“Конвент” сөзі латын тілінен аударғанда “жиын”, “жиналыс”, “билік айтушы орган” дегенді білдіреді. Кей елдерде бұл сөз партиялар мен ірі саяси күштердің, түрлі қозғалыстардың басқосуларына қатысты қолданылады. Алайда біздің елде бұған дейін конвент дегенді көз көріп, құлақ естіген емес. Содан да болар Қазақстанда тұңғыш жастар конвенті өтеді деген хабар шыққанда елдің көбі елең ете қалды. Маған сол конвентке Қызылжардан баратын жастардың құрамында болу бақыты бұйырды.
Бүгінде Қазақстан халқының белгілі бір бөлігін жастар құрайды. Уақыт өтіп, жас ұрпақ жетілген сайын қоғамда жаңа қажеттіліктер туындайды. Бүгінгі Қазақстан жастарының да өз ұстанымдары, көзқарастары мен алға қойған мақсаты бар. Жаңа Қазақстан, жарқын болашақ туралы жастардың ойы да бөлек. Біздің буын көп нәрсені басқаша қабылдайды. Тіпті өнердегі талғамы да бөлек. Осындай жастардың басын қосып, ортақ іске біріктіру жолында елорда төрінде алғашқы жастар конвенті өтті. ЕХРО алаңында ұйымдастырылған ауқымды шараға еліміздің 20 өңірінен 7 мың жас қатысты. Бұл тек шараға қатысуға жолдама алған жандар ғана. Алғашында мұнда келуге 13 мың өтініш түскен. Алайда соның ішінен тек 7 мыңына билет бұйырған. Осының өзі қазіргі қазақ жастарының қаншалықты белсенді, өзгерістерге бейжай қарамайтынын көрсетеді.
“Қазақстан – бар ғұмырым” конвентінің басты мақсаты – жастардың басын қосып, олардың арасында берік байланыс қалыптастырып, бірлігін нығайту. Шара барысында әр жерден келген қатысушылардың бір-бірімен танысып, пікір алмасуы үшін жағдай жасалды. Ол үшін тіпті арнайы мобильді қосымша ойлап табылған. Шараға арнап арнайы “DOS_coin” валютасы ойлап табылған. Валютаға конвенттің 15 алаңында өткен шараларға қатысу арқылы ие болуға болады. Кейін оны арнайы кәдесыйларға, киімдер мен қымбат бренд заттарға алмастыруға мүмкіндік туды.
“Акционистер жарысы” конвенттің басты оқиғасына айналды. Онда үздік 12 команда өздерінің жобаларын таныстырып, грант иелену үшін дауыс жинады. Командалардың ұсынған жобалары да өзекті. Бірі заңсыз қоқыс полигондарын жоюға қарсы жобаларын ұсынса, бірі вандализмнің алдын алудың жолдарын көрсетті. Өзгелер мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату, әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық, кәмелеттік жасқа толмағандарға алкоголь сату, лудомания сияқты маңызды тақырыптарды көтерді.
Ұйымдастырушылардың мыңдаған адамды қабылдап, қызмет көрсетуге тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Конвент аясында күні бойы әртүрлі тақырыптардағы дәрісханалар, контент-алаңдар жұмыс істеп, онда белгілі спикерлер мен сарапшылар өз білгендерімен бөлісті. Келушілер мәдениет, стиль, тамақтану, стрит-арт, спорт, музыка, би т.б. салалар бойынша іс-шараларға қатысты. Мәселен, би алаңында елге белгілі көше биінің шеберлері өнер көрсетті. Бұған қызығушылар шеберлік сабағына қатысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Ал үлкен аумақты алып жатқан стиль аумағында отандық киім брендтерінің өнімдері таныстырылды. Қазір заманауи ұлттық киімге деген сұраныстың жоғары екені сол шарада айқын көрінді. Белгілі кәсіпкерлер сән саласында кәсіп бастап, табысқа жету туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Спорт аймағында елге танымал чемпиондар түрлі трюктер көрсетіп, онысын ниет білдіргендерге үйретіп те жатты. Күрес аймағында кәсіби спортшылар ұлттық спорттың қыр-сырын ұғындыруға тырысты. Музыка аймағында әр жас трек жазуға мүмкіндік алды. Ал тағы бір алаңда белгілі сарапшылардың қатысуымен жасанды интеллект, оның өмірімізге әсері туралы тақырып талқыланды. Осы саланың білгірлері жаңа технологияларды пайдаланып, табысқа жету жолдары туралы айтты. Мұның бәрі жастардың басын қосып, олардың жаңа нәрсе үйреніп, көкжиектерін кеңейтуге оң ықпал етті деп сенемін.
– Біздің басты құндылықтарымыз – прагматизм, креатив, білім мен еңбекқорлық. Еліміздегі оң өзгерістер үшін біз бүгінгі шараны ұйымдастырдық. Жастар өздері сияқты жаңашыл замандастарының көп екенін көріп жаңа іске қанаттанады. Елдің жарқын болашағын көксеген жастар біріккен кезде елде оң өзгерістер басталады деп сенеміз, – дейді шара ұйымдастырушысы, “Жаңа адамдар” қозғалысының жетекшісі Әлия Рахымжан.
Өзіме шара соңында елімізге танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерт ұнады. Онда мыңдаған жас жұлдыздармен бірге ән айтып, көңіл көтерді. Осылайша жаңа адамдармен танысып, алдағы күнге мотивация алып, Қызылжарға оралдық. Меніңше, бұл шара еліміздегі жастардың шын мәнінде үлкен күш болып біріге алатынын көрсетті. Әрине, алғаш рет ұйымдастырылған конвент болғандықтан кемшіліктерді де байқадық. Бірақ ұйымдастырушылардың қойған мақсаты айқын, бағыты түзу. Олар алдағы уақытта бұл шараның дәстүрге айналатынын айтып қуантты.
Айшагүл ӘШІМОВА.
Қызылжар-Астана-Қызылжар.