«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел болып еңсерген қиындық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Апат айтып келмейтіні анық. Табиғат кез келген уақытта тосын мінез танытып, күнделікті өмір ағысы жаңа арнаға түсуі ғажап емес. Күн сайын жаңалықтарды парақтап отырып, әлем елдеріндегі дүлей жел, алапат тасқын, орман өрті туралы естіп, жағамызды ұстаймыз. Сөйтіп, адамзаттың табиғаттың алдында әлі де дәрменсіз екеніне көз жеткізе түсеміз. Бүгінде ғылым қаншалықты дамып, небір өнертабыстар ойлап табылғанмен табиғи апаттың алдын алар құрал қолымызда жоқ. Бұған биылғы тасқын кезінде көзіміз жетті.

Наурыз бастала салысымен өзен-көл бойындағы елді мекен­дер­дің халқы ертеңі үшін алаң­дай бастады. Көпшіліктің ойын­да 2017 жылғы табиғи апат қай­та­лана ма деген күдік пайда бол­ды. Наурыз айының аяғынан бас­тап, құтқару қызметі күндіз-түні жұ­мыс істеп, келер апаттың ал­дын алуға тырысты. Ауылдағы жұртшылық та бәрі бір кісідей білек сыбанып, қарғын судың ар­насын бұруға тырысты. Жұрт­шы­лық судың беті қайтар деп үміттенді. Ма­мандар да нақты болжам жасай алмай, та­биғаттың қабағын ба­ғумен болды. Ақыры ең нашар сценарий орын алып, Қызылжар өңірі бұ­рын-соңды болмаған табиғи апат­қа тап келді.

Көктемнің алғашқы шуағы бі­лі­не бастаған сәтте облыс орта­лығынан шеткері аудандарға су келе бастады. Бірнеше ауданда жолдарды су шайып, ауылдарға қауіп төнді. Ақжар, Уәлиханов, Тайынша аудандарында жол қозғалысы қиындады. Бірақ бұл алда келер тасқын судың басы ғана еді.

Сәуірдің басында өңір жол­да­­рында 31 су шаю дерегі тірке­ліп, кей жерлерде су өткізу үшін жолдарды қазу басталды. “Қаз­гидромет” АҚ облыстық филиа­лы­ның мамандары да көңіл көн­шітпейтін болжам жасап, Есілдің деңгейі әлі де көтеріліп, ауыл­дар­ды су басу мүмкін екенін жа­риялады. Көп өтпей Сергеев су қоймасының толып, ернеуінен асқаны белгілі болды. Бірақ бұл Ақмола облысынан келе жатқан судың өңірге әлі жет­пеген кезі еді. Мамандар алдағы күндері су деңгейі кенет көтері­луі мүмкін екенін айтты. Сыйым­дылығы 1 млн. текше метрге жет­пейтін қоймаға бірнеше мил­лион текше метр су келді. Қар­ғын су мен үлкен мұз көп ұзамай елді мекендерге жетіп, электр ба­ғандарын қиратып, тұрғындар аралда қалғандай болды. Осы сәтте облыс орталығында тас­қын­ға қарсы жедел шаралар қабыл­данып, бөгет тұрғызу, көмек жөнелту ұйымдастырылды. Қала шетіне бөгет тұрғызуға күш­тік құрылымдармен қатар ерік­тілер, қала тұрғындары, түрлі ұйым өкілдері белсене қатысты. Сәуірдің алғашқы аптасында қа­лаға алапат судың келуіне бір­неше күн қалғаны белгілі болды. Әрине, қатты ағыс жолындағы­ның бәрін шайып, өз бойындағы елді мекендерге де орасан за­лал келтіретіні анық еді. Аудан­дар мен қалада эвакуациялық пунк­тер ашылып, билік өкілдері үн­деу жолдап, тұрғындар мен төрт түлік жедел эвакуацияла­нып жатты. Мамандар түрлі бол­жам жасап, Сергеев су қойма­сының деңгейі туралы ақпарат сәт сайын жаңарып тұрды.

Осындай қысылтаяң сәттегі тұрғындардың бірлігі мен қайы­рымды жандардың жанашыр­лығын айтпай кетуге болмайды. Осында тұратын ағайынның жас-кәрісі жаппай қолына күрек ұстап, бөгет салуға біріксе, кә­сіпкерлер мен қоғамдық ұйым­дар тегін түскі ас ұйымдасты­рып, гуманитарлық көмек жи­нап, оларды үлестірумен айна­лыс­ты.

Тасқын су қалаға жоспарлан­ған уақыттан да ерте келіп, шет­кері шағынаудандарын су ала бастады. Есілдің деңгейі бірне­ше сағаттың ішінде жылдам кө­теріліп, жағдай қиындай берді. Эва­куациялық пунктердің өзі қауіпті аймақта қалып, ондағы­ларды кө­шіруге тура келді. Де­ректер сәт сайын жаңарып, жағ­дайдың қиындағаны туралы жа­ңа­лық­тар шығып жатты. Ең қиы­ны, қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған сорғы стансасына зақым келіп, ауызсу беру тоқта­ды. Онсыз да келер күнге алаң­дап отырған тұрғындар ішерге су іздеп, дүкен жағалап кетті.

Алғашқы бірнеше күнде жар­ты мыңға жуық үйге су кірді. Тұр­ғындар тынымсыз тұрғызып, күні-түні күзетіп баққан бөгеттер шыдас бермей, ауылдар мен қала аудандарына төнген қауіп есе­лене түсті. Небәрі үш-төрт күн­де суда қалған үйлер саны екі мыңнан асты. Мұндағы күр­де­лі жағдаймен Мемлекет басшы­­сының өзі келіп танысып, зардап шеккендермен жүздесті.

Қиын-қыстау уақытта халық­тың қасынан табылып, жан аямай тер төккен құтқарушы, тәр­тіп сақшыларына деген елдің ал­ғы­сы ерекше. Құтқарушылар тұр­ғындарды қауіпсіз жерге көшіру, суды бөгеу жұмыстарын атқар­са, тәртіп сақшылары су басқан аймақтардағы қауіпсіздікті қада­ғалап, мүліктің қолды болмауын өз мойындарына алды. Күндіз-түні қас қақпай қарауылда тұр­ған қызметкерлерге халықтың да ал­ғысы ерекше. Осы уақытта жер-жерден келген әскерилер де бө­геттерді нығайтуға орасан зор үлес қосып, тұрғындардың риза­шылығын алды. Мұндайда қолы ашық кәсіпкерлер де қарап қал­май, өз мүмкіндігінше ха­лық­қа жәрдем берді. Біреулері өз дәм­ханаларында тегін ас дайындаса, біреулерінің жүк кө­ліктері те­гін қызмет көрсетіп жат­ты. Зардап шеккендерге көмек ұйым­дастырған еріктілердің де еңбегі ерен. Алғашында құм то­лы қап кө­теріскен белсенділер су келген­де жылу жинап, үйсіз қалғандарды керек-жарақпен қамтамасыз етті. Тіпті иесіз жа­нуарларға да қамқор болып, күтім жасады. Барша азамат­тар­дың жедел әрі жұмылған әреке­тінің арқасында қызылжарлық­тар бұл қиындықты да еңсеріп шықты.

Сәуірдің соңына қарай су дең­гейі айтарлықтай төмендеп, жұрт қалыпты тіршілікке орала бас­тады. Су қайтқанмен оның сал­да­ры елді есеңгіретіп кетті. Үйінен айырылған ағайынға ал­ғашқы көмек көрсетіліп, төлем жасалды. Көп өтпей шығынды өтеу тәртібі мәлім болып, арнайы мамандар өз жұмысын бастады. Үйлерге бағалау жүргі­зу, өтемақы төлеу, жөнделетін үйлерге керек қаржыны есеп­теуде маман тапшылығы сезіл­ді. Одан бөлек қираған үйлерді сүріп, орнын тазалаудың өзі ау­қымды жұмыс еді. Аз уақыттың ішінде аудандарда мехбригадалар жасақталып, олар бүгінге дейін тасқын залал келтірген елді мекендерде жұмыс істеп ке­леді. Жарамды үйлерді жөндеу жұмыстарын да аталған бриг­адалар жүргізуде.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сай өңірде тез ара­да тасқынның салдарын жою жұ­мыстары басталып, ірі демеуші­лер тартылды. Олардың қаржысына жүздеген үй салынып жатыр. Осылайша қиындықтың арты қуанышқа ұласып, үйінен айырылған отбасылар қоныстой тойлап, жаңа баспанаға кірді. Кей тұрғындардың таңдауына қа­рай дайын пәтерлер сатып алын­ды. Зардап шеккен­дерге үй беру әлі де жалғасып жатыр. Жазы қыс­қа солтүстік өңірде ширақ қи­мылдамаса, жоспардың орындал­мауы да ық­тимал. Алайда құрылысшылар айналасы бірнеше айдың ішінде жер үйлердің іргетасын құюдан бастап жаңа­дан салып шыққан. “Бірлік” ша­ғынауданында құрылыс әлі де қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Ел­дегі тасқын салдарын жою бойынша солтүстік өңір алдыңғы қатарда. Тиісті жұ­мыстардың бәрі жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Биылғы көктем қызылжар­лықтар үшін халықтың бірлігі, би­ліктің іскерлігі сыналар сәт бол­ды. Жедел әрекет пен жұмылған істің арқасында халқымыз таби­ғи апаттан аман өтті. Алдағы ат­қарылар жұмыс та ауқымды. Ен­ді Мемлекет басшысы айтқан­дай тосын апаттан сабақ алып, мұндайды болдырмаудың жолдарын қарастыру керек.

Иманғали ТӘТТІБАЕВ,

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp