«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМГЕРДЕН ҚАЛҒАН ҚАЗЫНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғы­лы­ми-әмбе­бап кітапханада жерлесіміз, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың “Ортақкөл әңгімелері” кітабының тұсау­кесері өтті. Шараға Зейнел-Ғаби Иманбаевтың ба­лала­ры, туыстары, жерлестері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары қатысты. Кі­тап Алматыдағы “Асыл кітап” баспасында басылған.

Жазушының туған жері – Шал ақын ауданында жыл ба­сынан бері қаламгерге арналып кітапхана, музей, өзге де мәде­ниет ордаларында шығармашы­лық кездесулер, “дөңгелек үс­тел­дер”, танымдық сағаттар, кі­тап көрмелері өткізілді. Өңірлік муни­ципалдық телеарнаның “Та­рих және таным” бағдарламасы ар­қылы деректі фильм түсірілді. Ау­дан­ның бұқаралық ақпарат құ­ралдарының беттерінде мақа­ла­лар шықты.

– Осы жылдың соңына дейін ауданда үлкен іс-шара өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ аудан орталығының “Даңқ аллеясын­да” жерлесімізге арналған ме­мориалдық тақтайша орнатыл­ған. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың рухани бай және сан салалы мұрасын жас ұрпаққа таныту – біздің міндетіміз, – деді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.

“Ортақкөл әңгімелері” кіта­бы­ның тұсауын Шал ақын ауда­нының әкімі Рахат Смағұлов, Қа­зақстанның құрметті журналисті Өмір Есқали, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі Сағын­дық Рақымжан, сатирик Қойшы­бай Шәниев кесіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Рахат На­зым­бекұлы тағылымды іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Қазақстан Журналистер ода­ғы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаеваның арқасына шапан жауып, бір құшақ гүл сый­лады. Дәл осындай сый-сияпат облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар­масы тарапынан да көрсетілді.

Дәстүрлі әншілер Таңат Бей­сенбаев, Амангелді Рамазанов, Біржан Есжан ән шырқап, кеш­тің шырайын кіргізді. Қалалық арда­герлер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин, ардагер жур­на­лист Қошан Қали, Шал ақын аудан­дық тарихи-өлкетану му­зейінің директоры Маржан Тау­шарова­лар қаламгер туралы ойларын білдірсе, жазушының күйеу баласы және қызы Абай мен Ма­рал Оспановтар, ұлы Зейін Иман­­баев әкенің қадір-қасиетін тілде­ріне тиек етті.

– Әкем педагог болмаса да, баланың психологиясын жақсы біліп, қаншама әңгімелер жазды. 20 шақты кітабы жарық көрді. Үш жылдың ішінде 90 әңгімесі ра­дионың әуе толқыны арқылы бү­кіл Қазақстанға тарады. Со­ның өзі әкемнің қандай қаламгер бол­ғанынан хабар береді, – деді жазушының қызы Алтын Иманбаева.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp