«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тазалық сақтау – тәрбиеден

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда ғаламторда бір суретті көзім шалды. Адамдар жүрген жер мен жабайы аңдардың мекені – табиғат аясы бейнеленіпті. Бір қарағаннан-ақ кімнің жабайы екенін түсінесің. Жер бетіндегі ең саналы тіршілік иесі болғанымызбенен әрекетімізден жабайылық белгілері жиі көрініс табаныны өкінішті. Өткенде жолда келе жатқанда осыған тағы бір мәрте көз жеткіздім. Біздің алдымызда кетіп бара жатқан көліктің жүргізушісі терезесін ашып, қоқыс толы дорбаны жолдың жиегіне лақтыра салды. Менің айтарға сөзім, атарға оғым болмады. Қасымда отырған қызым басын шайқады. Жол жиегіне тоқтап, әлгі қоқысты ауылдың маңындағы полигон алаңына апардық. Егер мен өтіп кетсем, сол қоқыс дорбасы жол жиегінде неше күн жатары белгісіз. Маңайға шашылып, айналаның сұрқын қашырушы еді.

Бұл – жолда жиі кездесетін құбылыс. “Табиғатты қорғау керек. Табиғат – ортақ үйіміз. Экологиялық ахуал нашарлады, тазалық – денсаулық кепілі” деген жаттанды сөздерді жиі қайталағанымызбен, қоғамның кейбір мүшелері осының мағынасын әлі күнге дейін түсінбей жүргендей көрінеді. Қоршаған ортаны таза ұстау – бәрімізге ортақ міндет. Экологияны сырттан келіп біреу бүлдірмейді, өзіміздің іс-әрекетімізбен зиян тигізіп жатқанымызды аңғармаймыз. Биыл елімізде республикалық экологиялық “Таза Қазақстан” акциясы ұйымдастырылды. Оған барлық өңір, ауыл-аймақ жұдырық болып жұмылып, атсалысып жатыр. Аталған акцияның аясында қаншама шаруа тындырылды. Көктемгі тасқын судан кейін пайда болған қоқыстар тазартылды. Апаттан кейінгі қоқысты ел болып тазартып аларымыз анық. Ал күнделікті өмірдегі қоқыс тастағыштарды қалай тыямыз? Елдегі көптеген экологиялық мәселелер осылай бей-берекет шашылған қоқыстан басталады. Соңғы жылдары өңірімізде рұқсат етілмеген жерлерде тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстарды жою бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сол қоқыстарды тастағандар – сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Біреудің қоқыс шашқанын көрсе, ескерту жасаудың орнына оның әрекетін қайталайды. Осының салдарынан ауыл-аймақтардың маңайында үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар көбейіп кетті. Ал оны жою үшін қаншама қаржы бөлінді. Егер қоғам саналылық танытса, мұндай мәселе орын алмас еді, жұмсалған қаржы басқа саланы дамытуға бөлінер еді. Мәдениетті болсақ, тәртіпті сақтасақ, келер буын бізден өнеге алады. Ал аталған жағдайға жүрдім-бардым қарасақ, күні ертең қоқыстың ортасында отырарымыз анық. Сондықтан ұядай үйімізді қалай таза ұстасақ, жүрген жерімізді, қоршаған ортаны ластамай, қоқыс шашпай жүрейік.

Дархан ҚАНАТ,

Преснов ауылының тұрғыны.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp