«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІРДЕЙ ТЕМКЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірде темірдей тәртіпті сүйетін, өзіне де, өзгеге де талабы қатал адамдар болады. Олар қай жерде, қай салада еңбек етпесін, нәтижесін көрмейінше шаршау, шалдығу дегенді білмейді. Осы жанкештілігінің арқа­сында үнемі ісін тап-тұйнақтай қылып қояды. Бірақ қанша талапшыл болғанымен, мейірімі мен ізгілігі жанындағыларды жылытып, бірлесе жұмыс істеуге ынталандырып отырады. Бұл санаттағы адамдар­дың ісі әрдайым өрге домалайды. Темірғали Текебас­ұлы Әбілмәжінов – осындай адам. Бай тәжірибесі, өмірден жиған парасат-пайымының арқасында бүгін­де әріптестерінің, дос-жарандарының ортасында беделі жоғары, мейірбан әке, сүйікті ата. Темірғали Те­кебасұлының өмірбаянына үңілер болсаңыз, тағдыр-талайына жазылған сынақтың аз емес екенін көрер едіңіз. Және соның бәріне қайсарлықпен төтеп беріп, өзіне артылған сенім жүгін абыроймен арқалап келеді.

Темірғали Текебасұлы 1954 жылғы 27 шілдеде қазіргі Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылында туған. Біреу білсе, бі­реу білмес, бұл жердің байырғы атауы – Көбеш. Ерке Есілден алыс емес, жанға да, малға да жайлы. Атасы мен әжесінің сүйікті немересі, бұла өскен ерке бала. Ауылдың қарадома­лағы кішкентайынан ат мініп, мал қайырды. Той-тома­лақ­тар­да бәйгеге шауып, мерейі үс­тем болды. Қаршадайынан ал­ғыр, зерек, өнерлі. Ән салып, домбыра тартып, тең-құрбысының алды атанды. Мектепте оқып жүргенде-ақ талантымен танылып, облыстық көркем­өнер­паздар байқауында жеңім­паз атанады. Одан кейін Алма­тыда дүркіреп өткен республи­калық байқауда жүлдегерлер қатарынан көрінеді. Мұнымен де тоқталмай, қазылар алқасы оған Мәскеуде өткен Қазақстан­ның 50 жылдығына арналған көрмедегі концертке жолдама беріп, үлкен сахнада қазақтың әнін әуелетеді.

Ұстаздары Темірғалидан зор үміт күтті. Болашақта әнші­лік дарынын шыңдап, үлкен сах­наларға шығады деп болжап та қойған еді. Бірақ Темкең басқа мамандықты таңдады. Өмірін ұстаздыққа арнауды жөн сана­ды. Мектепті тамамдағасын Жи­томир педагогикалық институ­ты­на түсіп, 1977 жылы диплом алып шықты. Украина жерінде де бойындағы дарынымен жарқы­рай көрінді. Онда да кон­церттер ұйымдастырып, қазақтың өнерін паш етуден танған жоқ. Оқу орнын тамамдағасын туған жеріне оралып, Тимирязев ау­данында еңбек жолын бастады. Алғашында Степной ауылын­дағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. Екі жылдан соң қо­лынан іс келетін жас мұғалімнің қарым-қабілетін байқаған басшылық Сулы ауылындағы сегіз жылдық мектепке директор қылып тағайындады. Бұл жа­лынды жас жігіттің мансабының басы еді.

– Бәріміз ауылда өстік қой. Мен де кішкентай ғана ауылда ер жеттім. Сондықтан қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ма­ңыз­ды рөл ойнай­ды. Әкенің тәр­биесі – бұл өмірде­гі басты қағида. Біз үйде бес ағайындымыз. Әке-шешеміз біз­ге әрқашан үлгі болды. Оған қоса мектептегі мұғалімдеріміз де біліммен сусындатып қана қоймай, жақсы адам болуға бау­лыды. Осының бәрі менің міне­зімнің қалыптасуына ықпал етті. Қай жерде қандай қызмет етсем де, ата-анамның, мұғалімдерімнің еңбегін ақтауға тырыстым, – дейді Темірғали Те­кебасұлы.

Қай істі болсын ұршықша үйіріп әкететін іскерлігі мен та­лап­шылдығының арқасында 1980 жылы партия қызметіне ауысып, облыстық комсомол ко­митетінің нұсқаушысы болады. Мемлекеттік қызметте де та­быс­ты еңбек етті. Облыстық әкім­дікте, Премьер-министрдің кеңсесінде де біраз жыл жұмыс істеп, Атырау, Павлодар, Қара­ғанды облыстарында білім беру саласындағы сапаны бақылау департаменттерінде, Шығыс Қа­зақстан облысында аудан әкімі лауазымында қызмет атқарып, іскерлік көкжиегін кеңейте түсті. Мемлекеттік қызметте және биз­несте жинаған тәжірибесі өмір­де көп көмегін тигізді. Жылдам шешім қабылдау, қызметкер­лер­ді ортақ іске жұмылдыра білу секілді қасиетінің арқасын­да абыройы биіктеді. Бірақ адам­ның талайына жазылған тағдыры бар емес пе, біраз уа­қыттан соң өзі таңдап алған жол – білім беру саласына қайтып оралды. 2008 жылы Солтүстік Қа­зақстан облыстық білім басқар­масының бастығы болып та­ғайындалды. Жиған мол тәжірибесін туған өлкесінің білім беру саласын дамытуға жұмсады.

– Темірғали Текебасұлымен облыстық жастар ісі, туризм және спорт комитетінде еңбек етіп жүрген кезде таныстық. Кейін қарамағында облыстық білім басқармасында, кейін білім беру саласының сапасын қадағалау департаментінде ең­бек еттім. Ол кісімен жұмыс іс­теу қызық әрі жеңіл. Қарамағын­да­ғылармен тез тіл табысатын қасиеті бар. Қандай жағдай бол­сын байыбына бармай шешім қабылдамайды. Және ең басты­сы құшағы кең, бәріне қол ұшын созуға дайын. Шешімді тез қа­былдайды, ұжымды ұйымдас­ты­ра біледі. Қазақша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы адам, – дейді білім беру саласының ар­дагері Татьяна Гапчич.

Темкеңнің тағы бір қасиеті – көпшілдігі. Жүрген жерін үнемі той-думанға айналдырады. Сон­дықтан да болар досы көп. Сөзге берік, бауырмал. Әріптес­терінің арасында да достары көп, бірақ жұмыс дегенде та­ла­бынан таймайды. Өйткені абы­ройды бәрінен биік қояды.

– Темкеңмен 1983 жылдан бері доспыз. Жас маман болып келген кезде үйіне дәмге шақыр­ды. Содан кейін ағамдай бо­лып кетті. Қызық-қуанышымызды бірге көтерісіп келеміз. Қазір балаларымыз да дос. Өзі де ешкімді жатырқамайтын ашық адам ғой. Өте сезімтал басшы, бәрін мұқият тыңдап, қысылған адам болса көмектесуге әзір тұ­рады. Әнші, домбыра мен гита­раның құлағында ойнайтын өне­рі бар. Нағыз жаны жайсаң, жү­регі жұмсақ адам. Бірақ жұмыс­та қатал. Басшы ретінде талапшыл, принципке берік. Осы қасиеттерімен қайда жүрсе де сый-құрметке бөленіп жүр, – дей­ді Қазақстан оқу-ағарту, ғы­лым және жоғары білім қызмет­керлерінің салалық кәсіптік одағының Солтүстік Қазақстан об­лыстық ұйымының төрағасы Берік Аюпов.

Темірғали Текебасұлы жет­піс жасқа толады. Жылдар биігі­нен қарасаңыз аз ғұмыр емес, әрине. Бірақ адамның толып-піскен, ақыл-ойы кемелденген кезеңі десек артық болмас. Өмір жолындағы өткелдерден өтіп, бар тәжірибесін елдің ертеңіне жұмсайтын дер шағы. Темкең аттан түскен жоқ, атап айтар болсақ, бүгінде мемле­кеттік, банк мекемелері мен қо­ғамдық қызмет көрсету салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына жетекшілік етеді.

– Әр адам өзінің ісінің дұрыстығына алдымен өзі сенімді болуы керек. Сонда ғана өзгелерді алға бастай алады. Институт бітіріп келе сала бір­ден мектепте оқу ісінің меңге­рушісі қылып қойды. Отыз жыл­дан артық еңбек етіп келе жат­қан білікті мамандарға басшы болу оңай емес. Сондықтан өзі­ңе сенімді болсаң ғана абы­ройлы боласың. Содан бері осы ұстанымнан тайған жоқпын. Әрине, темірдей тәртіп керек. Тәртіп дегеніміз алдымен өзіңнен басталады. Шамам келген­ше біреуге талап қоймас бұрын, алдымен өзімді сол талапқа сай болуға тәрбиеледім. Қазір со­ңымыздан еріп келе жатқан жас­тардың жетістіктеріне қуанып отырамын. Біздің болашағымыз – жастар, сондықтан бала тәрбие­сіне мұқият болуымыз ке­рек, – дейді Темірғали Текебасұлы.

Қазақ өмірді қамшының сабындай ғана қысқа дейді. Бірақ сол қысқа ғұмырын мәнді, ма­ғыналы өткізу әр саналы адам­ның міндеті болса керек. Біздің кейіпкеріміздің жүріп өткен жолы – өзгеге үлгі боларлықтай тағылымды екені даусыз.

Сағындық РАХЫМЖАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp