«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТАЛЫ ҰЛ АРЫМАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды. Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі.

Бала күнімізде батаның сөз­де­рін тілге жүйрік, сөзге шебер, көпті көрген ойлы адамдар шы­ға­ратын. Кейінгі буын батаның сөздеріне, дұрыс берілуіне мән беріп жатыр ма? Мені қазір осы сұрақ мазалайды. Қолыма қалам алуыма “Soltüstık Qazaqstan” газетінде 2024 жылдың 10 ақпанында жарияланған белгілі күй­ші, облыс жұртшылығына таны­мал Серікбай Құсайынов аға­мыз­дың бата туралы құнды ма­қала­сы түрткі болып отыр.

Ұлтымыздың ұлы ағартушы­ла­ры­ның бірі Ахмет Байтұрсы­нов бата беру туралы былай де­ген: “Бата – біреуге алғыс бер­генде айтылатын сөз, батаны ақ­са­қал адамдар айтады, бата бе­рушінің шеберлігіне, шешендігі­не, дүниетанымына, көңіл күйіне орай бата қысқа да, ұзақ та бола береді. Бата беру, ақ тілеу – хал­қымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі, бұл сөз арқы­лы адам тағдырына, дүниеге ық­пал етпек ниетпен, жамандық­тың бетін қайтару мақсатынан туған”.

Өкінішке қарай, батаның түп-тамырында қанша­ма ұлағат, мағына жатқанын аңғара бер­мей­міз. Көз көрген, өз ауы­лым­нан шыққан беделді, өмір­ге де­ген көзқарастары дұрыс, көргені көп, келешек ұрпаққа ай­тары мол ақсақалдар аз болған жоқ. Олардың аттарын тізіп шығу да мүмкін емес. Дегенмен кейбірінің атын атап өтсем деймін.

Шал ақын ауданындағы Алқа­ағаш ауылының тумалары Сұра­ған Боранбаев, Қошан Жанті­ле­уов ақсақалдардың әңгімелерін тыңдай бергің келетін. Ол кісі­лер­­дің әңгімелерін мен де талай тыңдағанмын. Өзіміздің Жал­тыр­да ауылдың молдасы болған Едрес Тыштыбаев, Байғұттының Нұрғалиы, әкемнің ағасы Жекен Бегайдаров сияқты ақсақалдар­дың да өз айтары бар, тыңдау­шы­сына берер өнегесі мол бола­тын. Жамбыл ауданы, Жамбыл кеңшарында тұрған Кенжеғозының Балғожасы, Амангелді ауы­лында тұрған Тоққожаның Нұр­қа­ны, Майбалық ауылының ту­ма­сы 106 жас жасаған Алда­бер­ген қарттың артында қалған ұр­пақ­тарына, еліне айтары да бе­рері де ұшан-теңіз еді. Алдабер­ген қартты айтқанда есіме бала күнімдегі бір оқиға түсіп отыр.

Елуінші жылдардың бас кезі болуы керек. Жалтыр ауылында бастауыш сыныпта оқып жүрген­мін. Мұғаліміміз Мәжит Бекма­ғамбетов деген кісі ауданға сый­лы ұстаз болатын. Бір күні әкем мені сол Мәжит ұстазымнан са­бақтан сұ­рап алып, анам екеуі­міз­ді ертіп, ауылы­мыз­дан 65 ша­қырымдай жердегі Майбалыққа, жүзден ас­қан кәрі құдамыздың үйіне алып келді. Ол үйдегі апа-жездеміз біздің келгенімізге қат­ты қуанды. Амандық-саулықтан кейін жез­де­міз төргі бөлмеден “Алла! Не бер­сең де жақсылығы­мен бер!” – деген сөздері анық естіліп жат­қан қарияға барып, біздің келге­німізді хабарлап, қа­рия бізді шақырғанын айтты.

Кереует тәрізді биіктікте ақ тө­секте жатқан ақсақал басын кө­те­ріп, бізбен амандасып, жөн сұ­рады. Біраз әңгімеден кейін әкем қариядан маған бата беруін өтін­ді. Әрине, қария әкемнің сөзін жер­ге тастамады.

Баламысың деген, ақсақал­дың берген батасының мағына­сын дәл сол мезетте ұқпадым. Кейін институт бітіріп, Майба­лық­қа жолым түскенде, Сұратай жездемнен әкесі Алдаберген қарттың берген батасын қағазға түсіріп беруін өтіндім. Әкесінің әр батасын жатқа айтатын жездеміз сонда маған осы батаны жазып берген еді:

“Бисмилляхи-р-рахмани р-рахим.

Уә , Жаратқан ием, құдірет!

Тілегімді қабыл ет,

Иманымызды кәміл ет!

Тозақтағы оттан сақта,

Әділдікті бұзғаннан сақта!

Уә, Құдайым!

Ұл берсең, білікті қып бер!

Қыз берсең көрікті қып бер!

Е, Құдайым оңдасын,

Қыдыр келіп қолдасын,

Жасың қарғам ұзақ болсын,

Өзіңе ізгі перзент берсін.

Қайырлы береке берсін,

Тауқыметсіз ғұмыр берсін,

Бақытты балалық шақ берсін,

Оқуыңа береке берсін.

Деніңе саулық берсін,

Жүргенде сапарың сәтті болсын,

Тапқаның тәтті болсын,

Абыройлы, беделді болсын,

Алуан түрлі, өнерлі болсын,

Табысы таудай, келелі болсын,

Не тілесе де, тілегі қабыл болсын!”.

Сол қарияға барған жылы ауылға оралған соң Мәжит мұға­лім менен: “100-ге келген құда­ла­рыңның батасын алдың ба?”, – деп сұрады. Мен басымды изе­дім. Оқушыларға менің 104 жас­тағы қариядан әкемнің ықпалы­мен бата алып келгенімді, жасы үлкен қариялардан бата алғысы келетіндер болса, еш кедергісіз сабақтан босататынын айтты. Жасы үлкеннен бата алудың маңыздылығын түсіндірген еді. Біз барып кеткеннен кейін екі жылдан кейін Алдаберген құдамыз 106 жасында өмірден озға­нын естідік.

Көзі тірісінде Алдаберген ақ­са­қалмен амандасуға, батасын алуға 1954 жылдың жазында жа­зушы Сәбит Мұқановтың барға­нын да кейін білгенбіз. Жүзден ас­қан қария­мен кездесуін жазушы Сәбит Мұ­қанов “Туған жердің ты­нысында” деген атпен шыққан ұзақ очер­кінде то­лық баян­дайды.

Тағы бір есте жүрген жәйт, 1970-ші жылдың көктемінде әс­керге шақыртылып, кететін уа­қыт та жа­қындағасын ауылдың мол­дасы Едірес ақсақалға бата сұ­рап бар­дым. Ел ағасының жай­намазы­ның үстінде отырып берген бата­сындағы әр сөзі көңі­ліме қонып, әскерден аман келе­тініме үл­кен сенімменен үйге же­ңіл оралған болатынмын. Міне, ба­та­ның осын­дай құдіреті бар. “Жақ­сы сөз – жүректің кілті”, – деп қа­за­ғымыз бекер айтпаған ғой.

Өкінішке қарай, соңғы кездері батаны тілекпен шатастыратын­дар көбейді. Ондайлар бата сұ­ра­са, шет-шегі жоқ тілек айтып, жиналғандардың уақытын алып, жалықтырып жібереді. “Адам­ның даналығы – сөзінің қысқалы­ғы”, – деген тәмсіл осындайда ай­тылса керек. Ол аз десеңіз, бүгінгінің кейбір ақсақалдарына “бата бер” десе, бір-біріне сілтеп, қашқақтайды. Бұнысы үй иесін, ша­ңырақты сыйламағаны де­мей­мін, бірақ ыңғайсыз жағдай туғызатыны рас.

Ендеше, адамның бүкіл өмі­рі­не жақсы әсер ететін ақ батаны беруден қашпайықшы, ақ дас­тарқанға ақ пейілмен бата беріп үйренейік.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

зейнеткер.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp