Қазақта “Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды” деген сөз бар. Кезінде жастардың көбі осы ұстаныммен шаңырақ құрып, қол ұстасатын. Алайда қазір бәрі керісінше. Бүгінгінің қыз-жігіттері үйленбес бұрын алдымен малым төртеу болсын деп ойлайтын сияқты. Әйтеуір қызмет, кәсіп деп жүріп отызды қалай маңайлап қалғандарын да білмей қалады. Соның салдарынан аға буынның қатарына қосылып бара жатса да салт басты жүргендерді көрсек, таңғалмайтын болдық. Оқуы мен жұмысынан бас алмай жүріп оң жақта отырған қыздардың көптігіне де көзіміз үйренген.
Елімізде үйленбей жүрген жастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұған жігіттер қауымы әлеуметтік жағдайының сын көтермей тұрғанын сылтауратса, қара көздеріміз еркіндіктерін қиып, өзге шаңырақта келіндік қызметін атқарудан қашадымыс. Бауыржан Момышұлының “25 жастан асып үйленбей жүрген азаматтар халық жауы” деген сөзін ескерсек жастардың айтып жүргендері себеп емес, жауапкершіліктен қашу, ұлт алдындағы өз перзенттік борышын орындамау болып саналмақ. Әрине, жасы жеткесін өз орны мен ортасын табудың өзі білімділік.
Отызға келсе де отбасы бақытын сезінбей жүрген орда бұзарларымыздың көбеюі ұлт санының артуына кері әсерін тигізуде. Осы тұста үйленбей жүрген жастардың өздерінің пікірлерін білгенді жөн көрдік.
– Адам қанша жерден тырысса да тағдырдың маңдайға жазғанынан ұзап кете алмайды. Жаратушы иеміз өзі жаратқан пендесін алалап айырмайды. Жастардың үйленбей жүруінде бәлендей себеп бар деп ойламаймын. Қара көздеріміздің “келін болуға дайын емеспін” деген сөзімен толықтай келісе қоймаймын. Егер қыз балалар өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққысы келсе онда сол елдің мәдениетін, тілін білу үшін уақыт керек екені рас. Ал қазақ пен қазақ отбасын құру үшін жәй ғана ниет болса жеткілікті, – дейді Жұмабек Тәшенов атындағы 20-шы орта мектептің мұғалімі Айдос Абахұлы.
Ұл-қызым үйленгеннен кейін бақытсыздыққа тап болмасын, қате шешім қабылдап өмірін өкінішпен өткізбесін деген мақсатпен баласының жар таңдауына ата-ана мұқият қарауы тиіс. Бұрын тектілік қанына сіңген, отбасылық тәрбиесі мықты шаңырақтың қызын өз ұлдарына айттырып алып беретін салт болған. Қыз жақтың ата-анасы да босқа қарап отырмай арнайы келген елшілердің елін, күйеу жігіттің мінезін, ата-анасының қандай адам екенін толық ой елегінен өткізіп барып ризашылығын білдірген. Өкінішке қарай, мұны қазіргі жастарымыз бен кейбір зиялы қауым өкілдері ескілікпен, әйел теңсіздігі мәселесімен байланыстырады. Кешегі қазақ қоғамын сүттей ұйытқан осы дәстүр екені бәрімізге аян. Жастар жағы өзара ымыраласып, екі жақ бір-бірі үшін нендей тәуекелге болса да бара аларлық батылдығы, теңізден терең сүйіспеншілігі болса әрине оған қарсы болып жатқан жан жоқ. Кейінгі кезде жеке бастың не отбасылық пайданы көздеген ашкөздердің қанағатсыз пиғылы салдарынан бұл дәстүрдің кері әсерге ұшырағаны шындық.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жүгінсек, елдегі орташа үйлену жасы 28 екен. Демек жастардың басым бөлігі отызды алқымдаған тұста ғана шаңырақ көтеру туралы ойлана бастайды. Маңғыстауда бұл көрсеткіш 26 жастың маңайында. Тізімде өңіріміз соңғы орындардың біріне жайғасқан. Кеш үйлену бойынша көш бастап тұрған Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі кезек Қызылжарда. Біздегі орташа көрсеткіш – 29 жас.
