“Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі”, – дейді қазақ. Әйтсе де, уақыт өткен сайын біздің кейбір қыз-келіншектеріміз елдің көркінен гөрі, бәз-біреулердің ермек қылар ойыншығына айналып бара жатқандай.
Бұрын отандық жұлдыздарымыз ашық-шашық киініп, әдептен озса, елдің мазағына қалатын. Ондайларды халық болып қаралайтын. Ал қазір бұған етіміз әбден үйреніп кетті. Тіпті мән бермейтін жағдайға жеттік.
Қыздардың сахна емес, күнделікті өмірде киетін киімдері де көңіл көншітпейді. Әсіресе, жаз маусымында көшеге шыққан кейбір қыз-келіншекке қарап, өзің ұяласың. Тым қысқа, ашық-шашық киіну қазақ қызына абырой әпермесі анық. Қазақ халқы қыз – болашақ ана, шаңырақтың ұйытқысы деп оның тәрбиесіне ерекше мән берген. Инабаттылық, ибалық, тәрбиелілік, ұяңдық қазақ қызының бойынан табылса ғажап қой. Өкінішке қарай, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан, темекі шегіп, қалай болса солай киінетін бойжеткендерді көргенде әттеген-ай дейсің. Ұрпақ азғындалса, құдай ұрды дей бер.
Қазір заман да, адам да өзгерген шығар. Қоғамның дамуы да бір орында тұрған жоқ. Біз зайырлы, тәуелсіз елде тұрамыз. Әркімнің еркі өзінде. Бірақ өзім білемін дегенге салып, әркім көшеде ойына келгенін істесе, халқымыздың тәрбиесіне нұқсан келтіретінін естен шығармау керек. Тым болмаса үйдегі ұл-қыздарымызға ар, ұят мәселесін айтып түсіндіргеніміз жөн болар.
Қазақтың болмыс-бітімі өзгеше. Адамгершілік, сыпайылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды асыл қасиеттеріміздің барын ұмытпайық. Бұл өзге ұлт пен этносқа тіл тигізгенім емес. “Жаман ұлт болмайды, тек жаман адамдар болады” демекші әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, ұстанатын салты бар. Қазақтың қазақтығын танытатын – ұлттық құндылықтары. Сондықтан ұрпақ ұсақталып, адам азғындалмасын десек, үйдегі балаларымыз ар-иман, ұят, сыйластық туралы тәрбиеден тағылым алуы тиіс.
Сайран ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
зейнеткер.