Апат айтып келмейтіні анық. Табиғат кез келген уақытта тосын мінез танытып, күнделікті өмір ағысы жаңа арнаға түсуі ғажап емес. Күн сайын жаңалықтарды парақтап отырып, әлем елдеріндегі дүлей жел, алапат тасқын, орман өрті туралы естіп, жағамызды ұстаймыз. Сөйтіп, адамзаттың табиғаттың алдында әлі де дәрменсіз екеніне көз жеткізе түсеміз. Бүгінде ғылым қаншалықты дамып, небір өнертабыстар ойлап табылғанмен табиғи апаттың алдын алар құрал қолымызда жоқ. Бұған биылғы тасқын кезінде көзіміз жетті.
Наурыз бастала салысымен өзен-көл бойындағы елді мекендердің халқы ертеңі үшін алаңдай бастады. Көпшіліктің ойында 2017 жылғы табиғи апат қайталана ма деген күдік пайда болды. Наурыз айының аяғынан бастап, құтқару қызметі күндіз-түні жұмыс істеп, келер апаттың алдын алуға тырысты. Ауылдағы жұртшылық та бәрі бір кісідей білек сыбанып, қарғын судың арнасын бұруға тырысты. Жұртшылық судың беті қайтар деп үміттенді. Мамандар да нақты болжам жасай алмай, табиғаттың қабағын бағумен болды. Ақыры ең нашар сценарий орын алып, Қызылжар өңірі бұрын-соңды болмаған табиғи апатқа тап келді.
Көктемнің алғашқы шуағы біліне бастаған сәтте облыс орталығынан шеткері аудандарға су келе бастады. Бірнеше ауданда жолдарды су шайып, ауылдарға қауіп төнді. Ақжар, Уәлиханов, Тайынша аудандарында жол қозғалысы қиындады. Бірақ бұл алда келер тасқын судың басы ғана еді.
Сәуірдің басында өңір жолдарында 31 су шаю дерегі тіркеліп, кей жерлерде су өткізу үшін жолдарды қазу басталды. “Қазгидромет” АҚ облыстық филиалының мамандары да көңіл көншітпейтін болжам жасап, Есілдің деңгейі әлі де көтеріліп, ауылдарды су басу мүмкін екенін жариялады. Көп өтпей Сергеев су қоймасының толып, ернеуінен асқаны белгілі болды. Бірақ бұл Ақмола облысынан келе жатқан судың өңірге әлі жетпеген кезі еді. Мамандар алдағы күндері су деңгейі кенет көтерілуі мүмкін екенін айтты. Сыйымдылығы 1 млн. текше метрге жетпейтін қоймаға бірнеше миллион текше метр су келді. Қарғын су мен үлкен мұз көп ұзамай елді мекендерге жетіп, электр бағандарын қиратып, тұрғындар аралда қалғандай болды. Осы сәтте облыс орталығында тасқынға қарсы жедел шаралар қабылданып, бөгет тұрғызу, көмек жөнелту ұйымдастырылды. Қала шетіне бөгет тұрғызуға күштік құрылымдармен қатар еріктілер, қала тұрғындары, түрлі ұйым өкілдері белсене қатысты. Сәуірдің алғашқы аптасында қалаға алапат судың келуіне бірнеше күн қалғаны белгілі болды. Әрине, қатты ағыс жолындағының бәрін шайып, өз бойындағы елді мекендерге де орасан залал келтіретіні анық еді. Аудандар мен қалада эвакуациялық пунктер ашылып, билік өкілдері үндеу жолдап, тұрғындар мен төрт түлік жедел эвакуацияланып жатты. Мамандар түрлі болжам жасап, Сергеев су қоймасының деңгейі туралы ақпарат сәт сайын жаңарып тұрды.
Осындай қысылтаяң сәттегі тұрғындардың бірлігі мен қайырымды жандардың жанашырлығын айтпай кетуге болмайды. Осында тұратын ағайынның жас-кәрісі жаппай қолына күрек ұстап, бөгет салуға біріксе, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар тегін түскі ас ұйымдастырып, гуманитарлық көмек жинап, оларды үлестірумен айналысты.
Тасқын су қалаға жоспарланған уақыттан да ерте келіп, шеткері шағынаудандарын су ала бастады. Есілдің деңгейі бірнеше сағаттың ішінде жылдам көтеріліп, жағдай қиындай берді. Эвакуациялық пунктердің өзі қауіпті аймақта қалып, ондағыларды көшіруге тура келді. Деректер сәт сайын жаңарып, жағдайдың қиындағаны туралы жаңалықтар шығып жатты. Ең қиыны, қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған сорғы стансасына зақым келіп, ауызсу беру тоқтады. Онсыз да келер күнге алаңдап отырған тұрғындар ішерге су іздеп, дүкен жағалап кетті.
Алғашқы бірнеше күнде жарты мыңға жуық үйге су кірді. Тұрғындар тынымсыз тұрғызып, күні-түні күзетіп баққан бөгеттер шыдас бермей, ауылдар мен қала аудандарына төнген қауіп еселене түсті. Небәрі үш-төрт күнде суда қалған үйлер саны екі мыңнан асты. Мұндағы күрделі жағдаймен Мемлекет басшысының өзі келіп танысып, зардап шеккендермен жүздесті.
Қиын-қыстау уақытта халықтың қасынан табылып, жан аямай тер төккен құтқарушы, тәртіп сақшыларына деген елдің алғысы ерекше. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, суды бөгеу жұмыстарын атқарса, тәртіп сақшылары су басқан аймақтардағы қауіпсіздікті қадағалап, мүліктің қолды болмауын өз мойындарына алды. Күндіз-түні қас қақпай қарауылда тұрған қызметкерлерге халықтың да алғысы ерекше. Осы уақытта жер-жерден келген әскерилер де бөгеттерді нығайтуға орасан зор үлес қосып, тұрғындардың ризашылығын алды. Мұндайда қолы ашық кәсіпкерлер де қарап қалмай, өз мүмкіндігінше халыққа жәрдем берді. Біреулері өз дәмханаларында тегін ас дайындаса, біреулерінің жүк көліктері тегін қызмет көрсетіп жатты. Зардап шеккендерге көмек ұйымдастырған еріктілердің де еңбегі ерен. Алғашында құм толы қап көтеріскен белсенділер су келгенде жылу жинап, үйсіз қалғандарды керек-жарақпен қамтамасыз етті. Тіпті иесіз жануарларға да қамқор болып, күтім жасады. Барша азаматтардың жедел әрі жұмылған әрекетінің арқасында қызылжарлықтар бұл қиындықты да еңсеріп шықты.
Сәуірдің соңына қарай су деңгейі айтарлықтай төмендеп, жұрт қалыпты тіршілікке орала бастады. Су қайтқанмен оның салдары елді есеңгіретіп кетті. Үйінен айырылған ағайынға алғашқы көмек көрсетіліп, төлем жасалды. Көп өтпей шығынды өтеу тәртібі мәлім болып, арнайы мамандар өз жұмысын бастады. Үйлерге бағалау жүргізу, өтемақы төлеу, жөнделетін үйлерге керек қаржыны есептеуде маман тапшылығы сезілді. Одан бөлек қираған үйлерді сүріп, орнын тазалаудың өзі ауқымды жұмыс еді. Аз уақыттың ішінде аудандарда мехбригадалар жасақталып, олар бүгінге дейін тасқын залал келтірген елді мекендерде жұмыс істеп келеді. Жарамды үйлерді жөндеу жұмыстарын да аталған бригадалар жүргізуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өңірде тез арада тасқынның салдарын жою жұмыстары басталып, ірі демеушілер тартылды. Олардың қаржысына жүздеген үй салынып жатыр. Осылайша қиындықтың арты қуанышқа ұласып, үйінен айырылған отбасылар қоныстой тойлап, жаңа баспанаға кірді. Кей тұрғындардың таңдауына қарай дайын пәтерлер сатып алынды. Зардап шеккендерге үй беру әлі де жалғасып жатыр. Жазы қысқа солтүстік өңірде ширақ қимылдамаса, жоспардың орындалмауы да ықтимал. Алайда құрылысшылар айналасы бірнеше айдың ішінде жер үйлердің іргетасын құюдан бастап жаңадан салып шыққан. “Бірлік” шағынауданында құрылыс әлі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Елдегі тасқын салдарын жою бойынша солтүстік өңір алдыңғы қатарда. Тиісті жұмыстардың бәрі жоспарға сай жүргізіліп жатыр.
Биылғы көктем қызылжарлықтар үшін халықтың бірлігі, биліктің іскерлігі сыналар сәт болды. Жедел әрекет пен жұмылған істің арқасында халқымыз табиғи апаттан аман өтті. Алдағы атқарылар жұмыс та ауқымды. Енді Мемлекет басшысы айтқандай тосын апаттан сабақ алып, мұндайды болдырмаудың жолдарын қарастыру керек.
Иманғали ТӘТТІБАЕВ,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.