Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген алғашқы жылдары экономика тоқырап, өндіріс тұралап қалған уақытта қазақ тілі де өлместің күйін кешкені анық. Қазағынан орысы көп Қызылжар өңірінде жағдай тіпті күрделі. Жалғыз облыстық қазақ интернатынан басқа мемлекеттік тілде білім беретін мектеп болмаған. Тәуелсіздік жылдары ана тіліміздің мәртебесін көтеру, тілдік орта қалыптастыру басталды. Руханият жанашырларының арқасында ұрпағымыздың өз ана тілінде сөйлеп, білім алуы үшін алдымен қазақ сыныптары, кейін мектептер ашыла бастады. Өкінішке қарай арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжарда әлі күнге қазақ мектептері тапшы.
Өткен кезеңді еске түсірсек, Қызылжарда бір кездері орыс мектептерінен қазақ сыныптарын ашудың өзі мұң болды емес пе? Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында №3, 9 орыс мектептері жанынан қазақ сыныптарын ашуға тіл жанашырлары күш салғаны белгілі. “Қазақ тілі” қоғамы белсенділерінің көмегімен 1996 жылы Қызылжарда алғаш рет екі қазақ мектебі ашылды. Оның бірі – Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназия, екіншісі – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп.
– Ел егемендік алған соң халықтың ұлттық сана-сезімі ояна бастады. Соның негізінде қазақ мектептерін ашуға қажеттілік туды. Қалалық классикалық гимназияның құрылысы үлкен қиындықтармен басталды. Қаланың ортасынан жер алу да оңай болмады. Қаржы тапшылығына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған кездер де болды. Әйтеуір әупірімдеп аштық. Материалдық-техникалық база жасақталмаған, қазақ тілді оқулықтар тапшы, ұстаздар да жетіспеді. Оның үстіне үй-үйді аралап, ата-аналарды балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттедік, – деп бір кездері көрген қиындықтарды еске түсірген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин орыс тілінде оқитын қаракөздерді қазақ мектебіне ауыстырып, арнайы әдістеме әзірлегендерін тілге тиек етті.
Әр жылдары облыс орталығында Ж.Тәшенев атындағы №20 жалпы білім беретін орта мектеп, әл-Фараби мектеп-лицейі, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы, Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектеп қазақ балаларына есігін айқара ашты. Жалпы, Қызылжарда 40 мектеп бар. Оның тек 8-і ғана қазақ тілінде білім береді. 9 аралас, орыс тілінде оқытатын 23 білім ордасы бар. Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, өткен оқу жылында Петропавл қаласында “БЭСТ” гимназиясы, Бірінші гимназия, Бірінші қалалық ІТ-лицей сынды орыс тілді үш инновациялық мектепте қазақ тілінде оқытатын 1 сыныптар ашылды. Алайда мәселе мұнымен шешіле қоймасы анық. Елдің тұтқасы біліммен қаруланған ұрпақтың қолында екенін ескерсек, жеткіншектерімізге тиісті жағдай жасауға міндеттіміз. Облыстық білім басқармасының мамандары Петропавл қаласында мемлекеттік тілде оқытатын білім беру ұйымдарында орын тапшылығы бар екенін айтып қалды.
– Бүгінгі таңда облыс орталығында қазақ тілінде оқытатын мектептерде 400-ге жуық, орыс тілінде оқытатын ұйымдарда 2 мыңнан астам орын жетіспейді. Шаһардағы мектептерде орын тапшылығын қысқарту мақсатында 2026 жылға дейін “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы шеңберінде 2700 орынға арналған төрт жаңа мектеп салынады. Қазір соның екеуінің құрылысы жүріп жатса, қалғанын келесі жылы салу жоспарлануда, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева. Айтуынша, оқыту тілі аралас болмақ. Тайынша ауданының Драгомировка ауылындағы апаттық мектептің орнына жаңа білім ордасы бой көтеруде. Алайда онда да балалар орыс тілінде білім алады. “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы шеңберінде биыл Орман шағынауданында ашылатын 600 орындық мектепте Солнечный, Бірлік шағынаудандарында тұратын оқушылар оқиды. Оның да оқыту тілі аралас болады деген сыбыс бар.
Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша 222 мыңнан астам тұрғыны бар Петропавлда 74 мыңнан астам қазақ тұрады. Бүгінде оқу ғимараты 320 орынға шақталған қалалық классикалық гимназияда 500 бала екі ауысымда білім алады. Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте де мыңнан астам бала бар. Қаладағы қазақ тілінде білім беретін өзге мектептерде де оқушылар саны шамадан тыс. Сондықтан қызылжарлық кейбір қаракөздер орын тапшылығына байланысты орыс мектептерінде білім алуға мәжбүр.
– Қазір қаладағы қазақ мектептерінде орын жетіспейді. Балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде қазақ мектептерін көптеп ашу керек. Бұл – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жаңадан салынып жатқан мектептерде балалар қазақ тілінде білім алса құба-құп. Ол үшін ата-аналар баласын қазақша оқытуға мүдделі болуы қажет. Ұсыныс қажеттіліктен туындайды. Әрбір қазақтың бойында ұлттық намыс атойлап тұрса ғой, – деді Жангелді Уақпанұлы.
Өкінішке қарай ұлттық мектеп тапшылығы облыс орталығында ғана емес, өңірдің бірқатар аудандарында да бар. Егер облыста 458 мектеп болса, соның 109-ы ғана балаларға қазақ тілінде білім береді. Қалғаны – аралас және орыс мектебі. 2023-2024 оқу жылында Ғабит Мүсірепов атындағы, Ақжар, Тайынша, Есіл, Қызылжар аудандарында орыс тілінде оқытатын 9 мектепте қазақ тілінде 1-ші және мектепалды даярлық сыныптары ашылды.
Биыл шамамен 7 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Бүгінде ата-аналардан 5 мыңнан астам өтініш түскен. Соның тек 30 пайызы ғана баласын қазақ сыныбына беруге мүдделі. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Кезінде көрнекті жазушы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов жазғандай жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген мақтаныш сезімі болуы керек. Бала өмірге келгеннен бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алып, жалпы ұлттық тәрбие алуы керек. Оның пікірі бойынша, өз ана тілінде сөйлеу оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелілік өлшемі болып табылады. Сондықтан біз осы қағиданы ұстансақ, ұрпағымызға ұлттық тілде білім беруді мақсат етуіміз қажет. Алайда әлі де құлдық санадан арылмаған кейбір ата-аналар ұл-қызының өзге тілде білім алғанын жөн санайтын сияқты. Орын тапшылығы өз алдына, тілдік кедергілерді сылтау еткендердің сиқы – осындай. Бұл – ана тілге немқұрайлылықтың көрінісі.
Өңірде қазақ мектебіне баратын балалардың санын арттыру мақсатында ата-аналармен мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізілетінін айту қажет. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшелері аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Аталмыш ұйымның төрағасы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, Қызылжар ауданында бір қазақ, он екі аралас, жиырма жеті орыс мектебі бар. Яғни кейбір ауылдарда қазақтардың ана тілінде білім алуына мүмкіндігі жоқ.
– Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да дәл осындай көрініс. Ол жерде 4 қазақ мектебі, 8 аралас, 27 орыс мектебі бар. Сондықтан кейбір аудандарда ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқыта алмай отыр. Тағы бір мәселе, қазір қаладағы қай мектепке барсаң да үзілісте балалар өзара орысша сөйлеседі. Бұл орайда біз қазақ және орыс сыныптарында қазақ тілі сабағын топқа бөліп оқыту туралы бастама көтердік. Өйткені 45 минутта 25 балаға көңіл бөлу мүмкін емес, – дей келе Жанат Мұхамеджанов өңірде тіл мәселесін тиісті деңгейде қадағалайтын, насихаттайтын мемлекеттік құзырлы органның жоғын алға тартты.
Өзге этнос өкілдері басым біздің өңірде орыс тіліне сұраныс жоғары екені айтпаса да белгілі. Балалардың дені орысша сөйлейді. Көп тіл білу – заман талабы. Өзге тілді үйренуге ешқандай қарсылығымыз жоқ, әйтсе де жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектеріміз алдымен өзінің ана тілін біліп, сол тілде сөйлеуі керек. Бұл орайда “Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі”, – деп айтқан батыр Бауыржан Момышұлының сөзі еске оралады.
– Отбасымызбен үйде қазақша сөйлессек те, ұлымның тілі орысша шықты. Тілдің қалыптасуына ортаның ықпалы зор. Бірақ намысқа тырысып, ұлымды қазақ мектебіне оқуға бердім. Өйткені басында балам біраз қиналды. Бірінші сыныптың соңында ұлым қазақша өз ойын еркін жеткізе алатын болды. Шын мәнінде бұл – қуанатын емес, ұялатын жағдай. Дегенмен ұлымның өз ана тілінде білім алып жатқанына ризамын, – деді қала тұрғыны Әлия Құрманқызы.
Шіркін-ай, ұл-қызының болашағына алаңдап, намысқа тырысатын осындай ата-аналар көп болғанда ғой. Сонда қаракөздеріміз мектептен тарықпай, тіліміз де өгейдің күйін кешпес еді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.