«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТЫН ЖАРАТЫН ЖІГІТ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үйге азық-түлік алу қамымен жұрт жиі баратын сауда орталықтарының біріне қарай жол тарттым. Бірі келіп, енді бірі шығып жатқан сауда орталығының аумағында ине шаншар жер жоқ. Құдай-ау жұрттың бәрі мұнда не істеп жүр деген ой келді. Тышқан аулаған мысықтай көлік қоятын бос орын таппай бірер минут кідіруге тура келді. Оң қапталдан бір көлік шыққаны сол еді жалма-жан бос орынға ұмтылдым. Көлік кілт тоқтаған бойда алдымнан бір бала шықпасы бар ма?

– Көлігіңіздің терезесі кір екен. Сүртіп берсем бола ма? – деп тіл қатты әлгі бала.

– Атың кім, жасың нешеде? – дедім.

– Менің атым – Данияр. Он бірдемін, – деді ол жұлып алғандай.

– Қанша аласың?

– Өзіңіз білесіз, – деп күмілжіді.

Айтуынша, көлік жиі келетін осындай сауда орталықтарының алдында ақша табуға мүмкіндік мол. Күнде келмесе де, ара-тұра осылай анасына қолғабыс етеді. Табатын табысы да әртүрлі. Жүргізушілер де бірде көл, бірде шөл. Жомарттық танытса қалтасына бірер мың теңге артық түседі. Кейде аз-мұз тиынды қанағат етеді. Алтын уақытты босқа өткізгенше осылай ата-анасына қолғабыс етсе несі айып. Бірақ бала атаулының барлығы көшеге шығып, көлік сүртсін деуден аулақпыз. Әлбетте ешкім де еріккеннен мұндай қадамға бармасы анық. Десе де хәкім Абай атамыз “Есектің артын жусаң да мал тап” демеп пе еді. Мейлі жас бол, кәрі бол, адал еңбекпен табыс тапқанға не жетсін. Әлгі баланың елгезектігі мен пысықтығы жан сүйсінтті. Үсті-басы да мұнтаздай екен. Сөйлеген сөзі де нық.

Өткенде ауылға барсам, көрші тұратын жалғызілікті қария отын жаратын адам таппай отыр. Адам жоқ емес, бар. Алайда жұмыс істеуге ниет жоқ…

– Біз сияқты жалғыз тұратын зейнеткерлерге қиын. Балаларым алыста тұрады. Ал мен туған жерімді тастап, басқа жаққа қоныс аударғым келмейді. Сондықтан жалғыз тұруға мәжбүрмін. Қыстың қамына әзірлікті ерте бастаймын. Өйткені дер кезінде шаруаны реттейтін адам таба алмайсың. Қазір жанталасқан заман. Әркімнің өз тірлігі бар. Ешкімге ренжімеймін. Кейбірінің жұмыстан қолы босамайды, ал енді бірін ақшаға да жұмсай алмайсың. Бір тіркеме отынды 55-60 мың теңгеге сатып алсақ, оны 30-35 мың теңгеге жарғызамыз. Бір-екі адамға айтып едім, жұмыс істеуге құлық танытпады. Жыл сайын дайын отын сатып алатын едім. Құдай ұрып биыл түбірдей алдым. Енді оны жарып, үйіп алу мұң болып отыр, – деді Күлжиян апа.

Тепсе темір үзетін жігіттерге отын жару не тәйірі. Ары кетсе бір күндік жұмыс шығар. Соған қарағанда қол-аяғы балғадай кейбір жастар біреудің қора-қопсысын тазалап, отын жарып адал еңбекпен ақша табуды ар санайтын сияқты. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Ауылдағы жастардың бәрі сондай дей алмаймын. Еңбекқор, пысық жандар жетіп артылады. Ал жалданып жұмыс істеу – жалшылық емес. Бірақ оны тепсе темір үзетін кейбір жігіттер басқаша түсінетіндей. Керісінше қарияға қолғабыс етіп, батасын алса, сол жақсы ғой. Ата-анаға масыл болғанша, тым болмаса қалада еңбек қыл. Жатып ішер жалқаудан, әлгі елгезек Даниярдың тірлігі артық.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp