«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жағымсыз әдет – жанға түскен дерт

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қандай да бір теріс әдетке тәуелділік – бүгінде қоғамды жайлаған дертке айналып, оның түрі жылдан-жылға көбейіп келеді. Зиянды әдет құрдымға құлатып, суицид, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты жағдайға жеткізуде.

Психологияда тәуелділік қа­терлі дерттердің қатарына жат­қы­зылады. Бұл дертке шал­дыққан адамның жанына тыныштық жоқ, яғни жан-дүниесі әлдене­ге алаңдайды да тұрады. “Ғы­лымда “экзистенциалды вакуум” деген түсінік бар. Бұл дегеніміз – адамның рухының жаншылуы, үмітсіздік, шарасыздықтың пайда болуы. Шешілмеген мәселелер қордалана келе адамды осындай күйге түсіреді. Кей жағдайда бұ­дан құтылу үшін бір адамға басқа жанмен әңгімелескен жеткілікті. Кейбіреу үшін серуендеген пайда­лы болса, енді бірі жақсы фильм қарау арқылы бұл негативті сезімнен құтылады. Біреу жанын жеген мәселеден құтылу үшін бірер шөлмек сыра ішсе, енді бірі есірткі тұтыну арқылы жанына тыныштық таппақ болады. Бірақ мұның бәрі бекер, адам жаны тынышталуы үшін махаб­бат пен мейірім керек, алайда қа­зіргі адамдардың көбі мұндай сезімдер жайында ұмытқан”, – дей­ді 17 жылдық тәжірибесі бар пси­холог Олег Матвеев.

Иә, “әлемді мейірім құтқара­ды” деген сөз бекер айтылмаса керек. Қазіргі қоғамда жылтыра­ған қызылды-жасылды дүниеге деген құмарлық салтанат құруда. Адамзат баласы ғұмыр кешкен қандай да бір кезеңді алып қара­майық, байлық пен атақтың адам­дар арасындағы мейірім-махаббаттың орнын баса алған кезі жоқ. Сәт сайын дамып жат­қан әлеуметтік желілер де біздің дүниеге деген іңкәрлігімізді оя­тып жібергендей. Неге десеңіз, желіде бәрі әдемі, бәрі бақытты се­кілді. Саусағыңның ұшымен түрте қалғанда көз алдыңа шалқып-тасып ғұмыр кешіп жүрген жанның портретін көрсететін желі, әсіресе, жастардың сана­сына “неге менің өмірім мұндай емес?” деген сауалдың дәнін егу­де. Бұл сұрақтың жауабын жастар есірткіден, құмар ойыннан іздейді. Шарқ ұра іздейді, бірақ таба алмайды. Амалы құрыған олар тәуелділік деп аталатын дерттің шырмауына байланып қалғанда­рын сезбей қалады.

“Адамдардың дені әдемі заттарға құмар, басқалардың ол туралы не ойлайтыны маңызды, саяхаттауды, қымбат көлік мінуді сәнге айналдырды. Көпшілікпен қатынасу, достардың көптігі, үне­мі позитивте болу – бұл мәсе­леден қашудың бір жолы. Адам­дардың арасында психологияға бет бұрғандар да көбейген, мұ­ның себебі – олар осылайша жа­нына тыныштық табудың жолын іздеуде. Бірақ мұның бәрі адам жанын тыныштандырмайды, то­лық қанағаттандырмайды”, – дей­ді Олег Матвеев.

Маманның айтуынша, адам бойындағы барлық мәселе бала­лық шақта пайда болады екен. Өзін-өзі кем сезіну, стереотип, кінә­лау, реніш – ерте жаста қа­лып­тасады. Адам бұдан құтыл­ма­са, уақыт өте келе үлкен пси­хо­логиялық мәселе тудырып, жа­нын жегідей жей бермек.

Психолог әңгімелесу бары­сын­да тәуелділіктің бірнеше түрі туралы айтып берді. Бір қызығы, оның пайдалы жағы да бар екен. Мәселен спортты алайық. Белгі­лі бір жетістікке жеткен спорт­шыларда тәуелділік бар, олар өмірін спортсыз елестете алмай­ды. Ал тәуелділік болмаса чем­пион бола алмас еді. Білімге құмарлықты да айтуға болады. Олар үнемі ізденісте жүреді, көп оқиды. “Сондықтан тәуелділікті жаман қасиет деп бағалау қате”, – дейді психолог.

Қазіргі уақытта ең көп тараған тәуелділік түрі – лудомания. Олег Матвеевтің айтуынша, оның се­бе­бі бар, өйткені ойынқұмар­лар өз тәуелділігін ұзақ уа­қыт бойы жасыра алады. Лудо­манның бас­қалардан айырма­шы­лығы, сырт белгілері жоқ, сон­дықтан ата-ана баласының, әйе­лі күйеуінің тә­уелді екенін бір­не­ше жылдан ке­йін ғана білуі мүм­кін.

Маманды алаңдатқан екінші өткір мәселе – отбасындағы тә­уел­ді қарым-қатынас, зорлық-зомбылық. Бұл дертпен күресу үшін заң талаптарының қатаңда­тылғаны белгілі. Тұрмыстық зор­лық-зомбылықтан көп жағдайда нәзік жандар мен балалар зар­дап шегіп жатады. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл мәсе­леге де тек ер адамдарды кінә­лауға болмайды. Өкініштісі, заң тек агрессор деп танылған ер­лер­ді ғана жазалайды. Әйел ше? Бұл сауалға психолог былай деп жауап берді: “Мұндай жағдайда нәзік жандардың мінез-құлқында проблема бар деп айтар едім. Өйткені жұбайын осындай жағ­дайға жеткізетіндердің дені – әйелдер. Ендеше зардап шегу­ші­мен психолог жұмыс істемесе, бұл жағдай тағы да қайталанады деген сөз. Екінші ер адаммен қатынасы да дәл алғашқысын­дай, тіпті одан да жаман қалып­тасуы мүмкін. Яғни бұл әйелде құрбан болу қажеттілігі бар. Сондықтан зорлық-зомбылық құр­бандарымен мамандар жұ­мыс істеп, психологиялық мәсе­лені шешуге көмектескені жөн”, – дейді маман.

Облыс бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Сұраға­но­ва өңірде түрлі тәуелділіктердің алдын алуға бағытталған “Тұр­мыс”, “Қадағалау”, “Зорлық-зом­бы­лыққа жол жоқ!” сияқты ак­ция­лар­дың жиі ұйымдастырыла­ты­нын айтты. Ондағы мақсат – кез келген зорлық-зомбылық әре­кеттерінің алдын алу, құқықтық сауаттылықты артты­ру, отбасы құндылықтарын, ота­ға­сы, отана­сы рөлін, тәрбиенің тал бесіктен басталатынын түсін­діру. Десек те, профилактика­лық шаралар мен акциялар барысы зор­лық-зом­былықтың әлі тыйылмай отыр­ғанын аңғартқан. Небәрі екі аптаның ішінде 4 мыңнан ас­там ха­барлама түсіп, 675 отба­сындағы балалардың ата-анасы мен туыс­тарынан зәбір көргені, отбасылық жанжалдар­дың негізгі се­бебі – маскүнемдік, лудома­ния, адамгершілік құнды­лық­тардың төмендеуі екені анық­­талды. Былтыр өңір бойын­ша тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қатысты 1874 факт орын алып, әкімшілік қамауға алу жө­нінде 500 хаттама толтырылған. 300 адамға ескер­ту жаса­лып, 6 адам­ға айыппұл салыныпты.

Қоғамды алаңдатқан тәуелді­ліктің ең жиі таралған түрі – вейп, электронды темекілерге, маскү­немдікке деген құмарлық. Бір өкініштісі, қоғамда “Соверен­ді” сорғанша, соны қолдансын”, – деген қате түсінік қалыптасқан. Электронды шылымның зияны аз деп түсінетін үлкендер бар. “Тәйт” демеген соң бозбалалар былай тұрсын, мектепте жүрген кішкентай қыз­дар да дәмін татуға асық. Иісі де әтір сияқты баурап алады емес пе? Олар сорған сайын сорлап жатқанын қайдан білсін?

“Электронды темекінің құра­мы­на манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэро­золь­дың құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін”, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің дәрігері Александр Вендрих.

Қазіргі уақытта тәуелділіктің тағы бір кең тараған түрі – интернетке деген құмарлық. Облыстық полиция департаменті маманда­рының дерегінше, өңірімізде тұ­рып жатқан әрбір жетінші өрен ғаламторға тәуелді.

“Барлық ақпаратты интернет арқылы аламыз, сауда-саттық та, жұмысымыз да осы интернет­пен байланысты. Сондықтан ин­тернетке не үшін кіргеніңді және қанша уақыт отырғаныңды қада­ға­лауың керек. Егер интернет сенің өміріңе кедергі келтірмесе, жұмысыңнан қалдырмаса – онда дабыл қағудың қажеті жоқ. Сол сияқты мектеп оқушысы үшін де бүгінде интернеттің алар орны зор. Бірақ ата-ана қадағалап, оның күні бойы телефонмен оты­руына жол бермеуі керек. Айна­ламен байланысты үзіп, бар уа­қыты компьютерде немесе теле­фонда өтеді. Нақты өмірде дос­тары жоқ, ешкіммен араласпай­ды. Сабағын немесе жұмысын, үй­дің шаруасын кейінгі орынға қо­йып, интернетте отырса – бұл тә­уелділік”, – дейді Олег Мат­веев.

Петропавлда Олег Викторо­вич 20 жылға жуық түрлі тәуел­ділігі бар адамдармен жұмыс істеп келеді. Ол саннан гөрі са­паға мән береді. Осы аралықта жеті жүзге жуық тұрғын қалыпты өмірге қосылыпты.

Халқымызда: “Адам – ақылы­мен қымбатты, ұрпағымен сым­батты” деген сөз бар. Біз келеше­гінен үміт күтіп отырған жас ұр­пақтың басым бөлігі бүгінде ру­хани тұрғыда жұтаңданып, бос іс пен арзан күлкіге көп әуестенеді. Есірткі мен темекіге, құмар ойын­ға құныққан адам қоғамнан бір­тін­деп ажырап, өзгелермен бай­ланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиет­терін жоя бастайды. Ең сорақы­сы жаман әдеттерге тәуелділік потологияға айналып бара жа­тыр. Күш-жігерін басқара алмай­тын, психологиясы әлсіз адам­дар тәуелділер тобынан жиі та­былады екен. Ал сіз өзіңіздің осы топқа түспейтініңізге сенім­дісіз бе?

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp