«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өндірістік жарақат өмірге қауіпті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шикізатты өңдейтін кәсіпорындардың қажеттілігі жыл өткен сайын қарқынды өсуде, бұл өз кезегінде жаңа элеваторлар саны артқанының және қолданыстағыларының қуаттары ұлғайғанының анық көрінісі.

Барлық астық қабылдау кәсіпорындары өрт және жарылыс қауіптілігі жоғары кәсіпорындар қатарына жатады. Сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау нормаларын сақтамау элеватор жабдықтарының бұзылуынан бастап, адамдардың өлімі сынды ауыр жағдайларға әкеледі. Мұндай әсерлердің негізгі себебі – астықтың шаңы.

Астықтың шаңы тасымалдау кезінде дәндердің бір-біріне және құрал-жабдықтардың қабырғаларына үйкелісі нәтижесінде пайда болады. Ол – өте қауіпті және жанғыш өнім.

Статикалық электр тогының немесе подшипниктің қызуынан шағын бөлшектер лезде өздігінен жанып, қысым тудырады. Түйіндердің кез келгенінде болатын мұндай жарылыс “алғашқы шаң жарылысы” деп аталады және көбінесе “екінші реттік шаң жарылысының” себебі болып табылады. Мұның салдарынан элеватор ғимараты бұзылып, апатты жағдай орын алады.

Элеваторларда астық басып қалу және биіктіктен құлау жиі орын алады. Өйткені жабдыққа техникалық қызмет көрсету жұмыстары монолитті элеваторлар мен металл сүрлемдерде 30 метрден астам, қоймаларда шамамен 7 метрден астам биіктікте жүреді.

Кез келген қателік немесе елеусіз болып көрінетін қолайсыздықтан – техникалық қызмет көрсету көпірінің, салмақ жетегінің дұрыс тұрмауынан, қолайсыз аяқ киімнен құлап кету қаупі артады.

Бұл тұрғыда әсіресе ескі монолитті элеваторлардың қауіптілігі жоғары. Өйткені жұмыс өткелдерінде, ғимараттардың үстінде темір тормен жабылған жүк тиеу терезелері жиі орналасқандықтан, оларды айналып өту мүмкін емес. Уақыт өте келе торлар адамның салмағына шыдамайды.

Қауіптілік дегеніміз сүрлемнің басынан құлау ғана емес, жұмысшы жерде жүріп-ақ қоқыс шұңқырына түсіп кетуі мүмкін. Жалпы қоқыс шұңқырының беті тормен жабылады. Уақыт өте келе ол адам салмағын көтере алмауы мүмкін. Сол үшін оған торлы еден орнатады.

Астық қабылдау кәсіпорнындағы тағы бір қауіп – астық кептіргіштер. Кептіру жабдығымен жұмыс істеу ережелері дұрыс сақталмаса түтінге улану, астықтың өртенуі, тіпті жарылыс болуы мүмкін.

Жұмыс барысында жабдықтың қозғалып тұрған бөліктерін пайдалану және жөндеу де жұмысшының жарақат алуына немесе өліміне әкеліп соқтыруы мүмкін. Мысалы, жұмысшылар кейде ашық тізбекті немесе таспалы конвейерлерді іске қосу кезінде бір жерін жөндеуге тырысады. Бұндай кезде жұмыс істеп тұрған жабдықтың жақын тұрған адамның киімін өзіне тартып, қолдарын немесе аяқтарын бірге орап әкету қаупі бар. Осы ретте адамдардың жұмыс істеп тұрған жабдықтарға қолжетімділігін шектеу керек.

Жалпы кәсіпорындардың төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жоюға дайындығы жоғары болғаны жөн. Мұны төтенше жағдайды немесе өртті жою кезінде жеке құрамның сауатты іс-қимылдары мен ауыр зардаптарға әкеп соқтырған жекелеген жағдайлардың жоқтығына қарап көз жеткізуге болады. Бұл орайда көптеген кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аумақтық органдар өкілдерінің қатысуымен оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізілуде.

Инспекторлар қауіпті өндірістік объектілерде профилактикалық бақылау жүргізген кезде кейбір кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуына қарап, қауіп жоғары екенін анықтайды. Мұндай немқұрайлылық ерте ме, кеш пе қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.

Жұмысшы үйінен шығарда аман-есен оралатынына сенімді болуы керек. Бұл – қазірдің өзінде қауіпті өндірістік нысандарды пайдаланатын кәсіпорын басшыларының басты міндеті. Ол үшін қызметкерлерді өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқытуды жүйелі түрде жүргізіп, нұсқау беріп отыру қажет. Сонымен қатар жұмысшылардың барлық жағдайларын – комбинезондармен, биіктікте жұмыс істегенде тірек белдіктерімен, қауіпсіздік кабельдерімен қамтамасыз етіп, жұмыс жүріп жатқан аумақтарды қоршауы керек.

Түйіндей келе, астық қабылдау кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды рөл атқаратынын қаперге салғымыз келеді. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ кәсіпорынның қаржылық әл-ауқаты заңнаманың дұрыс орындалуына да байланысты.

Бағдат ЖОЛДОҒАРИН,

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің салааралық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp