Мамлют ауданының тұрғыны, 4 баласы бар Л. есімді әйел әлеуметтік желіде сепаратистік көзқарасын білдіріп, елдің тұтастығына қауіп төндіргені және ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін сотталды.
Облыстық соттың мәліметінше, Мамлют аудандық соты Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі “Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның біртұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды насихаттау” бойынша қылмыстық істі қарады.
Сотталушы биыл наурыз айының басында “Tik-Tok” әлеуметтік желісіне ұялы телефон арқылы кіріп, белгісіз ер адаммен тікелей байланысқа шыққан. Диалог барысында ол Солтүстік Қазақстанның Ресейге қосылуы және Қазақстанның жекелеген бөліктерінің Ресей аумағына тарихи қатыстылығы туралы ойын айтып, Солтүстік Қазақстанның, соның ішінде Петропавлдың тарихи түрде Ресейдің әкімшілік-аумақтық бөлшегі екендігін ашық айтқан. Сондай-ақ Ресей әскерлерінің Қазақстан аумағына басып кіруін қолдайтындығын жеткізген. Прокурор оны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы кінәсін мойындады.
Нәтижесінде аудандық сот әйелдің шын жүректен өкінуін және төрт жас баласының болуын, күйеуінің мүгедектігі барын ескерді. Мұны оның жазасын жеңілдететін жағдай ретінде қарап, осы бап бойынша ең төмен жаза – 3 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.