Деректерге сенсек, елімізде кеш отау құратын қыздардан гөрі ерлер саны басым. Мәселен 18-19 жасында 2,5 мың жігіт неке қиса, осы жаста теңін тапқан бойжеткендердің саны 16,5 мың. Бұл да отау құрудағы ер адамның алғашқы қадамының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Егер жас жігіттер бойдақ болып жүріп алмаса, көрсеткіштер бүгінгідей болмас еді.
– Шаңырақ көтеріп, жеке отау иесі болу – өмірлік іс, балалықтан даналық жолына түсу деген сөз. Үйленіп, өз алдына отау құрып, бақытты отбасы иесі атанғысы келмейтін жан жоқ шығар. Еліміздегі бойдақтар санының артуы арадағы сенімсіздіктің салдарынан болса керек. Қазіргі заманда көп адамдар өздерінің жеке басының пайдасын күйттеп, соның жетегінде қандай әрекетке болса да барудан тайсалмайды. Сезімін ішіне жасырып қалған, сыртқа шығарып, осалдық танытқысы келмейді. Біздің ауылдағы адамдардың көбі – ата дәстүр бойынша үйленгендер, солардың ішінен ажырасып кеткендер болған емес. Сондықтан өмірлік тәжірибеден алынған осы бір салтты қайтадан саналы жолмен жандандырып, үйленбей жүрген жастардың шаңырақ көтеріп, ертерек отау иесі атануына мүмкіндік жасасақ, ұлт санының артуына оң пайдасын тигізері анық, – дейді студент Мақпият Серікұлы.
Жастардың үй болуы болашақта мемлекеттің дамуына оң әсер ететін үрдіс болғандықтан, отау құрғандарға арнайы қолдау шараларын қарастырған да жөн сияқты. Әйтпесе, осы күні халықтың көбі несиенің шырмауынан шыға алмай, пәтерден-пәтерге көшіп, күн көріп жүргені жасырын емес. Жас отбасыларға жеңілдетілген ипотека, дүниеге келген әр перзент үшін берілетін ақы артса, жастардың алдындағы кедергілер де азайып, келер күнге алаңдамай қол ұстасатын ерлі-зайыптылар көп болар еді. Біз тұрғындары өмір бойы соқа басын сүйретіп жалғыз өтсе де одан ештеңе бола қоймайтын, адамдары азаматтық некеге жиі жүгінетін, өмір жағдайы жайлы, табысы мол батыс елдерінде тұрмаймыз. Қазіргідей жағдайда бізге, ең алдымен, халық санының артып, дәстүрлі құндылықтарымыздың берік орнағаны керек.
Елдің дамуы, ұлттық руханияттың алға басуы тікелей халық санына байланысты. Өкінішке қарай, жастарымыз өздерінің мойнына жүктелген жауапкершіліктен тайсақтап, ұлт санының өсуіне кері ықпалын тигізуде. Егер ол өзіне және айналасына сенімсіздікпен қарап, батыл шешім қабылдауға тәуекел ете алмаса, тізгінді ата-анасының қолына бергені жөн. Жазушы Асқар Татанайұлы “өмір киноға қарағанда, неше есе бақытсыз әлем” деген екен. Сондықтанда өмірдің сан қилы қиын тұстарын бірге жеңіп, асқаралы асуларды бірлікпен бағындырар, жабыққанда жадыңнан табылар қосағыңның болғаны маңызды. Кешегі Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиқа, Фархад – Шырын, Таһир – Зуһра, Арзу – Қамбар, Уәлік – Ғафра, Уәки – Күлшай, Еңлік – Кебек, Сәлиха – Сәмен, Қыз Жібек – Төлеген, Қалқаман – Мамыр, Естай – Қорландардың жолымен болмаса да рухымен үндесе алар қыз-жігіттеріміз көп болса екен.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ.