«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоғамның қозғаушы күші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Конвент” сөзі латын ті­лі­нен аударғанда “жиын”, “жи­налыс”, “билік айтушы орган” дегенді білдіреді. Кей елдерде бұл сөз партиялар мен ірі саяси күштердің, түрлі қозғалыстардың бас­қосуларына қатысты қол­да­­нылады. Алайда біздің елде бұған дейін конвент де­генді көз көріп, құлақ есті­ген емес. Содан да болар Қа­зақстанда тұңғыш жастар конвенті өтеді деген хабар шыққанда елдің көбі елең ете қалды. Маған сол конвентке Қызылжардан бара­тын жастардың құрамында болу бақыты бұйырды.

Бүгінде Қазақстан халқының белгілі бір бөлігін жастар құ­райды. Уақыт өтіп, жас ұрпақ же­тілген сайын қоғамда жаңа қа­жет­тіліктер туындайды. Бүгінгі Қа­зақстан жастарының да өз ұс­танымдары, көзқарастары мен алға қойған мақсаты бар. Жаңа Қазақстан, жарқын болашақ ту­ралы жастардың ойы да бөлек. Біздің буын көп нәрсені басқаша қабылдайды. Тіпті өнердегі тал­ға­мы да бөлек. Осындай жастар­дың басын қосып, ортақ іске бі­ріктіру жолында елорда төрінде алғашқы жастар конвенті өтті. ЕХРО алаңында ұйымдастырылған ауқымды шараға еліміздің 20 өңірінен 7 мың жас қатысты. Бұл тек шара­ға қатысуға жолдама алған жан­дар ғана. Алғашында мұнда ке­лу­ге 13 мың өтініш түскен. Алай­да соның ішінен тек 7 мыңына билет бұйырған. Осының өзі қа­зіргі қазақ жастарының қанша­лықты белсенді, өзгерістерге бейжай қарамайтынын көрсе­теді.

“Қазақстан – бар ғұмырым” конвентінің басты мақсаты – жастардың басын қосып, олардың арасында берік байланыс қалыптастырып, бірлігін нығайту. Шара барысында әр жерден кел­ген қатысушылардың бір-бірімен танысып, пікір алмасуы үшін жағ­дай жасалды. Ол үшін тіпті ар­найы мобильді қосымша ойлап табылған. Шараға арнап арнайы “DOS_coin” валютасы ойлап табылған. Валютаға конвенттің 15 алаңында өткен шараларға қа­тысу арқылы ие болуға болады. Кейін оны арнайы кәдесыйларға, киімдер мен қымбат бренд заттарға алмастыруға мүмкіндік туды.

“Акционистер жарысы” конвенттің басты оқиғасына айналды. Онда үздік 12 команда өздерінің жобаларын танысты­рып, грант иелену үшін дауыс жинады. Командалардың ұсынған жоба­лары да өзекті. Бірі заңсыз қоқыс полигондарын жоюға қарсы жо­баларын ұсынса, бірі вандализмнің алдын алудың жолда­рын көрсетті. Өзгелер мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату, әйел­дерге көрсетілетін зорлық-зомбылық, кәмелеттік жасқа толма­ғандарға алкоголь сату, лудома­ния сияқты маңызды тақырып­тарды көтерді.

Ұйымдастырушы­лардың мыңдаған адамды қа­былдап, қызмет көрсетуге тың­ғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Конвент аясында күні бойы әртүрлі тақырыптардағы дә­рісханалар, контент-алаңдар жұмыс істеп, онда белгілі спи­керлер мен сарапшылар өз біл­гендерімен бөлісті. Келушілер мәдениет, стиль, тамақ­тану, стрит-арт, спорт, музыка, би т.б. салалар бойынша іс-шараларға қатысты. Мәселен, би алаңында елге белгілі көше биінің шеберлері өнер көрсетті. Бұ­ған қызығушылар шеберлік са­бағына қатысып, тәжірибе жи­нау­ға мүмкіндік алды. Ал үлкен аумақты алып жатқан стиль ау­мағында отандық киім брендте­рінің өнімдері таныстырылды. Қа­зір заманауи ұлттық киімге деген сұраныстың жоғары екені сол шарада айқын көрінді. Белгілі кә­сіпкерлер сән саласында кәсіп бас­тап, табысқа жету туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Спорт аймағында елге танымал чемпиондар түрлі трюктер көрсетіп, онысын ниет білдіргендерге үй­ретіп те жатты. Күрес аймағында кәсіби спортшылар ұлттық спорттың қыр-сырын ұғындыру­ға тырысты. Музыка аймағында әр жас трек жазуға мүмкіндік алды. Ал тағы бір алаңда белгілі сарапшылардың қатысуымен жа­санды интеллект, оның өмірімізге әсері туралы тақырып талқылан­ды. Осы саланың білгірлері жаңа технологияларды пайдаланып, та­бысқа жету жолдары туралы айтты. Мұның бәрі жастардың ба­сын қосып, олардың жаңа нәрсе үйреніп, көкжиектерін кеңейтуге оң ықпал етті деп сенемін.

– Біздің басты құндылық­тары­мыз – прагматизм, креатив, бі­лім мен еңбекқорлық. Еліміздегі оң өзгерістер үшін біз бүгінгі ша­ра­ны ұйымдастырдық. Жастар өздері сияқты жаңашыл заман­дас­та­рының көп екенін көріп жаңа іске қанаттанады. Елдің жар­қын болашағын көксеген жастар бі­рік­кен кезде елде оң өз­герістер басталады деп сенеміз, – дейді шара ұйымдастырушы­сы, “Жаңа адамдар” қозғалы­сы­ның жетек­шісі Әлия Рахымжан.

Өзіме шара соңында елімізге танымал эстрада жұлдыздары­ның қатысуымен өткен концерт ұнады. Онда мыңдаған жас жұл­дыздармен бірге ән айтып, көңіл көтерді. Осылайша жаңа адам­дар­мен танысып, алдағы күнге мо­тивация алып, Қызылжарға орал­дық. Меніңше, бұл шара елі­міздегі жастардың шын мәнінде үлкен күш болып біріге алаты­нын көрсетті. Әрине, алғаш рет ұйымдастырылған конвент бол­ған­дықтан кемшіліктерді де бай­қадық. Бірақ ұйымдастырушы­лар­дың қойған мақсаты айқын, бағыты түзу. Олар алдағы уақыт­та бұл шараның дәстүрге айна­латынын айтып қуантты.

Айшагүл ӘШІМОВА.

Қызылжар-Астана-Қызылжар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp