«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ: “Олимпиадаға екі-ақ спортшымыздың аттануына командадағы буын алмасу себеп”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Жамбыл Серғазыұлы, қазір бәрі өзгеріп жатыр ғой. Қоғам да, адам да бұрынғы­дай емес. Осы тұрғыда өткен мен бүгінгіні таразыға салып көрсек. Спортта не өзгерді?

– Шыны керек, өткен ғасыр мен қазіргі заманғы спорттың ара­сы жер мен көктей. Кеңес ода­ғы он бес республикада тұ­ратын түрлі халықтардың ортақ үйі болып есептелді ғой. Десе де, одақ құрамына кіретін әр мем­лекет өз спортшыларын өздері тәрбиеледі. Бәсекелестік жоғары еді. Мақсат – КСРО құрамына ену. Алдымен облыстық деңгей­де, кейін республика көлемінде жеңіске жетуге ұмтылды.

Сонау 60-70 жылдардағы спортшылардың дайындығына келер болсақ, оны да бүгінгі уа­қытпен салыстыруға келмейді. Бұрын шетелдегі жарыстарға дайындық тек Кеңес одағына кіретін республикаларда өтетін. Егер жергілікті жарыс болса, сырт елге шығу деген болмай­тын. Қазір кез келген халықаралық дода алдында спортшылар шет жаққа шығып, жаттығула­рын пысықтайды. Бұл үшін қыруар қаржы бөлінеді. Мәсе­лен, футболшыларымыз жылда Түр­кияға барады дегендей. Біз­дің кезімізде одақтан сырт жерге шы­ғып дайындалу айға барып кел­генмен тең болды.

– Сонда спортшыларымыз сыртқа шықпауы керек пе?

– Жоқ. Сырт елге шығып, өзге спортшылармен тәжірибе алма­су қажет. Менің айтпағым, біздің кезімізде бәрі жабық болды. Оның үстіне Кеңес одағының спорт мектебі де мықты еді. Елі­міз тәуелсіздік алғаннан кейін спорт түрлері дамудың жаңа жо­лын таңдады. Шетелге шығып жаттыға бастады. Бұрын соңды көрмеген айла-тәсілдерді мең­гер­ді. Мұның барлығының арқа­сында спорт түрлерінде бәсеке­лестік орнады. Күресте өзге ел­дерден бөлек балуандар мекте­бі Иранда шоғырланған. Біз қа­зіргі күні соларға бой түзеп келе­міз. Футбол туралы айтсақ, елі­мізде бұл спорт түрі кенжелеп қалғаны рас. Жергілікті коман­да­­ларда өз шәкірттеріміз емес, Африканың, Сербия, Хорватия елдерінің ойыншылары доп теуіп жүр.

– Ал осы келімсек спорт­шы­лардың бізге берер пайдасы қандай?

– Әлемнің барлық елдерінде легионерлер ойнайды. Мәсе­лен, Испаниядағы “Реал Мад­рид” клубы ойыншыларының 70-80 пайызы Бразилия, Англия, Франция ойыншылары емес пе? Кезінде футзалдан “Қайрат” клу­бы құрылғанда негізінен брази­лиялық ойыншылар тартылды. Оларға қарап қаракөздеріміз бой түзеді. Қазір футзалдан ұлттық құрама сапындағы ойыншы­лардың дені – қазақтар. Үлкен футболда да, хоккейде де, во­лейболда да мұндай тәжірибе жемісін береді деп ойлаймын.

Елімізде спортқа қаражат көп бөлінеді. Бұл өте дұрыс. Деген­мен, клубтардың қаржыны қай­да жұмсағаны ашық болуы керек деп санаймын. Сонда жемқор­лық болмайды. Бұған да әлі жетерміз.

– Ал өзге өңірлерге көшіп кетіп, сол аймақтың атынан қа­тысып жүрген қызылжарлық спортшылар туралы не айтар едіңіз?

– Менің ойымша, көк туымызды көкте желбіретіп жүрсе болды, олардың қай өңірден шыққанына мән бермеуіміз ке­рек. Петропавлдағы дарынды ба­лаларға мамандандырылған спорт-интернатта Айдос Сұл­танғали деген Жамбыл облысы­ның баласы оқыды. Ол талай республикалық жарыстарға біздің интернаттың атынан қаты­сып, топ жарды. Биыл ол Қызылорданың атынан Париждегі Олимпиадаға барады.

Ризабек Айтмұқан кезінде облыстық жарыстарға қатысты. Жасөспірім кезінде Уәлиханов ауданының намысын қорғады. Кейін Алматыға оқуға түсіп, жұл­дызы жанды. Енді сенім артқан өңірден республикалық және халықаралық сындарда бақ сы­науда. Ол шетелге кетіп қалған жоқ қой. Ел абыройын қорғап, на­мысты қолдан бермей жүр. Боксшы қызымыз Дариға Шәкі­мова, балуан қызымыз Эльмира Сыздықова да ел намысын ала­мандарда абыроймен қорғауда. Олар оқуға байланысты тұрғылықты жерлерін ауыстырды.

Кезінде біздің өңірге қазақ күресін дамыту мақсатында Шы­ғыс Қазақстан облысынан Мұхит Тұрсынов шақыртылған еді. Ол да легионерлер санатында бол­ды ғой. Белді балуанның теріскейге келуімен Алтынбек Аусағи­тов сынды жас спортшы жарқырай көрінді. Қазір ол әлемдік деңгейде үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Мұны мен спортқа қан жүгіртудің жолы деп білемін.

– Қазіргі бапкерлердің жұ­мысына көңіліңіз тола ма?

– Қазір бапкерлерге барлық жағдай жасалған. Шәкірті жа­рыстарда оза шапса, материал­дық тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Бұрын олардың еңбегі аса бағаланбайтын. Бірақ соған қарамастан спортшы мен бапкер ара­сындағы байланыс мықты еді. Менің кезімде жаттықтырушымызды “екінші әкеміз” деп атай­тынбыз. Өйткені уақытымыздың көп бөлігін үйде емес, спорт залда өткердік қой. Қазір спорт­шылардың дайындығына көп көңіл бөлінгенімен, оның жейтін тамағына, нешеде жатып, та­ңер­тең қашан тұратынына, бос уақытта қайда жүргеніне, немен айналысқанына бапкерлер бас ауыртпайды. Тек жарыс алдында ғана аздап қадағалай бастайды. Ал бұрын соңыңнан бап­керлер күні-түні еріп жүретін. Бұл – қазіргі жаттықтырушылардың кем тұсы деп ойлаймын.

– Спортшылар ірі жарыстардан жүлдемен оралса оларға пәтер, қомақты қаржы беріліп, басқа да сый-құрмет көрсетіледі. Осы қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Қай уақытты алып қарасақ та, спортшыларды жергілікті басшылар қолдайтын. Бұрында­ры тек жатақханадан бөлме беріліп, шәкіртақы төленсе, қазір пәтер кілттері табысталады. Мұны мен дұрыс деп ойлаймын. Тек сол сенімді ақтай білу керек. Пәтер немесе көліктің кілтін беру спортшыны бұдан да биік белестерді бағындыруға итер­мелейді. Атлет өзін басқа бәсекелерде көрсетуге тырысады.

– Кезінде сіздің мұрындық болуыңызбен Петропавлда дарынды балаларға мамандандырылған спорт интернаты ашылды. Бұл бастама өзін-өзі ақтады ма?

– Теріскей өңір – дарынды спортшыларға бай өлке. Бірақ белгілі бір спорт түрлеріне ар­налған мектептер болғанымен, барлық спортты бір арнаға то­ғыстыратын оқу ордасы жоқ еді. Қазақстанның ғана емес Ресейдің көрші облыстарындағы спорт интернаттарының тәжіри­белерін зерттеп, 1997 жылы жалпы білім беретін мектеп-интернатты ақыры спорттық интернатқа айналдырдым. Мен 2009 жыл­ға дейін сол мектепте директор болдым. Талай жерле­сіміздің есімі республикаға, әлемге таныла бастады. Грек-рим күресінен Ақан Баймағамбетов, жеңіл атлет Маргарита Мұқашева, конькимен жүгіруден Роман Креч, Дмитрий Ба­бенколар елге танылды. Сондай-ақ биылғы Олимпиаданың қатысушысы Алексей Луценко да – интернат түлегі.

Ауылдарды аралап, дарын­ды балаларды іздейтінбіз. Бұл тәжірибе жемісін берді. Мәсе­лен, аралас жекпе-жек шебері Жалғас Тортұловты мысал ре­тінде айтуға болады. Ол Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылынан келді. Алдымен бокс­тан республикалық жарыстарда топ жара бастады. Бүгіндері білікті бапкерлердің бірі. Бұл тәжірибені жалғастыра беру керек.

– Жамбыл Серғазыұлы, ер­тең алауы жағылатын Олим­пиада тақырыбына ойыссақ. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеге екі-ақ жерлесіміздің қатысуы теріскейде спорттың қандай деңгейде екенінің көрсеткіші емес пе?

– Спорт – ауыр жол. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Спортшылар бірде алтын алса, бірде мүлдем жүлдесіз оралады. Мұ­ның барлығын дайындыққа немесе бапкердің кәсіби деңгейіне сырып тастауға болмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихымызға үңілсек, Олимпиадаға кем дегенде бір спортшымыз аттанады. Атлеттеріміздің ара­сында Олимп шыңын бағындырған Александр Винокуровты ерекше атап өткен жөн. Олимпиадада бір емес, екі медаль иеленген оның сара жолы – өз­гелерге өнеге. Биыл Алексей Луценко атақты жерлесіміздің ізін жалғап, Парижде жүлдегер атанатынына сенімдімін. Себебі бұ­ған дейін өткен халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті.

Ал биылғы жылғы Олимпиадаға екі-ақ спортшымыздың ат­тануын буын алмасу үрдісінен деп білемін. Мәселен, Данияр Кә­леновтің мүмкіндігі болды, бі­рақ жасы жетті. Енді ол жастарға жол беруі қажет деп ойлаймын. Нұрқожа Қайпановқа Олимпиадаға қатысуға сәттілік жетпеді. Бұл әрине – өкінішті. Бірақ ол әлі талай жарыстарда төбе көрсетеді деп ойлаймын.

Қуаныштысы, брейкингтен жерлесіміз жолдамаға ие болды. Әмір Зәкіров АҚШ-та, Мәскеуде өткен додаларда ел намысын қорғап жүргенін білеміз. Жырақта жүрсе де, жарыстарға Қазақстанның атынан қатыса­тыны қуанышты. Егер ол жүлдегер атанса, бұл спорт түріне деген қызығушылық артатыны сөзсіз.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp