қашан бар­саң да Алматы тұрғында­ры­на “Солтүстіктің еті”, “Солтүстік­тің са­ры майы”, “Солтүстіктің сүті” де­­генді жиі айтып, біз апарған базарлықтан үлестіріп беріп жат­қаны. Жеңгем екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп, үлгілі от­басы­лар­дың қатарынан көрін­ді. Жеңгем бүгінде Алматыда тұрып жатыр, – дейді Қанат Мөр­жанұлы.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp