Тайынша ауданына қарасты Мәдениет ауылында қайырымды жандардың демеушілігімен мешіт салынып, пайдалануға берілді. Бұл қуанышты күнді ауыл тұрғындары асыға күтті.
Мешіттің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Хамзат Қажымұратұлы, “Красный яр” мешітінің имамы Науан Мүтәлұлы, ауыл имамы Аманжол Ақайұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар құлшылық үйінің іргетасын қалап, мұнарасын тіктеген, қаржылай демеушілік көрсеткен алыс-жақындағы ауыл азаматтарына алғыстарын айтты.
Салтанатты шара қасиетті Құран оқумен басталды. Ауыл ақсақалы Ергебек Халықов жиналған жұртты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ақ батасын берді. “Діннің мақсаты – ұйыту, ұйыстыру екенін ескерсек, Мәдениет ауылындағы ағайынның ауызбіршілігімен салынған Алланың үйі енді жамағаттың бауырмалдығы үшін қызмет етеді”, – деді ақсақал.
Мешіт салу – сауапты іс. Ауызбіршілікпен құрылысы біткен ғибадат үйінің құрылысы өскелең ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін жанашыр жандардың көптігін білдіреді.
Айтулы шараға арнайы шақыртылған танымал айтыскер ақын Арман Бердалин жырдан шашу шашты. Салтанатты рәсімнен кейін жиналған қауым ауыл өнерпаздарының концертін тамашалады. Қуанышқа жиналғандар арнайы тігілген киіз үйлерге жайылған дастарқаннан ауыз тиді. Ауыл азаматтары күрес, бәйге жарысы, арқан тартыс, аударыспақ, асық ату, қой көтеру сайыстарын ұйымдастырды. “Жігітке жеті өнер де аз” дегендей, сайысқа түскен сайдың тасындай жігіттер бір-бірінен асып түсті. Әсіресе қой көтеру сайысы жиналғандардың делебесін қоздырды. 130 рет қой көтеріп, жиналған жұртты қайран қалдырған Бірлестік ауылынан келген Ерсұлтан Кенжеболатов бас жүлдені қанжығасына байлады.
Мешіт құрылысының басталуына айтарлықтай үлесін қосқан Ербол Айтқожаұлының атынан гір көтеруден сайысқа түскендерге арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Кезінде талай балғындарды жаттықтырып, бағыт-бағдар берген Қайырлы Айтбаев пен бүгіндері ауылда күрес секциясын жандандырып отырған Ринат Қоянбекұлы қазақ күресі бойынша белдескендерді арнайы жүлделермен марапаттады. Сондай-ақ осынау игі шараның маңыздылығын айтқан Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінің наиб имамы Серік Ергебекұлы ҚМДБ жанындағы республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминнің сәлемдемесін жеткізіп, ауыл мешітінің имамы Аманжол Ақайұлы мен мешіт іргетасы қаланғаннан бастап соңғы шегесі қағылғанға дейін басықасында жүрген Серік Батаевқа Бурабай шипажайына жолдама тапсырды.
Жаңа мешітте тұрғандар дін рәсімдерін атқарып қана қоймай, жастарды имандылыққа баулитын болады.
Ементай АМАНЖОЛ,
Келлер орта мектебінің география пәнінің мұғалімі.
Тайынша ауданы.