Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оқыту курсы ашылды. Шараны “АРДОС-Жүрек” ұйымы “TEN QOGAM” әлеуметтік қолдау орталығының жобасы аясында ұйымдастырып отыр. Курсқа қатысуға әзірге төрт адам ниет білдіріпті. Солардың бірі – Анастасия Геранюшкина. Нәзік жан бухгалтерлік істің қыр-сырын меңгеріп жүр.
– Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Бухгалтерлік қызмет саласы бұрыннан қызықтыратын. Бұл кәсіптің қыр-сырын танудың сәті туғандықтан оқып алуды жөн көрдім. Сабақ қиын деп айта алмаймын. Дәріс оқушылар тақырыпты жақсы түсіндіреді, – дейді Анастасия Геранюшкина.
Дәріс оқушы мамандар – жергілікті бухгалтерлік фирма қызметкерлері. Жалпы бұл “АРДОС-Жүрек” ұйымы қолға алған жалғыз бастама емес. Алда әлі 5 кәсіптің қыр-сырын тануға мүмкіндік беретін курстар ұйымдастырылмақ. Олар: бизнес бастау әрі жүргізу, мобилогроф, веб-дизайнер, тағысын тағы. Қарап отырсаңыз, барлығы – сұранысқа ие бағыттар. Оқыту курсы басталмас бұрын тыңғылықты дайындық жүргізіледі, әуелі топ құрылады, сосын азаматтардың қалауы сұралады, ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Зерттеп-зерделеуден кейін тәлімгерлер іздестіріледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.