М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде грант конкурсына өтініштер қабылдау басталды. Грант конкурсының нәтижелері 10 тамызда белгілі болмақ. Биыл білім гранттарын тағайындауға бірқатар өзгерістер енгізілген.
Мұндағы қабылдау комиссиясы тіпті демалыс күндері де жұмыс істеп тұр. Бұл жолы жергілікті университетке 2 мыңға жуық білім гранты бөлінген. Оның ішінде тасқыннан зардап шеккен өңірлердің түлектеріне ерекше назар аударылған. Солтүстікқазақстандық талапкерлер конкурсқа өзі тапсырған 4 ҰБТ нәтижелерінің ең жоғарысын ұсына алады.
– Педагогикалық квота бойынша 300 грант қарастырылған. Алдағы уақытта университетте жаңадан 2 жатақхана қолданысқа беріледі. Студенттердің шетелде тәжірибеден өтуіне жағдай жасалған. Қазіргі таңда 6 мемлекетпен байланысымыз бар, – дейді қабылдау департаментінің директоры Гүлмира Оспанова.
Сонымен қатар университет халық тығыз қоныстанған өңірлердің талапкерлеріне грант беру бағдарламасына да қатысады. Оған батыс және оңтүстік өңірлердегі мектеп түлектері қатыса алады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.