«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨЗІМДІЛЕР СПОРТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары әлемде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – триатлон. Үш циклдан тұратын жарыс біздің елімізде де қанатын кеңге жаюда, теріскейде де оған әуес жандар қатары көп.

Триатлон өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан бастау ала­ды. Францияда пайда болған спорт түрі бүгіндері Еуропада ғана емес, барша әлемде таны­мал. Қазақстандық триатлеттер осыдан 15 жыл бұрын алғаш рет халықаралық жарыстарға қаты­са бастағанымен, елімізде өңір­лік және республикалық деңгей­дегі сайыстар соңғы жылдары ғана қолға алынды. Триатлон федерациясы құрылып, бұл спортқа балалар мен жасөспі­рімдер де келе бастады.

Облысымызда триатлон фе­де­рациясының филиалы 2020 жылы жұмысын бастады. Пет­ропавлда арнайы үйірме ашы­лып, оған 10 жастан асқан ұл-қыздар жазыл­ды. Триатлоннан өңірдің бас жат­тықтырушысы Евгений Шума­ков­тың ай­туын­ша, бүгіндері 50 шақты адам жаттығады. Олардың орта жасы – 15-тен аспайды.

– Біздің облысымызда вело­спорт, жеңіл атлетика жақсы да­мыған. Оған қоса өзен-көлдер көп. Мұның барлығы триатлон­ның дамуына өз септігін тигізіп жатқаны жасырын емес. Бала­лар жастайынан жүзуді үйрене­ді. Велосипед теуіп, жүгіру спор­тын серік етеді. Сондай-ақ кезін­де әлемді бағындырған спорт­шы­лар да жастарға үлгі болып жүр. Олимпиада чемпионы Алек­сандр Винокуровтың өзі “Iron­man” жарыстарына қатыса­тыны белгілі. Жерлесіміз өз за­мандастары арасында триат­лоннан әлем чемпионы атанды. Шәкірттеріміз халықаралық жә­не республикалық жарыстарға қатысып жүргенімен, әзірге жүл­делі орындар жоқтың қасы. Десе де әуесқойлар арасында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жандар баршылық, – дейді Евгений Шумаков.

Триатлонның ерекшелігі – бұл спорт түрінен жарыстар жыл бойы өткізіле береді. Мәселен, жерлестеріміз жазғы уақытта ішкі чемпионаттарда бақ сына­са, қыста шетелге шығып, түрлі додаларға қатысады.

– Жыл басынан бері триат­леттер 14 жарысқа қатысып үл­герді. Жастар ел біріншілігі мен ку­богында бақ сынаса, әуесқой­лар коммерциялық сайыстарға қатысты. Жас спортшылар ара­сын­дағы сайыстар Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен өтсе, әуесқойлардың жа­рыстары көбіне демеуші­лер­дің қаражатына ұйымдастыры­ла­ды. Кәсіби триатлеттерді об­лыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдайды. Әкімдіктің қаржыландыруымен жастарымыз өзге қалаларға шы­ғып, өз мүмкіндіктерін сынайды, – дейді триатлоннан облыстың бас бапкері.

Триатлон 300 метрге жүзу, 8 ша­қырымдық веложарыс, 2 шақырымға жүгіру сынды сайыс­тар­дан бастап, “Ironman” сана­ты­на дейінгі жарыстан тұрады. Ондағы спортшылар 4 шақырым жүзу, 180 шақырымдық вело­жа­рыс және 42 шақырымға жүгі­ру­лері тиіс. “Ironman” жарысында бақ сынаған әуесқой спортшы­лардың бірі – Алмас Жапабаев. Бұл азаматтың есімі көпке “От­басы банк” акционерлік қоғамы облыстық филиалының дирек­торы ретінде таныс. Қаржы са­ла­сында қызмет етіп жүрсе де, спортқа жақын, жыл сайын триат­леттердің жарыстарына қатысады.

– Триатлонмен 2016 жылдан бері айналысып келемін. Ағыл­шын тілінен аударғанда “Темір адам” деп аталатын жарысқа 2017 жылы қатысуға бел будым. Бұған дейін жүзе де алмаппын. Өз алдыма мақсат қойып, қысқа уақыт ішінде бұл спорт түрін игердім. Кейін денемді шынық­ты­рып, велосипедпен жаттық­тым. Алғаш рет Малайзияның Лангкави аралындағы жарысқа қатысуға бел байладым. Мәреге бірінші келмесем де, барлық қашықтықты соңына дейін жүріп өттім. Бұл ары қарай дамуыма серпін берді, – дейді Алмас Жапабаев.

Алмас Жапабаевтың келін­шегі де триатлон спортымен ай­налысатынын айта кеткен жөн. Ол да түрлі жарыстардан шет қалған емес. “2018 жылы өмі­рімді триатлонмен байланыс­ты­руды шештім. Бұл спортқа кел­геніме өкінбеймін. 2019 жылы Италиядағы жарысқа қатыстым. Көкшетауда “Темір ханшайым” атағын жеңіп алғанмын. Халық­аралық деңгейде жүлдегер атанбасам да, өңірлік сындарда топ жарып жүрмін”, – деген Әсем­гүл Жапабаева енді аталмыш спортқа деген махаббатты балаларының бойына сіңіргісі келетінін айтты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp