«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ЖҮРЕГІ – КҮЙСАНДЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру.

Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастарды рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады. Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі, дарындылық іс-әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз.

Балаға ұлттық тәрбие беру керек. Олай дейтініміз, ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал болып саналады. Сондықтан да болар ата-бабаларымыздан қалған “Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле”, – деген өсиет бар.

Ұрпақ сабақтастығының арқасында адамзат баласының сәт сайын өзгеріп, өрлей дамыған саналы тірлігі жалғасуда. Адамзатқа ғана бұйырған бұл дамудың бағбаншысы – тәрбие. Тәрбие дегеніміз – аға буынның кейінгі ұрпаққа мирас етіп табыстар озық тәжірибесі, үлгі-өнегесі, әдет-ғұрып, рухани байлығы болса, халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға қалдырған өлмес мұрасы.

Қоғамымыздағы кездесетін кейбір келеңсіз жағдайлар – ділден, діннен бездіретін теріс пиғылға, арбау мен алдау, ұрлық, әділетсіздік пен қайырымсыздық, нашақорлық атаулыға тосқауыл болатын жол табу қажет. Оның тиімді жолы – халық педагогикасына сүйенген ұлттық тәрбие.

Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі. “Адамзат ұрпағымен мың жасайды”, – дегендей ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де халықтық мәселе болған. Бүгінде мектеп оқушыларының түрлі тәртіпсіздікке жол бермеуінде, үлкен мен кішінің жарасты сыйластығын қалыптастыруда, ағайын-туыстардың ауызбіршілігін орнықтыруда әкелердің ықпалы ыдырап, аға буынның тыйым салмауы олардың тәрбиесіне балта шабуда. Өзімнің сараптауым бойынша, бұрындары әкелер ұлдарын қастарына ертіп ел аралайтын еді. Онда барған үйлерінің үлгі болар істерін көңілдеріне түйіп қайтатын. Ал қазір әкелер емес, шешелер сөйлейтін заман болды. Халқымыздың болашағы – ұрпақ тәрбиесінде екендігін кейбір аналар біле ме екен?! Тәрбие жетілген сайын, халық соғұрлым бақытты болатындығы тарихи дәлелденген. “Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру”, – делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында.

Менің ойымша, мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды, уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді. Балалар – біздің болашағымыз. Біз жаңа қоғамды ғана емес, жаңа тұлғаны қалыптастырамыз. Сондықтан ұстаз шәкіртін түсініп, сеніп, дос болуы керек. Шәкірт пен ұстаз арасында достық сезімнің берік болуы аса маңызды. Бала жүрегіне жол таба білмеген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады, бала ерегіскіш келеді.

Бала тәрбиесі – үлкен өнер. Әр балаға әртүрлі тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң да жетеді, екіншісіне мінез-құлқына қарай басқа амал тапқан дұрыс. Бала жүрегі кішкентай ғана күйсандық, ол кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімдердің қолында әр кез сол кілт жүру керек.

Өмірін осы қызметке арнаған, шәкірт бойына өнерін, бойындағы барлық қасиеттерін дарытқысы келетін адамды нағыз ұстаз деп атауға болады. Олай дейтінім, ұстаздар – болашаққа ізгілік нұрын себушілер. “Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады”, – дегендей өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ғана тәрбиелей алады. Сонда ғана жастар болашағының шоқтығы биік болмақ. Ендеше ізгілік нұрын себуші, жол нұсқаушы ұлағатты ұстаздар, осы ұлы жолда шаршамайық, адал еңбек етейік.

Нұрсұлу АҚТАНОВА,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp