«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстаз мәртебесі — ұлт беделі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: “Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі” деген өміршең ой айтқанын қалай ұмытарсың! Бұл сөз қазақ қоғамындағы ұстаздың орнын анықтап тұр.

Әрбір жасөспірімнің қалыптасуында екі үлкен фактор маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бірінші – отбасы, екіншісі – өскен ортасы. Ал отбасынан алған тәрбиені дұрыс өрбіту – мектеп мұғалімінің міндеті. Осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма жиырма екі жыл болды. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолымдағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жету.

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін – ол ертеңгі қоғам мүшесі, болашақ иесі. Күн сайын алдымдағы білсем, көрсем деген құштар көңіл шәкірттеріме қарап отырып, ойланамын. Еліміздің үкілі үміті – балғындардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштей сезінемін. Сыныптағы балалардың бірі зерек те алғыр, кейбірі ойлы да баяу. Менің бәріне беретін ілім мазмұны мен қояр талабым бірдей де, олардың ақпаратты қабылдауы түрліше. Ендеше әрқайсысының жүрегіне жол тауып, зейінін оята білуім керек. Тиісінше өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым да жоғары болуы тиіс.

Мен мұғалім мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Мектепте оқып жүргенде-ақ өзімді іштей дайындап, болашағымды елестететінмін. Бүгінде мен – заман ағысына сай біліммен қаруланған, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып, қалыптасып келе жатқан қатардағы жаңашыл мұғаліммін. Соңғы үш жылды саралай отыра, дарынды оқушыларымның халықаралық, республикалық, облыстық түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, диплом, грамота, мақтау қағаздарымен марапатталуы еңбегімнің нәтижесі деп есептеймін.

Алғашқы қоңыраудың сылдырымен бірге мұғалімнің жарқын жүзі, айқын үні, көркем бейнесі кез келген жанның жүрегінен орын алатыны анық. “Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек”, – демекші, жаңа ғасыр мұғалімінің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана еңбегіміз өз жемісін береді. Сол кезде біздер де “Үздік ұстаз” деген ардақты атаудың шын иегері атанамыз.

Әсел МУСИНА,

Әл-Фараби мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp