«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2020 жылы 24 қарашада Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында Мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, яғни қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтау міндетін орындауға тиіс. Саяси қуғын-сүргін қасіретін зерттеуге нүкте қою мүмкін емес. Себебі 1917 жылдан бастап 1953 жылға дейінгі большевиктер мен кеңестік билік ылаңының зардабы тым ауқымды.

2021 жылы Саяси қуғын-сүргін жəне аштық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: “Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи əділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бəрін жасайтын боламыз”, – деген еді.

2020 жылы 23 желтоқсанда Премьер-министрдің Өкімімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесі туралы ереже бекітілді.

Мемлекеттік комиссия шешімімен əдістеме бойынша кіші комиссия құрылды. Өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру үшін əдіснама жөніндегі кіші комиссия “Мемлекеттік комиссия мүшелері, кіші комиссия мен жұмыс топтары үшін əдіснама (жалпы)”, сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысына арналған “Жадынама” (нұсқаулық), “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссиялардың қызметін ұйымдастыру жөніндегі əдіснаманы” əзірледі.

Жобалық кеңсе басшысы С.Қасымов Мемлекеттік жəне өңірлік комиссияның ғалымдары мен сарапшыларынан, конференцияларда, семинарларда, мəжілістерде ауызша баяндамалар жасағанда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді – жаппай саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи əділеттілікті қалпына келтіруге, дəлірек айтқанда, құрбандар мен зардап шеккендерді толық ақтауды басшылыққа алуды талап етті.

Мемлекеттік комиссия құпиясыздандыру жөнінде кіші комиссияларды, 10 ғылыми-зерттеу жұмыс тобын, сонымен қатар қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын кешенді зерттеу үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссиялар, ал олардың жанынан тақырыптық бағыттар бойынша жұмыс топтарын құрды. Мемлекеттік комиссия аясында 10 ғылыми-зерттеу тобы жұмыс істеп, кейін 3 ғылыми-зерттеу тобына қысқартылды.

Мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін ең алдымен саяси қуғын-сүргінге қатысты архив деректеріне көптеген зерттеушінің қолы жетіп, тың деректер талай зерттеу тақырыптарына арқау болып, көптеген ғылыми еңбек дүниеге келді. Бұл еңбектер кеңестік сананың қалдықтарымен күресуге қомақты үлес қосады.

Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тəртіп екі ұрпақтың санасына өшіруге келмейтін жарақат салды. Мемлекеттің ең басты құндылығы, капиталы – адам. Адамын құрметтеуге қабілеті жетпеген қоғамның болашағы күңгірт. Адамнан айырылу – үлкен қасірет. Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді, адамның өмір сүруге деген табиғи құқықтарын аяқ асты етті. Қоғамда ата-əжелері қуғын-сүргіннен қасірет шекпеген адам санаулы болар. 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргіннен аман қалған елді мекен, отбасы кемде кем. Отандық танымал ғалымдарымыз қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде іргелі ғылыми еңбектерін жариялап, ұлттық сананың түгелденуіне зор үлесін қосты, əлі де қосып келеді.

Мемлекеттік комиссия жұмысы аясында Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың жаңа тұжырымдамасы, зерттеудің əдістемесі əзірленіп, еліміздегі қуғын-сүргіннің ерекшеліктері айқындалды; саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі (базалық) санаттары белгіленіп, əрбір базалық санатты ақтауда арнайы əдістеме, іргелі ғылыми теориялық қағидаттар мен өлшемдер жасалынды.

Мемлекеттік жəне арнаулы архивтерде құжаттарды құпиясыздандыру бойынша комиссиялар жұмыс істеді. Осы уақытқа дейін баспасөз беттерінде Мемлекеттік комиссияның жұмысына елімізден 240-тан астам ғалым мен сарапшы тартылғаны, олардың 150-і құпия құжаттарға қол жеткізгені, 2 млн. 600 мыңнан астам архив құжаты құпиясыздандырылғаны, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы қолданыстағы заң аясында 311 мыңнан астам құрбан мен зардап шеккендер ақталғандығы да жазылған-ды. Мемлекеттік комиссия тарапынан жүргізілген жұмыстардың барлығы халықаралық стандарттар мен құқықтық нормаларға, құндылықтарға сай.

Жұртшылыққа кеңінен танымал заңгер И.Борчашвили жетекшілігімен жұмыс тобы бұрынғы заңға кірмеген ауылдар мен селолардағы қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын қамтитын “Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандарды толық ақтау туралы” жəне қаһармандарымызды, ұлт азаттығы, тəуелсіздігі жəне Қазақстаннның территориялық тұтастығы жолында құрбан болғандарды, дінін қорғаған ерлерді саяси тұрғыдан ақтайтын “Қазақстанның саяси тəуелсіздігі үшін күрескендер мəртебесі жəне саяси ақтау туралы”, шетелде жүрген қандастарымыз аңсап, сағына күткен “1920-1930 жылдары Қазақстаннан кеткен мəжбүрлі босқындар туралы” заң жобалары əзірленді. Азаттық үшін күрескен тұлғалар, ғалымдардың идея­лары, қоғамдық-саяси қызметтерін, ұйымдар, газет-журналдар саяси тұрғыдан ақтауды күтуде. Қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде саяси баға берілмеген мəселелер жеткілікті.

Бірінші заң жобасы қабылданса, ақталмаған қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің 10-нан астам негізгі (базалық) санаты толық құқықтық тұрғыдан ақталады. Екінші заң жобасы қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын саяси ақтау қажеттілігінен туындады. Сондықтан да, ғылыми идеялары үшін жазықсыз құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдарын, дін қызметкерлерін, Қазақстанның бостандығы, тəуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен ерлерді саяси ақтау қажет. Үшінші заң жобасы мəжбүрлі босқынға ұшырап, тоз-тоз болып сырт жерлерге бытырап, шетелдерді мекен еткен тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қатысты. Босқындар дегеніміз – қоғамда белгілі бір күштердің (саяси, экономикалық, этностық қысым, соғыс, табиғи апат) қысымына қарсы тұруға, төзуге шарасыз болып, өз елінен басқа бір елге көшуге мəжбүр болған адамдар. Босқындар мəртебесі халықаралық жəне ұлттық заңдар бойынша беріледі.

Мемлекеттік комиссияның 3 жылда атқарған жұмысын шағын мақалада толыққанды жет­кізу мүмкін емес. Президент бас­тамасымен қолға алынған осы бір қасиетті жұмысқа мемле­кетшіл санасы биік адамдардың барлығы атсалысты. Тіпті комис­сия құрамында, жұмыс топтарында болмаса да, Жобалық кеңсеге өздігінен хабарласып, тың деректерді қуана-қуана жол­даған азаматтар да болды.

Зерттеушілердің ішінде архивтегі құжаттарды “көзімен” қарағандар да болды. Мəселен, кеңестік саясаткерлердің “аштан өлгенше соғысып өлейік” деп ашынғаннан қолына бар қаруын алып, жауыз билікпен соғысқан адамдарды “бандит”, “қарақшы” жағымсыз кейіпте көрсететін атаулармен атағаны белгілі. Осы атауларды қаз-қалпында қолданғандар да болды. Тұрақты жүргізіліп отырған семинарлар ба­рысында қате көзқарастар да түзелді. Алайда тың деректерді қазбалаған зерттеушілер кəсіби шеберліктерін шыңдап, тың көзқарастармен қаруланды. Əркім өз бағытымен ізденді. Жобалық кеңсе жетекшілігімен, демалыссыз ізденіс тиянақты жұмыстың арқасында “Мемлекеттік комиссия материалдарының топтамасы” көптомдығы жарияланды. 2021 жылы алғашқы 2 жинақ жарық көрген болса, 2022 жылы 14 мың 107 құжат қамтылған 29 жинақ баспадан шықты. Жинақтарды əзірлеуге 121 адам тартылып, 28 республикалық жұмыс тобы, 67 өңірлік комиссия, 16 Жобалық офис мүшелері жəне Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтының 11 қызметкері қатысқан екен.

31 жинақтың ішінде “Ұлт азаттығы, тəуелсіздігі жəне Қазақстаннның территориялық тұтастығы жолындағы күрескерлер” атты архив құжаттары мен материалдар жинағы тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл – бір тарихқа зерек қоғам үшін аса қуанышты жаңалық. Аталарын іздеген адамдардың саны артты. 2023 жылы тың деректерден жинақталған 19 том жарық көрді. Бұл жаңалықты да қарапайым халықтың қуанышпен қарсы алатыны сөзсіз. Себебі біздің қоғамда атасын іздеген адам көп… Осы себептен де Жобалық офис басшылығымен “Халық жады” 20 томдық жинағын құрастыру жұмысы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды қолға алынып, əзірленді. Жобалық кеңсе ұжымдық монография жоспарын əзірлеп, оның бөлімдерін саяси қуғын-сүргін құрбандарының зерттелінетін санатына сəйкес жоба орындаушылары жазып шықты.

Қасірет көріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ата-əжелеріміздің алдындағы перзенттік парызымыз – ақталмағандарын толық ақтап, есімдерін түгелдей қайтару. Қасіреттің болашақта қайталанбауына жол бермеу үшін тарихи əділеттілікті толық қалпына келтіру керек. Əркімді өз биігінен көрсету керек. Кеңестік билік келмеске кетті, тарих жүзінен өткен мемлекеттің жазықсыз құрбаны болған тұлғаларды жаппай ақтау олардың ұрпағының жүрегіндегі жараға ем болар еді. Бұл халықтың көңіл күйін көтеріп, бірлік-ынтымағымыздың, елдігіміздің артуына да себеп болады. Бұл – мəселенің бір қыры. Ал қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде əлі де толықтай зерттелмеген мəселелер жеткілікті. Мəселен, ауылдардың сандармен таңбаланып, өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауылдардың жойылуы; діни халықтық көтерілістер, Алаш зиялыларын қолдаған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғалар; Голощекиннің халықты аяусыз қырған “Кіші Қазан” трагедиясы; аштық кезінде балалар үйінде қырылған балалар; саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар (əйелдер, балалар) секілді іргелі тақырыптар. Сонымен қатар ауылдар мен аудандарда аштық пен саяси қуғын-сүргін жылдарында атылған адамдар жерленген орындарды түгендеп, ескерткіш белгі қою ісі де кезек күттірмейтін мəселе.

Өткен жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін жəне аштық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter желісінде: “Біз бүгін саяси қуғын-сүргін жəне аштық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет əкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мəселе”, – деп жазып еді. Ақтау ісін жалғастыру – ұлттық сананы биіктетуде өте маңызды іс.

Құралай СӘРСЕМБИНА,

Мемлекет тарихы институтының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp