Қандай да бір теріс әдетке тәуелділік – бүгінде қоғамды жайлаған дертке айналып, оның түрі жылдан-жылға көбейіп келеді. Зиянды әдет құрдымға құлатып, суицид, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты жағдайға жеткізуде.
Психологияда тәуелділік қатерлі дерттердің қатарына жатқызылады. Бұл дертке шалдыққан адамның жанына тыныштық жоқ, яғни жан-дүниесі әлденеге алаңдайды да тұрады. “Ғылымда “экзистенциалды вакуум” деген түсінік бар. Бұл дегеніміз – адамның рухының жаншылуы, үмітсіздік, шарасыздықтың пайда болуы. Шешілмеген мәселелер қордалана келе адамды осындай күйге түсіреді. Кей жағдайда бұдан құтылу үшін бір адамға басқа жанмен әңгімелескен жеткілікті. Кейбіреу үшін серуендеген пайдалы болса, енді бірі жақсы фильм қарау арқылы бұл негативті сезімнен құтылады. Біреу жанын жеген мәселеден құтылу үшін бірер шөлмек сыра ішсе, енді бірі есірткі тұтыну арқылы жанына тыныштық таппақ болады. Бірақ мұның бәрі бекер, адам жаны тынышталуы үшін махаббат пен мейірім керек, алайда қазіргі адамдардың көбі мұндай сезімдер жайында ұмытқан”, – дейді 17 жылдық тәжірибесі бар психолог Олег Матвеев.
Иә, “әлемді мейірім құтқарады” деген сөз бекер айтылмаса керек. Қазіргі қоғамда жылтыраған қызылды-жасылды дүниеге деген құмарлық салтанат құруда. Адамзат баласы ғұмыр кешкен қандай да бір кезеңді алып қарамайық, байлық пен атақтың адамдар арасындағы мейірім-махаббаттың орнын баса алған кезі жоқ. Сәт сайын дамып жатқан әлеуметтік желілер де біздің дүниеге деген іңкәрлігімізді оятып жібергендей. Неге десеңіз, желіде бәрі әдемі, бәрі бақытты секілді. Саусағыңның ұшымен түрте қалғанда көз алдыңа шалқып-тасып ғұмыр кешіп жүрген жанның портретін көрсететін желі, әсіресе, жастардың санасына “неге менің өмірім мұндай емес?” деген сауалдың дәнін егуде. Бұл сұрақтың жауабын жастар есірткіден, құмар ойыннан іздейді. Шарқ ұра іздейді, бірақ таба алмайды. Амалы құрыған олар тәуелділік деп аталатын дерттің шырмауына байланып қалғандарын сезбей қалады.
“Адамдардың дені әдемі заттарға құмар, басқалардың ол туралы не ойлайтыны маңызды, саяхаттауды, қымбат көлік мінуді сәнге айналдырды. Көпшілікпен қатынасу, достардың көптігі, үнемі позитивте болу – бұл мәселеден қашудың бір жолы. Адамдардың арасында психологияға бет бұрғандар да көбейген, мұның себебі – олар осылайша жанына тыныштық табудың жолын іздеуде. Бірақ мұның бәрі адам жанын тыныштандырмайды, толық қанағаттандырмайды”, – дейді Олег Матвеев.
Маманның айтуынша, адам бойындағы барлық мәселе балалық шақта пайда болады екен. Өзін-өзі кем сезіну, стереотип, кінәлау, реніш – ерте жаста қалыптасады. Адам бұдан құтылмаса, уақыт өте келе үлкен психологиялық мәселе тудырып, жанын жегідей жей бермек.
Психолог әңгімелесу барысында тәуелділіктің бірнеше түрі туралы айтып берді. Бір қызығы, оның пайдалы жағы да бар екен. Мәселен спортты алайық. Белгілі бір жетістікке жеткен спортшыларда тәуелділік бар, олар өмірін спортсыз елестете алмайды. Ал тәуелділік болмаса чемпион бола алмас еді. Білімге құмарлықты да айтуға болады. Олар үнемі ізденісте жүреді, көп оқиды. “Сондықтан тәуелділікті жаман қасиет деп бағалау қате”, – дейді психолог.
Қазіргі уақытта ең көп тараған тәуелділік түрі – лудомания. Олег Матвеевтің айтуынша, оның себебі бар, өйткені ойынқұмарлар өз тәуелділігін ұзақ уақыт бойы жасыра алады. Лудоманның басқалардан айырмашылығы, сырт белгілері жоқ, сондықтан ата-ана баласының, әйелі күйеуінің тәуелді екенін бірнеше жылдан кейін ғана білуі мүмкін.
Маманды алаңдатқан екінші өткір мәселе – отбасындағы тәуелді қарым-қатынас, зорлық-зомбылық. Бұл дертпен күресу үшін заң талаптарының қатаңдатылғаны белгілі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көп жағдайда нәзік жандар мен балалар зардап шегіп жатады. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл мәселеге де тек ер адамдарды кінәлауға болмайды. Өкініштісі, заң тек агрессор деп танылған ерлерді ғана жазалайды. Әйел ше? Бұл сауалға психолог былай деп жауап берді: “Мұндай жағдайда нәзік жандардың мінез-құлқында проблема бар деп айтар едім. Өйткені жұбайын осындай жағдайға жеткізетіндердің дені – әйелдер. Ендеше зардап шегушімен психолог жұмыс істемесе, бұл жағдай тағы да қайталанады деген сөз. Екінші ер адаммен қатынасы да дәл алғашқысындай, тіпті одан да жаман қалыптасуы мүмкін. Яғни бұл әйелде құрбан болу қажеттілігі бар. Сондықтан зорлық-зомбылық құрбандарымен мамандар жұмыс істеп, психологиялық мәселені шешуге көмектескені жөн”, – дейді маман.
Облыс бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова өңірде түрлі тәуелділіктердің алдын алуға бағытталған “Тұрмыс”, “Қадағалау”, “Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!” сияқты акциялардың жиі ұйымдастырылатынын айтты. Ондағы мақсат – кез келген зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасы құндылықтарын, отағасы, отанасы рөлін, тәрбиенің тал бесіктен басталатынын түсіндіру. Десек те, профилактикалық шаралар мен акциялар барысы зорлық-зомбылықтың әлі тыйылмай отырғанын аңғартқан. Небәрі екі аптаның ішінде 4 мыңнан астам хабарлама түсіп, 675 отбасындағы балалардың ата-анасы мен туыстарынан зәбір көргені, отбасылық жанжалдардың негізгі себебі – маскүнемдік, лудомания, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі екені анықталды. Былтыр өңір бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1874 факт орын алып, әкімшілік қамауға алу жөнінде 500 хаттама толтырылған. 300 адамға ескерту жасалып, 6 адамға айыппұл салыныпты.
Қоғамды алаңдатқан тәуелділіктің ең жиі таралған түрі – вейп, электронды темекілерге, маскүнемдікке деген құмарлық. Бір өкініштісі, қоғамда “Соверенді” сорғанша, соны қолдансын”, – деген қате түсінік қалыптасқан. Электронды шылымның зияны аз деп түсінетін үлкендер бар. “Тәйт” демеген соң бозбалалар былай тұрсын, мектепте жүрген кішкентай қыздар да дәмін татуға асық. Иісі де әтір сияқты баурап алады емес пе? Олар сорған сайын сорлап жатқанын қайдан білсін?
“Электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэрозольдың құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін”, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің дәрігері Александр Вендрих.
Қазіргі уақытта тәуелділіктің тағы бір кең тараған түрі – интернетке деген құмарлық. Облыстық полиция департаменті мамандарының дерегінше, өңірімізде тұрып жатқан әрбір жетінші өрен ғаламторға тәуелді.
“Барлық ақпаратты интернет арқылы аламыз, сауда-саттық та, жұмысымыз да осы интернетпен байланысты. Сондықтан интернетке не үшін кіргеніңді және қанша уақыт отырғаныңды қадағалауың керек. Егер интернет сенің өміріңе кедергі келтірмесе, жұмысыңнан қалдырмаса – онда дабыл қағудың қажеті жоқ. Сол сияқты мектеп оқушысы үшін де бүгінде интернеттің алар орны зор. Бірақ ата-ана қадағалап, оның күні бойы телефонмен отыруына жол бермеуі керек. Айналамен байланысты үзіп, бар уақыты компьютерде немесе телефонда өтеді. Нақты өмірде достары жоқ, ешкіммен араласпайды. Сабағын немесе жұмысын, үйдің шаруасын кейінгі орынға қойып, интернетте отырса – бұл тәуелділік”, – дейді Олег Матвеев.
Петропавлда Олег Викторович 20 жылға жуық түрлі тәуелділігі бар адамдармен жұмыс істеп келеді. Ол саннан гөрі сапаға мән береді. Осы аралықта жеті жүзге жуық тұрғын қалыпты өмірге қосылыпты.
Халқымызда: “Адам – ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты” деген сөз бар. Біз келешегінен үміт күтіп отырған жас ұрпақтың басым бөлігі бүгінде рухани тұрғыда жұтаңданып, бос іс пен арзан күлкіге көп әуестенеді. Есірткі мен темекіге, құмар ойынға құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Ең сорақысы жаман әдеттерге тәуелділік потологияға айналып бара жатыр. Күш-жігерін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар тәуелділер тобынан жиі табылады екен. Ал сіз өзіңіздің осы топқа түспейтініңізге сенімдісіз бе?
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.