«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛТ БАСТЫ, САБАУ ҚАМШЫЛЫ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақта “Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды” деген сөз бар. Кезінде жастардың көбі осы ұстаныммен шаңырақ құрып, қол ұстасатын. Алайда қазір бәрі керісінше. Бүгінгінің қыз-жігіттері үйленбес бұрын алдымен малым төртеу болсын деп ойлайтын сияқты. Әйтеуір қызмет, кәсіп деп жүріп отызды қалай маңайлап қалғандарын да білмей қалады. Соның салдарынан аға буынның қатарына қосылып бара жатса да салт басты жүргендерді көрсек, таңғалмайтын болдық. Оқуы мен жұмысынан бас алмай жүріп оң жақта отырған қыздардың көптігіне де көзіміз үйренген.

Елімізде үйленбей жүрген жас­тардың саны жыл сайын ар­тып келеді. Бұған жігіттер қауы­мы әлеуметтік жағдайының сын көтермей тұрғанын сылтаурат­са, қара көздеріміз еркіндіктерін қиып, өзге шаңырақта келіндік қыз­метін атқарудан қашадымыс. Бауыржан Момышұлы­ның “25 жастан асып үйленбей жүрген азаматтар халық жауы” деген сөзін ескерсек жастардың айтып жүргендері себеп емес, жауапкершіліктен қашу, ұлт ал­дындағы өз перзенттік боры­шын орындамау болып санал­мақ. Әрине, жасы жеткесін өз орны мен ортасын табудың өзі білімділік.

Отызға келсе де отбасы бақытын сезінбей жүр­ген орда бұзарларымыздың көбеюі ұлт санының артуына кері әсерін тигізуде. Осы тұста үйленбей жүрген жастардың өздерінің пікірлерін білгенді жөн көрдік.

– Адам қанша жерден ты­рысса да тағ­дырдың маңдайға жазғанынан ұзап кете алмайды. Жаратушы иеміз өзі жаратқан пендесін ала­лап айырмайды. Жастардың үй­ленбей жүруінде бәлендей се­беп бар деп ойла­маймын. Қара көздеріміздің “келін болуға дайын емеспін” деген сөзімен то­лықтай келісе қоймаймын. Егер қыз балалар өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шық­қы­сы келсе онда сол елдің мә­дениетін, тілін білу үшін уақыт керек екені рас. Ал қазақ пен қазақ отбасын құру үшін жәй ғана ниет болса жеткілікті, – дей­ді Жұмабек Тә­шенов атындағы 20-шы орта мек­тептің мұғалімі Айдос Абах­ұлы.

Ұл-қызым үйленгеннен кейін бақытсыздыққа тап болмасын, қате шешім қабылдап өмірін өкі­нішпен өткізбесін деген мақ­сатпен баласының жар таңдауына ата-ана мұқият қарауы тиіс. Бұ­рын тектілік қанына сіңген, отба­сы­лық тәрбиесі мықты шаңы­рақ­тың қызын өз ұлдарына айтты­рып алып беретін салт болған. Қыз жақтың ата-анасы да босқа қарап отырмай арнайы келген елшілердің елін, күйеу жігіттің мінезін, ата-анасының қандай адам екенін толық ой елегінен өт­кізіп барып ризашы­лығын біл­дірген. Өкінішке қа­рай, мұны қазіргі жастарымыз бен кейбір зиялы қауым өкілдері ескілікпен, әйел тең­сіздігі мәселе­сімен байланыс­тырады. Кешегі қазақ қоғамын сүттей ұйытқан осы дәстүр еке­ні бәрімізге аян. Жастар жағы өзара ымырала­сып, екі жақ бір-бірі үшін нендей тәуекелге бол­са да бара алар­лық батылдығы, теңізден терең сүйіспеншілігі бол­са әрине оған қарсы болып жатқан жан жоқ. Кейінгі кез­де жеке бастың не отбасы­лық пайданы көздеген ашкөз­дер­дің қанағатсыз пиғы­лы сал­дарынан бұл дәстүрдің кері әсерге ұшырағаны шын­дық.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметтеріне жүгінсек, ел­дегі орташа үйлену жасы 28 екен. Демек жастардың басым бөлігі отызды алқымдаған тұста ғана шаңырақ көтеру туралы ойлана бастайды. Маңғыстауда бұл көрсеткіш 26 жастың ма­ңайында. Тізімде өңіріміз соңғы орындардың біріне жайғасқан. Кеш үйлену бойынша көш бас­тап тұрған Шығыс Қазақстан об­лысынан кейінгі кезек Қызыл­жарда. Біздегі орташа көрсеткіш – 29 жас.

