Соңғы жылдары әлемде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – триатлон. Үш циклдан тұратын жарыс біздің елімізде де қанатын кеңге жаюда, теріскейде де оған әуес жандар қатары көп.
Триатлон өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан бастау алады. Францияда пайда болған спорт түрі бүгіндері Еуропада ғана емес, барша әлемде танымал. Қазақстандық триатлеттер осыдан 15 жыл бұрын алғаш рет халықаралық жарыстарға қатыса бастағанымен, елімізде өңірлік және республикалық деңгейдегі сайыстар соңғы жылдары ғана қолға алынды. Триатлон федерациясы құрылып, бұл спортқа балалар мен жасөспірімдер де келе бастады.
Облысымызда триатлон федерациясының филиалы 2020 жылы жұмысын бастады. Петропавлда арнайы үйірме ашылып, оған 10 жастан асқан ұл-қыздар жазылды. Триатлоннан өңірдің бас жаттықтырушысы Евгений Шумаковтың айтуынша, бүгіндері 50 шақты адам жаттығады. Олардың орта жасы – 15-тен аспайды.
– Біздің облысымызда велоспорт, жеңіл атлетика жақсы дамыған. Оған қоса өзен-көлдер көп. Мұның барлығы триатлонның дамуына өз септігін тигізіп жатқаны жасырын емес. Балалар жастайынан жүзуді үйренеді. Велосипед теуіп, жүгіру спортын серік етеді. Сондай-ақ кезінде әлемді бағындырған спортшылар да жастарға үлгі болып жүр. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың өзі “Ironman” жарыстарына қатысатыны белгілі. Жерлесіміз өз замандастары арасында триатлоннан әлем чемпионы атанды. Шәкірттеріміз халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып жүргенімен, әзірге жүлделі орындар жоқтың қасы. Десе де әуесқойлар арасында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жандар баршылық, – дейді Евгений Шумаков.
Триатлонның ерекшелігі – бұл спорт түрінен жарыстар жыл бойы өткізіле береді. Мәселен, жерлестеріміз жазғы уақытта ішкі чемпионаттарда бақ сынаса, қыста шетелге шығып, түрлі додаларға қатысады.
– Жыл басынан бері триатлеттер 14 жарысқа қатысып үлгерді. Жастар ел біріншілігі мен кубогында бақ сынаса, әуесқойлар коммерциялық сайыстарға қатысты. Жас спортшылар арасындағы сайыстар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтсе, әуесқойлардың жарыстары көбіне демеушілердің қаражатына ұйымдастырылады. Кәсіби триатлеттерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдайды. Әкімдіктің қаржыландыруымен жастарымыз өзге қалаларға шығып, өз мүмкіндіктерін сынайды, – дейді триатлоннан облыстың бас бапкері.
Триатлон 300 метрге жүзу, 8 шақырымдық веложарыс, 2 шақырымға жүгіру сынды сайыстардан бастап, “Ironman” санатына дейінгі жарыстан тұрады. Ондағы спортшылар 4 шақырым жүзу, 180 шақырымдық веложарыс және 42 шақырымға жүгірулері тиіс. “Ironman” жарысында бақ сынаған әуесқой спортшылардың бірі – Алмас Жапабаев. Бұл азаматтың есімі көпке “Отбасы банк” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры ретінде таныс. Қаржы саласында қызмет етіп жүрсе де, спортқа жақын, жыл сайын триатлеттердің жарыстарына қатысады.
– Триатлонмен 2016 жылдан бері айналысып келемін. Ағылшын тілінен аударғанда “Темір адам” деп аталатын жарысқа 2017 жылы қатысуға бел будым. Бұған дейін жүзе де алмаппын. Өз алдыма мақсат қойып, қысқа уақыт ішінде бұл спорт түрін игердім. Кейін денемді шынықтырып, велосипедпен жаттықтым. Алғаш рет Малайзияның Лангкави аралындағы жарысқа қатысуға бел байладым. Мәреге бірінші келмесем де, барлық қашықтықты соңына дейін жүріп өттім. Бұл ары қарай дамуыма серпін берді, – дейді Алмас Жапабаев.
Алмас Жапабаевтың келіншегі де триатлон спортымен айналысатынын айта кеткен жөн. Ол да түрлі жарыстардан шет қалған емес. “2018 жылы өмірімді триатлонмен байланыстыруды шештім. Бұл спортқа келгеніме өкінбеймін. 2019 жылы Италиядағы жарысқа қатыстым. Көкшетауда “Темір ханшайым” атағын жеңіп алғанмын. Халықаралық деңгейде жүлдегер атанбасам да, өңірлік сындарда топ жарып жүрмін”, – деген Әсемгүл Жапабаева енді аталмыш спортқа деген махаббатты балаларының бойына сіңіргісі келетінін айтты.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.