“Арабеск” би ансамблі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен “Планета искусств” атты халықаралық байқауда 8 қола, 4 күміс және 3 алтын медальға қол жеткізді.
Қазақстанның атынан барған жалғыз би ұжымы айтулы додада ел намысын абыроймен қорғады. Жүзден астам жерлесіміз сахнада өз өнерлерін паш етті. Қатысушы Виолетта Крутикованың айтуынша, бұл байқауға ұжым бір жыл бойы дайындалған.
– Біз 106 адамнан тұратын 7-ден 20 жасқа дейінгі 7 топ құрдық. Бұл байқаудан алған әсеріміз керемет. Алып шаһар да ерекше көңіл күй сыйлады. Өнерімізге қазылар алқасы тәнті болды, кей тұста кәсіби кеңестерін берді. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Қазір маусым аяқталуда, қыркүйек айында тың күшпен қайта іске кірісеміз. Алдағы уақытта Грузия, Өзбекстан мен Ресейде өтетін байқауларға қатысуды жоспарлап отырмыз, – деді “Арабеск” би ансамблінің жетекшісі Татьяна Кравченко. Бұл би ансамблінің үлкен құраммен қатысқан ең алғашқы байқауы екенін атап өткен жөн.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.