Мен еріктілер қозғалысына мектеп қабырғасында жүргенде келдім. Демалыс күндері бізді ұстаздарымыз ауылдағы жалғызбасты қариялардың үй шаруашылығына көмектесуге апаратын. Су тасып, бақшадағы жұмыстармен айналысып, үйлерін жуып-жинап бергеннен кейінгі қарттардың қуанғанын көрген сәттен бастап, ең үлкен мәртебе – көмекке мұқтаж жандардың алғысы екенін ұққан едім.
Орта мектепті тамамдап, арман қуып қалаға келіп, жоғары оқу орнына түскеннен кейін де қиналған жандарға қол ұшын созу үшін жастар ұйымына ерікті ретінде тіркелдім. Арада біраз уақыт өткесін облыстағы “Жастар Ассамблеясы” өкілдігін таңдадым. Қазір міне, 2 жыл көлемінде “Жастар Ассамблеясы” облыстық филиалының басшысы ретінде қайырымды істерге жетекшілік етіп келемін. Біздің ұйымдағы 14 пен 35 жас аралығындағы еліне жанашыр жастардың саны күн санап артып келеді.
“Жастар Ассамблеясы” ұйымы волонтерлік істермен айналысып қана қоймай, басқада салаларда жастардың белсенділігін дамытуға арналған жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Күні кеше ғана жастарымыз су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындары үшін жоғары деңгейде ретро концерт ұйымдастырды.
Сонымен қатар қаңғыбас жануарларға жайлы жер іздеу, қолайсыз отбасы балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ауыр науқастарды емдеуге қаражат жинау – осының барлығы біздің жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Мұндай жұмыстар үшін біздің жастар ешкімнен алғыс немесе марапат күтпейді, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандармен бірге қиындықты еңсеру мақсатында бар күш-жігерлерін салып еңбек етеді.
Әрине, ерікті болу оңай жұмыс емес, ол – уақытты, күш пен жігерді талап ететіні анық. Еріктілерді – ерекше ортақ кұндылықтары бар, көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созып жақсылық қылуға, қуантуға асығатын адамдар деп айтар едім.
Біздін елімізде еріктілер қозғалысы енді ғана дамып келе жатыр, осыдан он жыл бұрын еріктілер туралы елдің барлығы бірдей біле бермейтін және “еріктіміз” десек, халық бізге біртүрлі қарайтын. Еріктілердің жұмыстары туралы да насихатталмайтын. Ал қазіргі таңда ресми ақпарат құралдарынан бастап, әлеуметтік желілердегі еріктілердің ісі жөніндегі ақпараттарды көрген әртүрлі жастағы оқырман риза болып, жақсы пікірлерімен бөлісіп жатады.
Су тасқыны кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері тағы да ерлеп, өз елінің нағыз патриоты екендерін дәлелдеді. Бұл азаматтық институттың құрамындағы 12 мыңға жуық ерікті құтқарушылармен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созып, белсенділік танытты.
Ел басына күн туған қиын шақта біздің жастар да қарап қалмай, екі айдан астам уақыт бойы су басу қаупі жоғары елді мекендерде қаптарға құм толтыру, бөгеттерді нығайту жұмыстарымен айналысты. Өзге аймақтардан және шетелден жеткізілген гуманитарлық көмектерді жүк көліктерінен түсіріп, қоймаға жинап, мұқтаждарға таратты.
Ерікті болғандықтан мен үшін адамдарға жақсылық жасау, шамаң жеткенше көмек көрсету – ең жақсы көретін іс. Ерікті болу – менің өмірімнің ажырамас бөлігі, саналы таңдауым. Ал елімізде мен сияқтылар көп екенін білемін. Біз секілді жастар әрқашанда мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын.
Соңғы жылдары елдің әл-ауқатына барынша үлес қосып жүрген еріктілерді қолдап, волонтерлік қозғалысты дамытуға қолайлы жағдай жасап, еңбектерін бағалап жатқаны қуантады. Осы орайда, су тасқынымен белсенді күресте үлес қосқаны үшін өңір басшысы Ғауез Торсанұлының қолынан алған Алғыс хаттың мен үшін маңызы жоғары екенін атап өткім келеді. Бұл – менің ғана емес, еліне шын жанашыр болып жүрген ұйымдағы әр жастың ерен еңбегінің нәтижесі.
Дариға СМАИЛОВА,
“Жастар Ассамблеясы” облыстық филиалының басшысы, ерікті.