Деректерге сенсек, елімізде кеш отау құратын қыздардан гөрі ерлер саны басым. Мәсе­лен 18-19 жасында 2,5 мың жігіт неке қиса, осы жаста теңін тапқан бойжеткендердің саны 16,5 мың. Бұл да отау құ­рудағы ер адамның алғашқы қа­дамы­ның қаншалықты маңыз­ды еке­нін көрсетеді. Егер жас жігіттер бойдақ болып жүріп алмаса, көрсеткіштер бү­гінгідей болмас еді.

– Шаңырақ көтеріп, жеке отау иесі болу – өмірлік іс, бала­лықтан даналық жолына түсу деген сөз. Үйленіп, өз алдына отау құрып, бақытты отбасы иесі атанғысы келмейтін жан жоқ шығар. Еліміздегі бойдақ­тар санының артуы арадағы се­німсіздіктің салдарынан болса керек. Қазіргі заманда көп адам­дар өздерінің жеке басының пай­дасын күйттеп, соның жетегінде қандай әрекетке болса да бару­дан тайсалмайды. Сезімін ішіне жа­сырып қалған, сыртқа шыға­рып, осалдық танытқысы келмей­ді. Біздің ауылдағы адамдардың көбі – ата дәстүр бойынша үйлен­гендер, солардың ішінен ажыра­сып кеткендер болған емес. Сон­дықтан өмірлік тәжірибеден алынған осы бір салтты қайта­дан саналы жолмен жанданды­рып, үйленбей жүрген жастар­дың шаңырақ көтеріп, ертерек отау иесі атануына мүмкіндік жа­сасақ, ұлт санының артуына оң пайдасын тигізері анық, – дейді студент Мақпият Серікұлы.

Жастардың үй болуы бола­шақта мемлекеттің дамуына оң әсер ететін үрдіс болғандықтан, отау құрғандарға арнайы қолдау шараларын қарастырған да жөн сияқты. Әйтпесе, осы күні халық­тың көбі несиенің шырмауынан шыға алмай, пәтерден-пәтерге көшіп, күн көріп жүргені жасырын емес. Жас отбасыларға жеңіл­детілген ипотека, дүниеге келген әр перзент үшін берілетін ақы арт­са, жастардың алдындағы ке­дергілер де азайып, келер күнге алаңдамай қол ұстасатын ерлі-зайыптылар көп болар еді. Біз тұрғындары өмір бойы соқа ба­сын сүйретіп жалғыз өтсе де одан ештеңе бола қоймайтын, адамдары азаматтық некеге жиі жүгінетін, өмір жағдайы жайлы, табысы мол батыс елдерінде тұр­маймыз. Қазіргідей жағдайда бізге, ең алдымен, халық санының артып, дәстүрлі құндылықтары­мыздың берік орнағаны керек.

Елдің дамуы, ұлт­тық руха­нияттың алға басуы ті­келей ха­лық санына байланыс­ты. Өкініш­ке қарай, жастарымыз өзде­рінің мойнына жүктелген жауап­кер­шіліктен тайсақтап, ұлт са­нының өсуіне кері ықпалын ти­гізуде. Егер ол өзіне және айна­ласына сенімсіздікпен қарап, батыл ше­шім қабылдауға тәуе­кел ете ал­маса, тізгінді ата-анасының қо­лы­на бергені жөн. Жазушы Ас­қар Та­та­найұлы “өмір киноға қа­рағанда, неше есе бақытсыз әлем” деген екен. Сондықтанда өмірдің сан қилы қиын тұстарын бірге жеңіп, асқаралы асуларды бірлікпен бағындырар, жабық­қан­да жа­дың­нан табылар қоса­ғың­ның бол­ғаны маңызды. Ке­ше­гі Ләйлі – Мәжнүн, Жү­сіп – Зы­лиқа, Фархад – Шырын, Таһир – Зуһра, Арзу – Қамбар, Уәлік – Ғаф­ра, Уәки – Күлшай, Еңлік – Ке­бек, Сәлиха – Сәмен, Қыз Жібек – Төлеген, Қалқаман – Мамыр, Естай – Қорландардың жолымен болмаса да рухымен үндесе алар қыз-жігіттеріміз көп болса екен.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp