“Qyzyljar Аrt” орталығында “Жастар рухы” жастар қанатының облыстық филиалы мен “Мансап” орталығы жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізді.
Жұмысқа орналасуға, болашақ мамандарға кәсіби бағдар беруге бағытталған шараға облыстағы он бес шақты мекеме қатысты. Солардың ішінде “Қазпошта” акционерлік қоғамының облыстық филиалы, “СевКазэнерго”, “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бос жұмыс орындарын ұсынды. “Жастар рухы” жастар қанатының өкілдері жәрмеңкеге шамамен 85 адам қатысқанын, мамандар “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты” бағдарламалары және “enbek.kz” порталымен жұмыс істеу бойынша түсіндіру жүргізгенін айтты.
– Жәрмеңкеге келген жастардың 16-ы бос жұмыс орындарын ұсынған ұйымдармен келісті. Жұмыс берушілерге заңгер, IT, бағдарламашы, кеңесші, менеджер мамандары қажет. Мұндай жәрмеңкелер жыл сайын бірнеше рет өтеді. Өйткені осындай жәрмеңкелерді өткізу жастар үшін маңызды. Алдағы уақытта игі іске жұмыс берушілер мен жастарды көптеп тарту көзделген, – деді “Жастар рухы” жастар қанаты облыстық филиалының кеңесшісі Бекзат Латыпова.
Жәрмеңке барысында екі қолға бір күрек іздеген жандарға еңбекақы, еңбек шарттары мен еңбек қауіпсіздігі жөнінде толық мағлұмат берілді. Бұл шараға жұмыссыздар ғана емес, биыл жоғары оқу орны мен колледж тамамдаған түлектер де қатысты. Мәселен, Әлішер Қайрат М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін биыл бітірген. Мамандығы – тамақ өнеркәсібі технологы. “Мансап” орталығының өкілдерімен сөйлесіп, жастар тәжірибесі жобасына қатысуға ниетті. Облыс орталығында ұйымдастырылған осындай шаралардың арқасында өзі сияқты тәжірибесі жоқ жастар жұмыс таба алатынына сенімді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.