Биылғы жылдың алты айында өндірісте 14 оқыс жағдай орын алып, 17 адам зардап шекті. Екі оқиға кісі өлімімен аяқталды.
Мәселен, сәуір айында “Чистотел” серіктестігіндегі кісі өліміне әкеліп соқтырған келеңсіз жағдай болған. Оған қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда өндіріс жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы, қауіпсіздік талаптары бойынша оқытудың жеткіліксіздігі қайғылы жағдайға себеп болған. Тергеу қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденді.
Өндірістік жарақаттың алдын алу үшін еңбек инспекторлары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесіп отырады. Бүгінге дейін облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мамандары кәсіпорындар мен мекемелерде 176 тексеру жүргізген. Тексеру барысында еңбек заңнамасын бұзудың 121 дерегі анықталған. Оның 90-ы еңбек қатынастарына қатысты болса, қалғаны – еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтар. Жұмыс берушілерге олқылықтардың орнын толтыру үшін 67 ұйғарым шығарылған. 63 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 11,2 млн. теңге болатын айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 251 жұмысшының жалпы сомасы 63,2 млн. теңге еңбекақысын ала алмай жүргенін анықтады. Жалақы төлемеген кәсіпорындарға 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Мысалы, өткен жылы басқарма “КазСтройТрейд” серіктестігіне жоспардан тыс тексеру өткізді. Тексеріс кезінде серіктестіктің 61 жұмысшының алдында 33 млн. теңге қарызы бары белгілі болды. Ондағы қызметкерлер 2023 жылдың шілдесінен қыркүйегіне дейін толық айлық алмаған. Соттың шешімімен серіктестікке қатысты әкімшілік жаза белгіленді. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің сотқа жолдаған қылмыстық ісі негізінде 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Аталған мәселені шешу үшін былтыр және биыл аудандық үшжақты комиссияның отырыстары өтті. Бүгінгі күні серіктестіктің жұмысшылар алдындағы қарызы толық өтелген.
Еңбек инспекторлары жұмыс жағдайының талапқа сай болуын тексереді. Аталған саладағы кезектен тыс тексерулер барысында да бірқатар бұзушылықтар анықталды. Мысалы “Шал ақын АГРО-2020” серіктестігінде қызметкерлерге арнайы киімдер берілмеген, кей нысандардың аттестациясы болмаған, жұмысшылармен қауіпсіздік ережелері бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.
Ұжымдарда өтетін семинар, кездесулерде қызметкерлердің көбі тәртіптік жауапкершілік, қосымша жұмыс және бірнеше қызметті қатар атқарған кездегі төлем туралы жиі сұрайды.
Бүгінгі күні өңір аумағында тіркелген еңбек даулары жоқ. Аталған саладағы жағдай бақылауда. Өңірде әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша жағдай тұрақты.
Азат БЕЙСЕМБИН,
облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы.