Аққайың ауданында биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізген бірқатар түлектер марапатталды.
Аудан әкімі Рүстем Елубаевтың бастамасымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолдауымен 10 жылдан бері “Алтын белгі”, үздік аттестат иегерлері мен Ұлттық бірыңғай тестілеуде 100 және одан да жоғары балл алған түлектерді марапаттау игі дәстүрге айналған. Биыл да үздік түлектер марапатталды.
Салтанатты шарада Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев оқуда озат шәкірттерді жетістіктерімен құттықтап, ұлттық бірыңғай тестілеуде 110 ұпайдан жоғары балл алған “Алтын белгі” иегерлері Егор Штоль мен Луиза Хадисованы Алғыс хатпен, ақшалай сыйлықпен марапаттады. Оқуда жақсы жетістіктерге қол жеткізген үздік аттестат иегерлеріне де құрмет көрсетілді. Солардың қатарында тестілеуде аудан бойынша ең жоғары 130 ұпай жинаған Рублевка орта мектебінің түлегі Мөлдір Бекболаттың есімін ерекше атап өту қажет. №1 және №3 Смирнов, Черкасск орта мектептері мен Смирново мектеп-гимназиясының мақтаныштары Нұрсұлтан Биболсын, Елизавета Ким, Алина Бақытжанова, Томирис Божатова, Карина Бабинова, Рахат Жасланов, Дмитрий Коростелев, Абылайхан Садвакасов та бар. ҰБТ-да 100 ұпайдан жоғары балл алған Даниил Акишин, Ақбота Ахмет, Алина Басс, Виктория Гардт, Әмір Нұрланов сынды түлектерге де сый-сияпат жасалды. Марапатталған түлектердің ата-аналары да Алғыс хаттарға ие болды. Жиын соңы концертке ұласты.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.