«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІ — ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықтың тұрмыс деңгейі – адамдардың қажетті игіліктер мен қызметтерге қолжетімділігінің көрсеткіші. Яғни ол қоғам өміріндегі барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қамтиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдардағы Жолдаулары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуының сыры осында. Елдің тынысы халқының тұрмысына қарап бағаланатыны белгілі.

Осы бағытта аудан экономикасының барлық салаларында бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Олардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған.

Жалпы аудан қарқынды дамып келеді, барлық көрсеткіштер бойынша өсім бар. 2022 жылмен салыстырғанда аудан бюджеті 1,5 миллиард теңгеге ұлғайып, 8 миллиард теңгені құрады. Салықтар 15 пайызға өсті. Бюджеттің ұлғаюының арқасында бағдарламаларды іске асыру сапасы жақсарды. Соңғы жылдары экономиканың өсу қарқынын арттыру және халықтың өмір сүру сапасын көтеруді қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды орындау шеңберінде ауданда бірқатар іс-шаралар іске асырылуда. Бұл жай ғана сандар мен дерексіз көрсеткіштер емес – ауылдардағы асфальтталған көшелер, мектептерді жөндеу және жаңа нысандардың құрылысы, елді мекендерді сумен қамту, жарықтандыру және абаттандыру.

Әлемдегі әрбір ел бір салаға маманданады, сол арқылы ерекшеленеді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы ежелден негізгі кәсіп болып келді. Ел экономикасының тірегі, халықтың тіршілік көзі. Шал ақын ауданында да ежелгі кәсіппен айналысып, оны дамытуға жер көлемі жеткілікті әрі мүмкіндік те жоғары. Мал шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 2 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,5 есеге жуық өсті.

3 жыл ішінде салада жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден асатын 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл жұмыс тоқтамайды. Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 10 млрд. теңгеге жуық тағы 7 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Сергеевка қаласында “ZHA-Group LTD” ЖШС-ның 1000 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды. “Асыл фармс” және “Гермес агро” ЖШС-лары әрқайсысы 600 басқа арналған екі тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастады.

Кривощеково, Сухорабовка, Афанасьевка, Ступинка және Крещенка ауылдарында тұқымды кептіру және дайындау желісі бар 6 заманауи ірі астық қабылдау пункттері салынды, олардың астық сақтау сыйымдылығы шамамен 100 мың тонна. Мерген мен Ыбыраев ауылында модульдік цехтар орнату арқылы сүтті қайта өңдеу бойынша екі жоба жүзеге асырылуда. Сухорабовка ауылында Еділбай тұқымды 500 басқа арналған қой шаруашылығы кешенін іске қосу жоспарланған. Биыл “Асыл Фармс” ЖШС 400 гектар алқапта жаңбырлатып суару жүйесін іске қосады. Америкалық “MAS Агро” фирмасының 4 айналмалы машинасы орнатылды. Бұл жобаларды іске қосу өнімнің ұлғаюына және сайып келгенде осы ауылдарда қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

8 тамыздан бастап ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер егін жинау науқанына кіріседі. Аудан фермерлері 200 мың гектардан дәнді, 45 мың гектардан майлы дақылдар жинауы керек.

Биылғы жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын өсірмеу мақсатында картоп пен қарақұмықтың егістік алқаптары едәуір ұлғайды. Сонымен қатар суару каналын қайта құру үшін дайындық жұмыстары басталды. Онда ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріліп, жемшөп өндірісі дұрыс жолға қойылады. Бұл облыс көлдерінің су көлемін, сондай-ақ өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде суармалы жерлерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ауданның дамуында құрылыс басты рөл атқарады. Соңғы жылдары қараусыз қалған объектілерді құрылыс ұйымдарына беру және оларды кейіннен қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. 1967 жылы салынған 46 пәтерлі үй қалпына келтірілді. Барлық пәтерлер кезекте тұрғандарға, көпбалалы аналарға, мүгедектерге, жетім балаларға берілді. Биыл қараусыз қалған нысандарды қалпына келтіру жалғасуда. Сондай-ақ Сергеевка қаласында 27 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы биыл кезекте тұрғандарға 50-ден астам пәтер беру міндетін қойып отырмыз.

Ауыл халқын толғандыратын мәселе – жол мен сапалы ауызсу. Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы жолдың сапасына айрықша назар аудару керектігін, еліміздің жолдары нашар, бұл саланы жемқорлық жайлағанын атап өтті. Жол – әлеуметтік маңызы бар мәселе. Автомобиль жолдары бірден бірнеше негізгі функцияларды атқарады. Елді мекендер арасындағы көлік байланыстарынан бөлек, жақсы дамыған жол желісі уақытты қысқарту және жазатайым оқиғалардың ықтималдығын азайту арқылы экономикалық даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Осыған орай аудандағы жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Аудан жолдарының ұзындығы – 557 шақырым. 182-сі республикалық маңызы бар жол, соның 161 шақырымы “Қазавтожол”АҚ-мен бірлескен жұмыстың арқасында жөнделді. Осы жұмыстардың нәтижесінде автожолдардың 42 пайызы қанағаттанарлық жағдайға келтірілді.

Ауылдық жерлерде жолмен қатар ауызсу мәселесі де шешіліп келеді. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды. Ауданның елді мекендерін орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Өткен жылдары орталықтандырылған ауызсумен 3 ауыл қамтылды. Жерлес депутаттардың қолдауының арқасында тағы 11 ауылға су тарту жұмыстары жүргізілуде, осы мақсатқа биыл 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Шағын ауылдарды да тіршілік көзімен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Тазарту жүйесі бар кешенді блок модульдерді орнату есебінен тұрғындарға жыл бойы ауызсу қолжетімді болады.

Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Барлық салаларда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.

Рахат СМАҒҰЛОВ,

Шал ақын ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp