«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ БӘРІ ОЙДАҒЫДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірнеше мәселе мен бір тәртіптік іс қаралды. Алдымен жиналғандар облыстық әкімдіктің Әдеп жөніндегі уәкілінің өткен жарты жылдықта атқарған жұмыстары бойынша ақпаратын тыңдады. Кейін Мағжан Жұмабаев ауданының жергілікті атқарушы органдарында қызмет тәртібін нығайту, сыбайлас жемқорлықтың, тәртіптік теріс қылықтардың алдын алу, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және қызметтік әдеп нормаларын бұзуды, құқық бұзушылықтарды болдырмау жайы сөз болды.

Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің теріс әрекетке баруына жол бермеу, оларға қатысты БАҚ-та анықталған теріс жарияланымдарды талдау қорытындылары, тәртіптік комиссиялардың 2024 жылғы бірінші жарты жылдықтағы қызметі туралы айтылды. Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі аппаратының, Тимирязев және Ақжар аудандарының тәртіптік комиссияларының төрағалары атқарылған жұмыстар туралы баяндады

Кейін Есіл ауданындағы Волошинка ауылдық округінің әкімі Виталий Кочергинге қатысты тәртіптік іс қаралды. Өткен жылдың қазанында ауылдық әкімдік мемлекеттік сатып алу туралы мердігермен шарт жасасқан. Оған сай 2 млн. теңгеге Волошинка ауылында бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс болған. Алайда жұмыстар тек қағаз жүзінде жүргізілген.

– Акт бойынша 6 қараша күні тиісті жұмыстар толық аяқталған. Дәл сол күні ауылдық округ әкімі жұмыстардың аяқталғаны туралы құжатқа қол қойып, қаражат қызмет көрсетушінің шотына аударылған. Талдау барысында камералардың орнатылмағаны, құрылғылардың ауылдық округ әкімдігінің қоймасында жатқаны анықталды. Осылайша Волошин ауылдық округінің әкімі тәртіп бұзып, мемлекеттік қызметшінің абыройына дақ түсіретін әрекетке барып отыр, – дейді Есіл ауданының прокуроры Талғат Салпықов.

Виталий Кочергин өз кінәсін мойындап, қазіргі таңда камералардың орнатылғанын жеткізді. Қателікке тәжірибесінің аздығы мен отбасылық жағдайлар себеп болған.

– Бұл қызметке 2022 жылы келдім. Жұмыс барысымен енді ғана танысып келемін. Білместікпен қателік жібергенімді мойындаймын. Аталған жайтқа отбасылық мәселелер де себеп болды. Әйелім ауырып, соның емімен жұмыстан сұранған едім, – дейді ауылдық округ әкімі.

Істі қараған кеңес мүшелері бір ауыздан ескерту беру туралы шешім шығарды. Егер қателік қайталанса, қатаң жаза қолданылатын болады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp