Өткен сенбі күні Петропавл қаласында “Таза Қызылжар” эко-акциясы өтті. Бұл шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен депутаттар, бизнес құрылымдардың өкілдері, жастар, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.
“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында өткен шарада Мещан орманының аумағы қоқыстан тазартылды. Жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын аумақ төрт учаскеге бөлінді. Сенбілікке қатысушылар Мещан орманынан бастап, Омбы тас жолын бойлай, Жәлел Қизатов көшесіндегі айналма жолға дейінгі бағыттағы аумақты тазалады. Сондай-ақ белсенділер орман алқабы бойындағы қоқысты жинады. Ал қала тұрғындары өз аулаларын, ал кәсіпкерлер жеке аумақтарды тазалады. Облыс орталығында өткен игі іске шамамен 3 мыңға жуық адам қатысқанын айтып өткен жөн.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” эко-акциясын жерлестеріміз әу бастан-ақ қолдаған болатын. Осы акция аясында әр апта сайын сенбіліктер өтуде.
Бүгінде мұндай шаралар облыс орталығында ғана ұйымдастырылып жатқан жоқ. Облысымыздың барлық тұрғындары акцияға қатысуда. Алаңдар мен гүлзарлар тазартылуда. Тазалық жұмыстарына тиісті қаржы бөлінуде. Акция өзіміз тұратын жерде тазалық тәртібін сақтау қажеттігін еске салады. Су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылуда. Акция басталғалы 150 мыңға жуық адам аумақтарды тазалауға шықты. Жағалаулар тазартылып, ағаштар отырғызылуда, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
“Таза Қазақстан” акциясы аясында жерлестеріміз осындай бастамаларға қатысып қана қоймай, қоршаған ортаға деген құрметтері артып, экологиялық әдет қалыптастырып жатқанын айту керек. Тоқсан жасқа таяп қалса да еңбек ардагері Владимир Тимошин де бұл шарадан қалыс қалған жоқ. Сенбіліктерге Владимир Михайлович жас кезінен бастап қатысып келеді. Қазыналы қарттың айтуынша, жастар да игі істен шет қалмай, еңбектің дәмін татуы керек. Сондықтан ол айналамызда болып жатқан құбылыстарға бейжай қарамауға шақырды.
Петропавлдың су басқан шағынаудандарында қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айту қажет. Онда 11 жедел штаб жасақталып, олардың әрқайсысына бес механикаландырылған бригада бекітілген. Бригадалар бүлінген мүлікті қалпына келтіріп, бұзылған үйлерді жөндеп, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартуда. Мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар, шаруа қожалықтары, жастар, ерікті және үкіметтік емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, пәтер иелері кооперативі, мүлік иелері бірлестігі өкілдері мен тұрғындардың қатысуымен өткен “Таза Қызылжар” акциясы аясында облыс бойынша 211 алаң мен саябақ абаттандырылып, 3,2 мың тонна қоқыс шығарылғанын, 32,4 мыңнан астам ағаш отырғызылғанын атап өткен жөн.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.